​ҰЗАТЫЛҒАН қызды КӨТЕРІП ӘКЕТУ – қайдан шыққан салт?

0
124

Қызды сүйрегендей қылып жүгіртуге де қарсы пікір көп


​ҰЗАТЫЛҒАН қызды КӨТЕРІП ӘКЕТУ – қайдан шыққан салт?

Сурет: ЖИ

Әлеуметтік желіде қыз ұзату тойларынан түсірілген видеоларда қалыңдықты күйеу жігіттің көтеріп әкетуі немесе қолынан жетектеп жүгірте жөнелуі жиі талқыға түсіп жатады. Бірі мұны «тойдың қызығы» десе, енді бірі ұзатудағы қыз салтанатының көрінісіне нұқсан келтіреді деп қабылдайды.


Қыз ұзату – қазақ үшін жай той емес, екі әулеттің арасын жалғайтын, ата-ананың ақ батасын беріп, қызын жаңа өмірге шығарып салатын ерекше күн. Бірақ соңғы кезде ұзату тойының соңындағы кейбір көріністер көпшіліктің пікірін екіге бөліп жүр. Кей тойларда жігіт қызды құшағына көтеріп, залдан алып шығады. Ал енді бірінде қалыңдықты қолынан жетектеп, асықтыра жүгіртіп әкетеді. Мұндай сәттерді біреулер көңілді дәстүр деп қабылдаса, енді бірі оған қарсылық білдіреді. Дәл осы екі әрекет қуаныштың нүктесін әдемі қоюға кедергі жасайтындай.



«Мен мұндай көріністі алғаш көргенде таңғалдым»

Жақында әлеуметтік желіден осындай видеоны көрген Дастан есімді оқырманымыз өз пікірін білдірді. Айтуынша, қыздың ұзатылуы – ең алдымен оның өміріндегі маңызды әрі толқулы сәт. Сондықтан сол сәтте қалыңдықтың өзін қалай сезінетініне көбірек мән берген жөн.


Дастан Е.:

«Қызды күйеу жігіттің көтеріп әкеткенін көргенде, біртүрлі сезімде болдым. Әрине, олардың бір-бірін жақсы көретінін, бұл әрекетті әзіл ретінде қабылдайтынын жоққа шығармаймын. Бірақ қыздың ұзатылып бара жатқан сәтін көпшілік алдында осылайша көрсету міндетті ме деген сұрақ туады»

Оның пікірінше, қалыңдықтың келісімі мен қалауы бірінші орында тұруы керек.

«Мүмкін, қыздың өзі бұған қарсы емес шығар. Онда мәселе жоқ. Бірақ кейде тойда бір адам бастап кеткен дүниені өзгелер де қайталап, «қазір осылай жасау керек» деген түсінік қалыптасады. Қыздың өзін ыңғайсыз сезініп тұрғаны байқалса да, бәрі күліп, қол шапалақтап тұрады. Меніңше, осы тұсы ойлантады» дейді оқырман.

«Ұят та болса, айтайын» деп сөзін жалғаған ол «Қалыңдығын көтерерде кей жігіттің тізесі дірілдеп қалатыны, кейде етек жайсыз түріліп қалатыны да рас. Осының өзі көп адамда ыңғайсыздық сезімін туғызады» дейді.


«Салт деген сөз бәрін ақтай алмайды»

Оқырманның тағы бір айтқаны – қалыңдықты жүгіртіп әкету дәстүрге айналып бара жатқаны.

«Кейбір тойларда күйеу жігіт қалыңдықтың қолынан ұстап, оны залдан асықтыра алып шығады. Көлікке дейін сүйрегендей қылып жүгіртіп апарады. Қалыңдық та ілесе жүгірем деп біресе етегімен, біресе басындағы сәукелемен алысып, абыржып қалады. Мұны «салт» деп түсіндіретін адамдарды да көрдім. Бірақ қандай да бір әрекетке салт деген атау берілгенімен, оны ойланбай қайталай беру дұрыс емес сияқты. Дәстүрдің мәні адамды ыңғайсыз жағдайға қалдыру емес, керісінше, қуанышты әрі мағыналы рәсім жасау ғой» деді ол.

Оның сөзінше, қазіргі тойларда кейбір дәстүрлердің мазмұнынан гөрі сыртқы көрінісіне көбірек мән беріліп кететін жағдайлар бар.

«Қыз ұзату кезінде ата-анасымен қоштасу, ақ бата алу, туған-туыспен көрісу сияқты сәттердің өз салмағы бар. Ал қызды көтеріп әкету немесе жүгірту сол маңызды сәттердің бәрін көлеңкеде қалдырып кетпей ме?»


«Біреуге қызық болған нәрсе екіншісіне ұнамауы мүмкін»

Әрине, мұндай көріністердің барлығын бірдей дұрыс емес деп айтуға болмайды. Егер қалыңдық пен күйеу жігіт мұндай әзілді алдын ала келісіп, екеуі де оны көңілді сәт ретінде қабылдаса, бұл – олардың жеке таңдауы.

Алайда тойда жасалған әрбір әрекет көпшіліктің алдында өтетіндіктен, жастардың, әсіресе бойжеткеннің ата-анасының ойы да ескерілгені жөн.

«Менің қарсылығым – қызды көтергеннің немесе жүгірткеннің бәріне емес. Менің айтқым келетіні – қалыңдықтың өзіне және қыз беріп жатқан ата-анаға ұнай ма, ұнамай ма, соны ескерейік. Тойдың қызығы үшін адамды ыңғайсыз жағдайға түсірмеу керек», – дейді оқырман.


«Қыз ұзату – шоу емес, үлкен өмірге шығарып салу»

Оқырманымыздың айтуынша, қыз ұзату тойындағы ең әсерлі көрініс – қалыңдықтың ата-анасымен қоштасып, жаңа отбасыға қадам басуы.

«Меніңше, қызды ұзату – «Кім қалай ерекше шығарып салды?» деп жарысатын шоу емес. Бұл – ата-ананың баласын өзге шаңыраққа шығарып салатын күні. Сондықтан сол күннің мәнін жоғалтпайық. Күйеу жігіттің қалыңдығын көтеріп әкетуі екеуіне де ұнаса, өз еріктері. Бірақ оны міндетті дәстүр сияқты қабылдамау керек», – дейді ол.


2022 жылы Massaget.kz Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Тарих факультеті Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Бибизия Кенжебекқызымен осы мәселені арнайы талқылаған.

Профессордың айтуынша, қалыңдықты ұзату кезінде күйеу жігіттің көпшілік алдында көтеріп алып кетуі қазақтың дәстүрлі салтында болмаған. Оның түсіндіруінше, бұрын «Қыз аттандырар» рәсімі болған. Бұл кезде қызды үйден шығару міндетін жеңгелері, іні-жезделері атқарған. Қызды екі жеңгесі қолтықтап алып шыққан, ал қыз жақтың үлкендері жастарға бата беріп, жол жүруге рұқсат берген. Кейбір этнографиялық деректерде қызды атқа отырғызарда ағалары немесе жезделері көтеріп мінгізгені айтылады.


Біз көтеріп отырған тақырып үшін өте маңызды айырмашылық: қызды көтеріп алып кету мен қызды атқа мінгізуге көмектесу – бір нәрсе емес.

Этнограф Досымбек Қатранұлы да қазіргі ұзатуларда күйеу жігіттің қалыңдықты көтеріп немесе қолынан ұстап алып кетуін кейін пайда болған үрдіс деп түсіндіреді. Айтуынша, дәстүрлі ортада қыз ел-жұртымен қоштасып, сыңсу айтқаннан кейін жігіттің жеңгесі мен жездесі оны атқа мінгізіп алып кеткен. Қыз жақтан тағы бір жеңгесі мен жездесі бірге барған. Ол қызды екі жеңгесінің алып шығуын дәстүрге жақын деп бағалаған.

Дәстүр уақыт өте өзгеріп, әр буынның түсінігіне қарай жаңғырып отырады. Сондықтан тойдағы әрбір әдетке «бұрыннан келе жатқан салт» деп қарамай, оның мәні мен қазіргі адамға қаншалықты үйлесетінін де ойланған жөн.

Бәлкім, қыз ұзатудың сәні – қалыңдықты қалай алып шыққанында емес, оны ата-анасы қандай ақ тілекпен шығарып салғанында шығар.

Жазып алған: Х. ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ГҮЛ ЛАҚТЫРУ орнына «МОЙЫН ТАСТАУ» жасасақ, жарасар еді