Ролик 40 мыңнан астам қаралым жинады.
Бейнежазбадан кадр
ERNUR.KZ. Астана тұрғыны жағалаудан жануарды көріп, оны алғашында қашып кеткен үй жануары деп ойлаған. Кеміргіш бейнеленген видео 40 мыңнан астам қаралым жинап, әлеуметтік желі қолданушылары кадрға нақты кім түсіп қалғаны туралы таласа бастады, деп жазады tengrinews.kz.
"Семіз атжалман" - видео
Гүлжазира есімді Астана тұрғыны әлеуметтік желіде таңғаларлық кездесуін бөлісті. Оның айтуынша, ол жануарды кеше, 27 қыркүйекте жолықтырған.
"Пирамида артындағы жағалаудан осындай семіз атжалманды көрдім. Біреудің үй жануары қашып кеткен болар деп ойладым. ChatGPT Астанада олардың көп екенін айтады. Қалада атжалманды алғаш рет көруім", - деді ролик авторы.
Ролик 40 мыңнан астам қаралым жинады. Желі қолданушылары кадрдағының кім екенін болжай бастады. Көбісі мұны кейде үйлердің маңынан кездестіруге болатын жабайы атжалман деп болжады.
- "Бұл - атжалман. Түрі сүйкімді болғанымен, өте агрессивті болуы мүмкін. Сондықтан оған жақын бармаған дұрыс".
- "Бұл жабайы атжалман, карбыш. Астанада үйлердің жанында да кездеседі".
- "Осыдан екі жыл бұрын астаналық бір қыз да осындай атжалманды видеоға түсіріп, иесін іздеген еді. Оны біреу далаға тастап кетті деп ойлаған".
Маман не дейді?
Астана тұрғынының видеосындағы қандай жануар екенін анықтау үшін біз териолог Алексей Грачевтің пікірін білдік. Ол видеода кәдімгі атжалман бейнеленгенін, бұл жануардың Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізіміне "Жойылып кету қаупі өте жоғары түрлер" санаты бойынша енгізілгенін айтты.
"Видеода кәдімгі атжалман бейнеленген. Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізімінде ол жойылып кету қаупі төнген түрлерге жатады, алайда бізде бұл өте көп таралған жануар. Ол Астананың дәл орталығында да мекендейді", - деді "Зоология институты" РМК териология зертханасының меңгерушісі Алексей Грачёв.
Териолог жабайы атжалмандарды қолмен ұстамауға шақырды. Оның айтуынша, олар паразиттер мен түрлі инфекцияларды тасушы болуы мүмкін.
"Кәдімгі атжалманнан паразиттердің ондаған түрі, соның ішінде гельминттер, қарапайымдылар, бүргелер мен кенелер табылады. Сондай-ақ, бұл жануарлар адам үшін қауіпті бірқатар аурулардың, соның ішінде энцефалит, лептоспироз, құтыру және басқа да инфекциялардың қоздырғыштарын тасымалдауы мүмкін екендігі туралы мәліметтер бар", - деп атап өтті териолог.
Мамандар жабайы жануарды ұстамауға, оны ұстап алуға немесе үйге алып кетуге тырыспауға шақырады. Сондай-ақ оны қолға үйретудің немесе қолдан тамақтандырудың қажеті жоқ. Мұндай кішкентай жануарды жолықтырған жағдайда, оған жақындамаған, артық шу шығармаған және оның табиғи мекеніне өз бетімен кетуіне мүмкіндік берген абзал.


