Қазақстан 2027 жылы Олимпиадаға іріктеу турнирін қабылдауы мүмкін

0
85

Қазақстанда дамытуға әлеуеті зор ат спортының бір түрі – қашықтыққа шабу (Endurance).


Қазақстан 2027 жылы Олимпиадаға іріктеу турнирін қабылдауы мүмкін

Фото: ҰОК

ERNUR.KZ. Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Астанада Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) президенті Ингмар Де Воспен кездесті, деп жазады inbusiness.kz.

Ол сондай-ақ Жазғы Олимпиадалық халықаралық федерациялар қауымдастығын (ASOIF) басқарады және Халықаралық Олимпиадалық комитеті Атқарушы кеңесінің мүшесі.

Кездесуге Қазақстан ҰОК Бас хатшысы Әлімжан Ақаев, Бас директоры Нұрлан Нөгербек, Қазақстан Республикасы Ат спорты федерациясының президенті Рустам Баялиев пен федерацияның вице-президенті Ерлан Каналимов қатысты.

Кездесуде Қазақстанда ат спортын дамыту, FEI ұйымымен ынтымақтастықты нығайту және елімізде ірі халықаралық жарыстарды өткізу мүмкіндіктері сөз болды.

Тараптар Астанада конкурдан Әлем кубогы кезеңдері мен FEI Jumping World Challenge финалының сәтті ұйымдастырылғанын атап өтті. Сонымен қатар Қазақстанның Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына іріктеу турнирін 2027 жылы қабылдау жөніндегі өтінімі талқыланды.

Ингмар Де Вос бұл бастаманы жүзеге асыру үшін жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін айтты. FEI басшысы Қазақстанның артықшылықтары ретінде дамыған спорт инфрақұрылымын, географиялық тұрғыдан қолайлы орналасуын және шетелдік қатысушылар үшін виза алу рәсімдерінің жеңілдігін атап өтті.

Қазақстанда дамытуға әлеуеті зор ат спортының бір түрі – қашықтыққа шабу (Endurance). Бұл бағытты дамытуға халқымыздың жылқы баптаудағы бай тәжірибесі мен ұзақ жолға төзімді қазақы жылқы тұқымдарының табиғи қасиеттері негіз бола алады.

FEI басшысы бұл жарыс түрінің ерекшеліктеріне тоқталып, оны Олимпиада ойындарының бағдарламасына қосу мүмкіндіктері мен осы мақсатта шешілуі тиіс техникалық мәселелер туралы айтып берді.

Ингмар Де Вос Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің ұлттық және халықаралық спорт федерацияларымен байланысты нығайту бағытындағы жұмысын жоғары бағалады. Сондай-ақ мұндай ынтымақтастықтың спортты дамытуға және спортшылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал ететінін атап өтті.

Кездесу соңында FEI президенті Қазақстанның ат спортын дамытудағы әлеуетін жоғары бағалап, бұл бағыттағы жұмысты одан әрі қолдауға дайын екенін білдірді.