​КОСМЕТОЛОГтың БІЛІКТІЛІГІН білдіретін 10 белгі

0
125

Мықты маманды таңдауда неге мән беру керек?


​КОСМЕТОЛОГтың БІЛІКТІЛІГІН білдіретін 10 белгі

Сурет: ЖИ

Косметологиялық процедураға жазыларда ең әуелі танымал брендтер мен заманауи трендтерді іздейтініміз жасырын емес. «Ботoкс салғызған дұрыс па әлде филлер ме?», «Лазерлік ажарландыру шынымен тиімді ме, әлде жарнамасы асыра сілтенген бе?» деген сияқты сұрақтар әлеуметтік желілер мен қыздар арасындағы әңгіменің арқауына айналып жатады.

Дегенмен, бұл саладағы ең басты мәселе таңдаған препаратыңыз да, аппаратыңыз да емес. Ең бірінші қойылуы тиіс негізгі сұрақ: «Бұл процедураны маған кім жасайды?»

Себебі кез келген процедураның сәтті шығуы препараттың құрамы мен бағасына ғана емес, жасаған маманның біліктілігіне де тікелей байланысты. Бір препарат екі түрлі маманның қолында мүлдем басқаша нәтиже беруі мүмкін.


Өз денсаулығыңыз пен сырт келбетіңізге тәуекел етпей, шынымен сенім артуға болатын кәсіби косметологты қалай тануға болады?

1. Сатушы сатуға тырысады, дәрігер ақылға шақырады

Инъекциялар мен аппараттық әдістер маникюр, макияж сияқты жай ғана сұлулық процедурасы емес. Бұл – ағзаға медициналық араласу. Мұндағы кішкентай ғана бір қателіктің салдары ауыр болуы мүмкін. Қайтарымы – қан тамырларының окклюзиясы, күйік, беттің асимметриясы, т.с.с. болуы әбден ықтимал.

Жақсы косметолог маман өнімдері мен қызметін сатуды ғана ойламайды, сізді артық қадамнан тоқтата біледі. Ол кейбір пациенттерге кей процедуралардың қажеті жоқ екенін ашық айтады. Ал нашар маман бірінші консультацияда-ақ 6 процедуралық курсты сатуға тырысады.


2. Маманның біліктілігі мен құжаттары

Білікті косметолог-дәрігердің жоғары медициналық білімі, «дерматовенерология» мамандығы және косметология бойынша қайта даярлау дипломы болуы тиіс.

Диплом мен аккредитация куәлігін сұрауға қысылмаңыз, ол қалыпты. Қалыпты емес жағдай – маманның бұл өтінішке қарсылығы. Құжатты көрсету орнына ренжіп, «менің 12 жылдық тәжірибем бар, алдыма қаншама адам келіп-кетті, біреуінің шағымы болмады» деу – бұл маманнан қашу керегін білдіретін белгі.

  • Құжаттардағы тегі бейдж бен келісімшарттағы текпен сәйкес келуі керек.
  • Препарат өндірушісінің сертификаттары медициналық білім көрсеткіші емес, тек белгілі бір техниканы меңгергені туралы қағаз.
  • Клиниканың «косметология» профилі бойынша медициналық лицензиясы болуы шарт (ондағы заңды тұлға, мекенжай реестр арқылы тексеріледі).


3. Дұрыс консультация қалай өтеді?

Дұрыс консультация бағаларды айтудан емес, әңгімелесу мен тексеруден басталады. Жарық жақсы түсуі керек, бетте макияж болмауы тиіс. Дәрігер бетті тыныш күйінде де, қозғалыста да (қабақ түйгенде, күлгенде, қас көтергенде) қарайды.

Дәрігер табиғи асимметрияны алдын ала айтады. Мысалы әр адамда қастың биіктігі екі түрлі болуы мүмкін. Егер мұны екпеге дейін талқыламасаңыз, процедурадан кейін «дәрігер қате жасады» деп ойлауыңыз мүмкін.

Сонымен қатар, дұрыс консультация – ертеңгі күн ғана емес, бір жылдық өзгерістер айтылатын жоспар. «Не істейміз, нені күзде жасаймыз, ал нені ешқашан жасамаймыз? Не нәрсе процедураға емес, ұйқыға, күтімге байланысты?» Ақпараттандырылған келісімге осы әңгімеден кейін ғана қол қойылады.


4. Анамнез: қойылуы тиіс сұрақтар

Егер сізден «Аллергия бар ма?» дегеннен басқа ештеңе сұрамаса, консультация болған жоқ деп есептей беріңіз. Міндетті түрде сұралуы тиіс сұрақтар:

  • Созылмалы және аутоиммунды аурулар, қалқанша безінің жағдайы
  • Дәл қазір ішіп жүрген дәрілеріңіз
  • Анестетиктерге аллергия
  • Жүктілік, лактация, жүктілікті жоспарлау
  • Герпестің жиі шығуы (ерін аймағындағы процедуралар мен лазер алдында өте маңызды)
  • Бұрын не салдырдыңыз: препарат аты, көлемі, аймағы, датасы. Филлерлер сіз ойлағаннан да ұзақ сақталады, дәрігер оларды процедура кезінде емес, оған дейін анықтауы керек
  • Жіптер, перманентті макияж, импланттар
  • Келоидты тыртықтарға бейімділік, күнге күю


5. Қарсы көрсетілімдер

Жүктілік, емізу, қабыну немесе инфекция, созылмалы аурулардың асқынуы – бұл жай айтылатын сөздер емес. «Ештеңе етпейді, бәрі жасатып жатыр» дейтін маман сізді үлкен тәуекелге бас тіккізеді.

Сондай-ақ «бүгін жасамаймыз, күту керек» дейтін санат бар. Мәселен суық тию, антибиотик ішу сияқты жағдайларда. Бүгінгі күннің кассасын ғана ойламай, жазылуды басқа күнге ауыстыру да маманның біліктілігінен хабар береді.


6. Уәде бермейді, шынайы күтілімді айтады

Білікті дәрігер «Осы процедура проблемаңызды жүз пайыз шешеді, басқа ештеңе жасаудың қажеті жоқ» деп уәде бермейді. Бұл процедураның «не істей алмайтынын» және альтернативаларды ашық айтады. Тіпті кейде «Бұл сізге көмектеспейді» немесе «Бұл менің профилім емес, басқа маманға барыңыз» деп бетіңізді қайтаруы да мүмкін. Есесіне, шынайы. Ал «10 жасқа жасарасыз» немесе «Мына жұлдызға ұқсатып беремін» деген уәделер жай ғана жарнама.


7. Тәуекелдерді ашық айту

  • Процедураға дейін сіз мына 5 нәрсені түсінуіңіз керек:
  • Жиі болатын әрі өзі кететін жанама әсерлер (ісіну, көгеру, сезімталдық).
  • Алғашқы күндері не қалыпты, ал не шұғыл хабарласуға себеп болатыны.
  • Кешкісін, демалыста немесе дәрігер демалыста болғанда кімге хабарласасыз?
  • Асқыну болған жағдайда кабинетте не бар? (Гиалурон қышқылын ыдырататын гиалуронидаза, алғашқы көмек қобдишасы).
  • Бақылау тексерісі қашан болады және ол бағаға кіре ме?

«Менде ешқашан асқыну болған емес» деген сөз маманның өте аз жұмыс істейтінін немесе шындықты жасыратынын білдіреді. Жақсы маманның белгісі – асқынудың жоқтығы емес, оны уақытылы байқап, түзете алуы.


8. «Дейін/кейін» фотоларына қалай қарау керек?

Көп жағдайда суреттегі әдемі эффектіні процедура емес, жарық, ракурс және макияж жасайды. Жақсы портфолио қандай болады?

  • Екі кадрда да ракурс, фон, жарық және бет-әлпет эмоциясы бірдей.
  • Екі суретте де макияж жоқ.
  • Фильтрсіз, смартфонның «бьюти-режимінсіз» түсірілген (тері құрылымы мен тесіктер көрініп тұруы тиіс).
  • Төменде сипаттамасы бар: не жасалды, қай препарат, қанша көлем, қанша уақыт өтті.
  • Интернеттен алынған эскиздер емес, өзінің нақты жұмыстары.

Нәтиже күткендей болмай қалған жағдайларды да жасырмай түсіндіретін мамандар ерекше бағаланады.


9. Шағын студия немесе пәтер емес, арнайы кабинет

Косметологтың кабинетінде мол жарық, жуылатын жылтыр беттер, раковина, препараттарға арналған тоңазытқыш болуы шарт. Үйге барып жасау немесе пәтердің бір бөлмесінде жасату – қауіпсіздікті ысырып тастау деген сөз.

Клиент картасы, келісімшарт, ақпараттандырылған келісім, чек сынды заңды құжаттар болуын қадағалаңыз. Егер бірдеңе дұрыс болмай қалса, сізді қорғайтын жалғыз нәрсе осы қағаздар. Желі арқылы жазысқан хаттарыңыз, скриншоттар заңды күшке ие болмауы мүмкін.


10. Препарат қаптамасы сіздің көзіңізше ашылады

Сіз препараттың атын, сериясын және жарамдылық мерзімін өз көзіңізбен көруіңіз керек. Қорапша процедура аяқталғанша үстелде тұруы тиіс.

Шетелден тапсырыспен алдырған, арзан аналог, маркировкасыз және қорапсыз ампулалар көрсеңіз, сол сәтте орыныңыздан тұрып кетуге болады. Аппараттарға да осы талап қойылады: моделі, тіркеу куәлігі, түпнұсқа картридждер болуы тиіс.


«Қызыл жалаулы» қауіпті белгілер

  1. «Тек бүгін» болатын жеңілдікті айтып, қазір сатып алуға итермелеу
  2. Құжаттарды немесе лицензияны көрсетуден бас тарту
  3. Сырт келбетіңізді сынап, сіз білмеген проблемаларды тауып, сұрамаған процедураны ұсыну
  4. Денсаулық пен дәрі-дәрмектер туралы бірде-бір сұрақтың қойылмауы
  5. «Ақыры келген екенсіз» деп бірден бірнеше аймаққа процедура ұсыну
  6. Картасыз, келісімсіз және чексіз, тек мессенджерде сөйлесу.
  7. Дәрігер нақты тағайындау бермей, жоспар құрмай жатып, әкімшінің процедура бағасын айтуы
  8. Сізден бұл процедураның не үшін керек екенін сұрамау


Процедураға жазылар алдындағы чек-лист

  • Клиниканың медициналық лицензиясын реестрден тексеріңіз.
  • Дәрігердің мамандығын нақтылап, құжаттарын көрсетуді сұраңыз.
  • Бірден процедураға емес, тек консультацияға жазылыңыз.
  • Консультацияға макияжсыз және ішіп жүрген дәрілер тізімімен барыңыз.
  • Бұрын жасалған барлық процедураларды датасымен еске түсіріңіз.
  • Дәрігерден дәл осы процедураны бұрын қанша рет жасағанын сұраңыз.
  • Күтілетін нәтижені нақты мерзіммен түсіндіруді өтініңіз.
  • Бұл процедураның не істей алмайтынын және баламаларын сұраңыз.
  • Асқынулар мен сондай жағдайдағы іс-әрекеттерді талқылаңыз.
  • Препаратты, көлемін, бағасын және ішіне не кіретінін біліңіз.
  • Карта ашылып, қаптама көзіңізше ашылатынына көз жеткізіңіз.
  • Шешім қабылдау үшін кемінде 24 сағат үзіліс алыңыз.


Дұрыс косметолог дәрігер көп сұрақ қояды, сіз күткеннен азырақ уәде береді және нәтиженің бір бөлігі өзіңізге, үйдегі күтімге байланысты екенін айтады. Егер консультациядан кейін бойыңызда үрей емес, тыныштық пайда болса, сіз өз маманыңызды таптыңыз.

Дайындаған: Ханбибі ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ҚОЛдағы ПИГМЕНТТІ ДАҚтарды ең жылдам КЕТІРЕТІН кремдер