Әуежайдасыз. Қазір ғана ұшақтан түстіңіз. Шаршағансыз. Алдағы демалысты ойлап көңілдің алып-ұшқаны, толқуыңыз тағы бар. Өйткені сізді табиғатың тамаша көріністері, ерекше әсерлер, теңіз суы, жайлы жағажай, қонақүй мен күлімдеп қарсы алатын қызметкерлер, қала аралау мен базардағы серуен, тағы да басқа көптеген қызықтар күтіп тұр.
Көп саяхатшылар осы тұста «Басқалар күте тұрсын, ең алдымен ақша айырбастап алайын, бар қызықты сосын көре беремін» деп ойлайды. Ізінше әдеттегі бағадан арзан алатын айырбастау пунктіне ұрынып, қалтасындағы қаржының бір бөлігінен сол сәтте-ақ айрылады. Бәрі емес, әрине. Шетелде валюта айырбастаудың қыр-сырын ізденіп, оқып, дайындалмағандар. Ал дайындалғандар шетелде мынадай 5 жағдайда туристерді сан соқтыратынын жақсы біледі.
1. Әуежайда айырбастау – ең үлкен шығын
Қате: Әуежайдың тап өзінде орналасқан ауырбастау пункті – көңілі алып-ұшқан, шаршаған туристер үшін магниті бар қақпан. Сіз енді ғана келдіңіз, айнала бөтен, ал күлімсіреген кассирі бар айырбастау орны құтқарушыдай көрінеді. Бірақ ондағы курс қаладағыдан 10-20% төмен болуы мүмкін.
Қалай сақтануға болады: Дәл қазірге қажетті ең аз соманы ғана айырбастаңыз. Мәселен, қонақүйге дейін жетіп алу үшін таксиге төлейтін, кофе алып ішуге жететін ақша. Алғашқы шығындарға 20–50$ ұсақ купюралар алып жүріңіз. Ал негізгі соманы қалада, банкте немесе сенімді айырбастау пунктінде ауыстырыңыз. Одан да жақсысы – алдын ала ғаламтордан валюта курсын қарап, бағыт-бағдар алыңыз.
2. Алғаш кездескен айырбастау пункті – лотерея сияқты, ұту мүмкіндігі аз
Қате: Қонақүй маңайында, туристер жиі жүретін көше бойында келе жатып, алғашқы кездескен айырбастау пунктіне кіре салу. Сыртқы тақтайшаға ғаламтордағдай баға жазып қоюы мүмкін. Алайда, долларыңызды қолына ұстатқаннан кейін алақаныңызға сіз күткеннен аз салады. Жетпей тұрған ақшаның орнына жасырын «комиссия», есептеудегі «қателіктер», «курстың кенет өзгеруі» немесе «тақтайшадағы – ескі (кешегі) ақпарат» деген сынды сылтау аласыз.
Қалай сақтануға болады: Әр қалада бірнеше айырбастау пунктері қатар орналасқан орталықтар міндетті түрде болады. Міне, сондай ортаға барыңыз. Бірнеше жердегі курсты салыстырыңыз. Ақшаңызды алақанына салмай тұрып, «Осынша доллар үшін қанша аламын?» деп нақты есептетіп алыңыз. Өзіңіз де іштей есептеп, ғаламтордағы курс бойынша қанша болу керегін анық біліп тұрыңыз. Аралап сұрастырып жүріп, ең тиімдісін таңдаңыз. Егер кассир күмәнді әрекет жасай бастаса, оған дұрыс еместігін дәлелдеп әлек болмаңыз, жай ғана кетіп қалыңыз.
3. Купюраларға мән бермеу: «қабылданбайтын» ақша
Қате: Әр елдің банкноттары белгілі бір уақыт өте жаңа дизайнмен ауыстырылып тұрады. Арасында қандай да бір мерекеге, атаулы датаға байланысты шығарылатын сериялар болады. бір мезгілде екі-үш түрлі купюра қатар қолданылуы мүмкін. сондай-ақ, кей купюралар ендігі қолданыстан шыққан болуы да ықтимал.
Ақша айырбастаған кезде әр купюраның дәл қазір қолданыста бар-жоғын тексеріп, сенімді болу керек. әйтпесе, арасында мерзімі біткен немесе жалған ақшалар шықпайтынына кепілдік жоқ. Сондай-ақ, кей пунктер «жыртылған, мыжылған немесе ескі купюраларды қабылдамаймыз» деуі, «әдеттегі курстан төмен қабылдаймыз» деуі де ғажап емес. жалған ақша немесе кем шығу қаупі бар.
Қалай сақтануға болады: Сапар алдында долларларыңызды тексеріңіз. Жаңа әрі зақымсыз болғаны абзал. Ауыбрастау пунктіне берерде көзінше санап, жарыққа тосу арқылы жалғкан ақша емес екенін де дәлелдеп беріңіз. Сіздікінің орнына өз қолындағы жалған ақшаны қосып жіберіп, кейіннен өзіңізді кінәлі қылып шығарып, шығынға батыратын қолы епті қулар да жоқ емес.
4. Көшедегі адамға сену – ақшадан айрылу
Қате: Банкомат жанында біреу келіп: «Банктен де жақсы курспен айырбастап беремін!» деп арбауы мүмкін. Оған келіссеңіз, бірер минуттан кейін жалған ақша немесе банктің беруі мүмкін сомадан кем аласыз. Көп жағдайда мұндай «делдалдар» алдаудың шебері – алаяқтар болып шығады.
Қалай сақтануға болады: Қолма-қол айырбастамаңыз. Тек ресми айырбастау орындары мен банктердің қызметін пайдаланыңыз. Біреу «тиімді ұсыныс» жасаса, сыпайы ғана бас тартып, өз жолыңызбен жүре беріңіз.
5. Ұсақ купюраның көп болуы
Қате: Айырбастауға 5, 10, 20 долларлық ұсақ купюралар алып келу. Көптеген айырбастау пунктерінде олар үшін елудік, жүздік купюраларға қарағанда төмен баға ұсынылады.
Қалай сақтануға болады: Өзіңізбен бірге аз ғана ұсақ (5, 10, 20$) алыңыз. Ақшаңыздың басым бөлігі 50 және 100 долларлық болсын. Мүмкіндігінше жаңа (2010 жылдан кейін шығарылған) болғаны жақсы. Ірі әрі жаңа банкноттар әрдайым жоғары бағаланады.
Валюта айырбастау – жай ғана ақшаны айырбастау емес, сауда өнері. Ақша мен уақыттың қадірін білетін саяхатшылар қалтасы қанша қалың болса да, мұны маңызды деп қарайды. Әр үнемделген доллар – демалыс кезіндегі бір артық әсер немесе елдегі бір туысыңызға артық сыйлық.
Сондықтан келесі жолы ұшақтан түскенде, айырбастау орнына асықпаңыз. Алдымен мұқият зерттеп алыңыз.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
МӘДЕНИ ШОК: шетелде саяхатшыларды "шалқасынан түсірген" жағдайлар


