BilimClass жүйесінде ақау шықты: Мұғалімдер бір тоқсанның үй тапсырмасы жоғалғанын айтып шағымданды

0
140

​Қазақстандық мұғалімдер BilimClass электрондық жүйесінің жұмысына шағымданды.


BilimClass жүйесінде ақау шықты: Мұғалімдер бір тоқсанның үй тапсырмасы жоғалғанын айтып шағымданды

Фото: gov.kz

ERNUR.KZ. Олардың айтуынша, платформадан бір тоқсан бойы берілген үй тапсырмалары жоғалып кеткен. Ал кейбір қолданушылар жүйеге мүлде кіре алмай отыр, деп жазады stan.kz.

Мұғалімдер не дейді?

27 қарашада әлеуметтік желіде электрондық журналдың жұмысына қатысты шағымдар жарияланды. Мұғалімдердің бірі жүйедегі ақаудан кейін өзі сабақ беретін барлық сыныптағы үй тапсырмалары жоғалып кеткенін жазды.

“Ақаудан кейін барлық сыныптағы үй тапсырмаларым өшіп кетті. Тұтас бір тоқсанның тапсырмасы жоқ. Әріптестер, сіздерде де осындай жағдай ма? Бәрі қалпына келеді деп күтеміз бе, әлде тоқсанның басында не бергенімізді еске түсіріп, қайта жазуға кірісеміз бе”, – деп жазды педагог.

Жазбаға пікір қалдырған өзге мұғалімдер де осындай мәселеге тап болғанын айтты. Бірінің үй тапсырмалары жоғалса, енді бірі қосымшаның мүлде ашылмай қалғанын жеткізді.

Кей мұғалімдер электрондық журналды қайта толтырып, өткен апталардағы тапсырмаларды жаңадан енгізуге тура келе ме деп алаңдайды.

BilimClass өкілдері не дейді?

BilimClass өкілдері 27 қарашада платформада техникалық ақау болғанын растады.

“Ақау салдарынан кей қолданушыларға қате хабарламалар мен ескертулер келуі мүмкін. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз. Қазір мамандарымыз мәселені шешіп жатыр. Жағдай бақылауда”, – деп хабарлады компания.

Компания өкілдері кейбір қолданушылар электрондық журналдағы ақпараттың бір бөлігін уақытша көре алмауы мүмкін екенін де ескертті.

“Кей қолданушылар қосымшаға кіру кезінде қиындықтарға тап болуы мүмкін. Сонымен қатар бағалар, сабақ кестесі мен үй тапсырмалары уақытша көрсетілмеуі ықтимал. Платформаның толыққанды жұмысын мүмкіндігінше тез қалпына келтіру үшін барлық қажет шараны қабылдап жатырмыз”, – делінген хабарламада.

BilimClass жүйесінің толық қашан қалпына келетіні әзірге белгісіз. Компания ақаудан қанша қолданушы зардап шеккенін және мұғалімдерге кейбір мәліметтерді қайта енгізуге тура келе ме деген сұрақтарға да жауап бермеді.

BilimClass деген не?

BilimClass – мұғалімдер электрондық журнал толтырып, баға қойып, үй тапсырмасын беретін білім беру платформасы. Ал оқушылар мен ата-аналар бұл жүйе арқылы үлгерімді, сабақ кестесі мен тапсырмаларды көре алады.

Еске салайық, 2026 жылдың қаңтарында Алматы мектептері Kundelik жүйесінен BilimClass платформасына көше бастаған еді.

Сол кезде кейбір ата-аналарға алдын ала ескертілмегеніне шағымданып, балалардың жеке деректері басқа жүйеге берілуіне алаңдаушылық білдірген еді. Кейін мектептердің жаңа платформаға көшуі сот дауына да ұласқан.

Еске салсақ, 2025–2026 оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап көптеген қазақстандық мектептер Kundelik.kz платформасынан бас тартуға шешім қабылдады. Алматы қаласы білім басқармасының өкілдері оның орнына BilimClass жүйесі енгізілетінін мәлімдеген.

Артынша Алматы қаласындағы 200-ден астам мемлекеттік мектептің оқушылары, ата-аналары мен педагогтарына қатысты деректер Kundelik.kz ақпараттық жүйесінен Bilimland білім беру платформасына пайдаланушылардың рұқсатынсыз көшірілгені белгілі болды.