Еңірлердің қай бағыт бойынша және қалай дамып жатқандығына зер салып көрген едік.
фото: gov.kz
Дамудың даңғыл жолына түскен кез келген ел мемлекет аумағындағы әрбір өңірдің өркендеуіне ерекше мән беретіндігі айтпаса да түсінікті. Осы тұрғыда Қазақстанда да облыстар мен мегаполистерді тұрақты дамытып, өңірлер арасындағы айырмашылықты қысқарту жұмыстары атқарылып келеді. Дегенмен әрбір өңірдің өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері, басымдықтары болатыны белгілі. Осы ретте өңірлердің қай бағыт бойынша және қалай дамып жатқандығына зер салып көрген едік.
Мәселен, еліміздің оңтүстік астанасы саналатын, халқы көп Алматы өңірі азаматтарға қызмет көрсету, қаражам, жоғары біліммен қамтамасыз ету, туризм, сауда-саттық салалары бойынша көш басында тұр. Сонымен қатар, мұнда экожүйе ерекше дамытылған және инвестициялық жобалар көптеп іске асырылады. Ал екінші орында тұрған елорда – Астана қаласы мемлекеттік қызмет, нысандар салу, көлік желілері бойынша жетекші өңір болып саналады және инвестиция тарту бойынша да ілгерілеген. Дам у тұрғысынан үздік үштікті түйіндеп тұрған Атырау өңірі мұнай және газ өнімдерін өндіру, құрлық және су логистикасы, экспорт және импорт бағыттары бойынша ерекшеленеді. Оған қоса аталған өңірде де инвестиция тартуға ерекше көңіл бөлінген.
Көмір кенінің орталығы болып саналатын Қарағанды облысы өнеркәсіп саласы бойынша алдыңғы қатарға еніп, төртінші сатыға тұрақтаған. Одан кейінгі Шығыс Қазақстан облысы темір түрлерін өндіру, энергетика және агросекторды дамыту арқылы үздік бестіктен орын алған. Сонымен қатар, биыл өңірде жаңа жұмыс орындарын ашу қарқын алып, 18 мыңға жуық жұмыс орны құрылыпты.
Ал, алтыншы сатыдағы Ақтөбе облысында мұнай және химия ісіне, ет пен сүтке басымдық берілсе, одан төмен тұрған Маңғыстау өңірі мұнай мен газдан бөлек, көлік қатынасы және әлеуметтік нысандар салу бойынша ауқымды жобаларды іске асырып жатыр. Сегізінші сатыдағы Батыс Қазақстан облысы болса, ауыл шаруашылығы мен тау-кен ісін өркендету арқылы оң нәтижелерге қол жеткізіп отыр.
Ал, жалпы рейтингте қатар тұрған Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облысы агросектор, шағын және орта бизнес, құрылыс салалары бойынша біршама жетістікке қол жеткізгенімен, жұмыс өнімділігі төмендеу болып тұр. Одан да төмен тұрған Павлодар облысы, Ақмола облысы мен Солтүстік Қазақстанда ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп қарқынды дамып жатқанымен, өңірлердегі инфрақұрылым желісі осал. Оған қоса басқа өңірлерге қарағанда алшақтық байқалады.
Енді, өңірлерді бірнеше сала бойынша жіктер болсақ, әлеуметтік сала мен инфрақұрылымы жетілген әрі өмір сүру сапасы ең жоғары аймақтар қатарына Ақмола, Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан мен Қарағанды облысын жатқызуға болады. Ал ел экономикасына орасан зор пайда келтіріп жатқан өңірлер – мұнайға бай әрі құрлық пен судағы логистикасы қатар дамыған Маңғыстау, Атырау және Ақтөбе облыстары. Өнеркәсіп саласы Қазақстанның Шығысы, Батысы мен Астана қаласында қарқынды дамып келеді. Жоғарыда атап өткен Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында өкінішке қарай әлеуметтік теңсіздік қалыптасып отыр.
Дегенмен, Қазақстан билігі осы проблемаларды шешу үшін теңсіздікті реттеу, халықтың табысын арттыру және көптеген проблеманы инвестиция тарту арқылы шешуді өздейтін өңірлік саясатты іске асырып келеді. Бұл бастама 2030 жылға дейін жалғасын тауып, инфрақұрылым дамытылады және ауызсу мен көлік жолының сапасы артпақ.
Алайда, «таяқтың екі ұшы болады» демекші, бұл жұмыстардың теріс әсері де жоқ емес. Оның ең негізгісі – өңірлердегі табыстың айырмашылығы. Бқл проблема – түрлі өңірлердегі әлеуметтік ахуалды ушықтырып, теріс көзқарас тудыруы да мүмкін.
Б.Мейірханұлы,