Ясмина Тоқсанбаеваға сыйақы толық көлемде төленеді - Жеңіл атлетика федерациясы

0
80

Федерация Ясминаның құқықтары мен мүддесін қорғау жұмысын әрі қарай жалғастырады.


Ясмина Тоқсанбаеваға сыйақы толық көлемде төленеді - Жеңіл атлетика федерациясы

фото: Минтуризма и спорта Казахстана

ERNUR.KZ. Жеңіл атлетика федерациясы жарыс кезінде аяқ киіміне наразылық беріліп, алтын медалінен айырылған жазғы Азия ойындарының қатысушысы Ясмина Тоқсанбаеваға чемпионға тиесілі сыйақы толық көлемде төленетінін хабарлады, деп жазады sputnik.kz.
Жалпы феерация хабарлауынша, дау тудырған спортшының аяқ киімі алдын ала тексерілген.
World Athletics ұйымының рұқсат етілген аяқ киімдер тізімінде ASICS бренді көрсетілген. Алайда Ясмина жарыста пайдаланған аяқ киімнің нақты моделі аталған тізімде болмаған.
"Жарыс басталғанға дейін спортшының аяқ киімі тексеріліп, жарысқа қатысуына рұқсат берілген. Осыған байланысты федерация Ясминаның құқықтары мен мүддесін қорғау жұмысын әрі қарай жалғастырады", - дейді федерацияда.
Сонымен бірге Федерация өз жауапкершілігін де жоққа шығармайтынын хабарлады.
"Осы тұста ел спортшыларының халықаралық аренадағы мүддесін қорғау жұмысын одан әрі күшейту қажет деп санаймыз. Кешенді халықаралық жарыстарда бұл бағыттағы жұмыс Ұлттық Олимпиада комитетінің үйлестіруімен жүзеге асырылады", - дейді федерация.
Федерацияда хабарлағандай, спортшы жарысқа шыққанда өзінің дайындығына, сонымен қатар құқықтары мен мүддесі кәсіби деңгейде қорғалатынына да сенімді болуы керек.
"Біз үшін Ясмина – чемпион. Федерация оны қолдауды жалғастырады. Біздің жіберген шағымымыз бен наразылығымыздың нәтижесіне қарамастан, чемпионға тиесілі барлық сыйақы Федерацияның өз қаражаты есебінен толық көлемде төленеді", - деп хабарлады федерацияда.
Еске салайық, Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында Ясмина Тоқсанбаева спорттық жүрістен марафондық қашықтықта өнер көрсетіп, 42,195 шақырымды 3:22:20 уақытта бағындырды. Нәтижесінде Азия ойындарында Қазақстан қоржынына алтын жүлде әкелген болатын.

Алайда жарыстан кейін спортшының жарыс жолында пайдаланған аяқ киіміне қатысты наразылық берілді. Кейін спортшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бұл нәтиженің жойылғанын хабарлады.