«Иса пайғамбарды көргім келеді»: Жолаушы әуеде ұшақтың есігін ашпақ болды

0
104

​Сан-Диегодан Чикагоға бағыт алған ұшақ жолаушының әрекетіне байланысты Финикске шұғыл қонды. Ер адам ауруханаға жеткізіліп, кейін қамауға алынды.


«Иса пайғамбарды көргім келеді»: Жолаушы әуеде ұшақтың есігін ашпақ болды

ERNUR.KZ. Сан-Диегодан Чикагоға бағыт алған American Airlines әуе компаниясының ұшағы жолаушылардың бірі әуеде ұшақ есігін ашуға әрекет жасағаннан кейін Финикс қаласына шұғыл қонуға мәжбүр болды. Ер адамды бортсеріктер мен басқа жолаушылардың көмегімен залалсыздандырған, деп жазады baq.kz.

Оқиға 25 қарашада 1494-рейс бортында болған. Финикс полициясының мәліметінше, ер адам орнынан тұрып, ұшақтың алдыңғы бөлігіне қарай бет алған. Экипаж мүшелері оған орнына оралу туралы бірнеше рет ескерту жасағанымен, ол талапты орындамаған.

Жолаушылардың бірі бортсеріктің ер адамнан ұшақ есігінен аулақ жүруді талап еткен айқайынан оянғанын айтты.

Оқиғаның тағы бір куәгерінің сөзінше, ер адам сол сәтте:

Мен Иса пайғамбарды көргім келеді. Мені осы ұшақтан шығарыңдар! – деп айқайлаған.

Бортсеріктер мен жолаушылар ер адамды жерге құлатып, пластикалық байлауыштар мен жабысқақ таспаның көмегімен байлап тастаған. Куәгерлердің айтуынша, ол ұшақ мәжбүрлі түрде қонғанға дейін қарсылық көрсетуін тоқтатпаған.

Оқиға кезінде түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады.

Ұшақ Финикс қаласындағы Скай-Харбор халықаралық әуежайына сәтті қонды. Әуежайда құқық қорғау органдарының қызметкерлері күтіп алған. Ер адам жеңіл жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Қалған жолаушылар мен экипаж мүшелері зардап шеккен жоқ.

Федералды тергеу бюросының мәліметінше, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ер адам қамауға алынған. Оның мұндай әрекетке не себепті барғаны әзірге ресми түрде анықталған жоқ.

Оқиғаның мән-жайын АҚШ Федералды тергеу бюросы мен Федералды авиация басқармасы тергеп жатыр. Мәжбүрлі қонудан кейін ұшақ Чикагоға қарай сапарын жалғастырған.