Сурет: i.pinimg.com
Аспанмен таласқан зәулім үйдегі кең пәтер, балкондағы бассейн, қары да, бораны да жоқ мәңгі жаз, тропикалық жемістер, халықаралық компаниядағы жұмыс... Тайланд ұсынатын осындай шарттар ертегі секілді естіле ме? Еріксіз елітіп, өзіне тарта ма? Бірақ осындай тартымдылықтың астарында қиындығы мен ыңғайсыз тұстары да жоқ емес екен. Мұны Тайландта тұруды алты жыл армандаған, сол арманына жетіп, үш жыл тұрғыны болып үлгерген жиһанкез айтып берді.
Бангкокта үш жылдан бері тұрып жатқан бір отбасымен сөйлестім. Балалары халықаралық мектепте оқиды, ата-аналары ірі компанияларда жұмыс істейді. Сырттай қарағанда оларда бәрі тамаша сияқты. Тропикалық жұмақта өмірінің ең тамаша күндерін кешіп жатқандай көрінеді. Бірақ олар үшін қиынға түсіп жатқан кейбір жайттар бар.
Климат
«Ең қиыны — климат. Таиландта үш жыл тұрсам да, денем әлі күнге үнемі ыстық пен ылғалдылыққа үйрене алмай жүр. Температура 35 °C-тан асқанда, ал ылғалдылық 75 %-дан жоғары болғанда жұмыс былай тұрсын, жай ғана дүкенге барып-келудің өзі сынаққа айналады. Ыстық маусымда температура 40°C-қа дейін жетіп, ол ылғалдылықпен қосылғанда, өзіңді тәулік бойы ыстық моншада болғандай сезінесің. Кондиционерлер тоқтаусыз жұмыс істейді, бірақ электр жарығы үшін төлем өте жоғары болғандықтан, үнемдеуге тырысып, арасында өшіріп тастайды. Сол себепті таңғы 5-те ғана саябақта жүгіріп, отбасымен серуендеуге тек күн батқанда ғана шығуға болады. Ал күндізгі өмір — кеңсе, дүкен, такси мен үй арасындағы қысқа жолдармен шектеледі. Көшеге артық шығуға зауқың соқпайды» деді кейіпкерім.
Күлкі — әрқашан шынайы емес
Атақты тай қонақжайлығы мен жиылмайтын езулері бір апта-он күн жүретін туристерге ұнағанмен, ұзақ тұратындарға басқаша көрінеді. Тайлар үнемі күлімсіреп, сыпайы көруніге тырысқанмен, бұл алдамшы сыртқы бейне ғана екен. Туристер оны байқамайды, себебі олар жергілікті халықпен жұмыс істемейді. Жергілікті халық сырттан келген шетелдіктерді бірнеше жыл тұрса да, уақытша қонақ ретінде қабылдайды, өздеріне тең көрмейді. Тай тілін үйреніп, қоғамға енуге тырыссаңыз да, бұл әрқашан көмектеспейді. Сонымен қатар, тай қоғамында қатаң иерархия бар. Жасы үлкенге бағыну – бұлжымас ереже. Тайлар ашық түрде «жоқ» демейді. Оның орнына «Мүмкін», «Көреміз» деген сияқты бұлдыр жауаптар береді. Бұл іскерлік қатынастарда үнемі белгісіздік туғызады. Осындай жергілікті дәстүрлерін аздап болсын бұзған жатжерліктерді мүлде сыйламай кеетін көрінеді.
Қоршаулар мен бөгеттер
Бангкоктағы ең ыңғайсыз нәрселердің бірі — қаланың құрылымы. Таиландты «қоршаулар елі» деуге болады. Сукхумвит көшесі Камбоджа шекарасына дейін созылады, одан тар көшелер — соилар таралады. Бірақ олар бір-бірімен жалғаспаған. Көрші көшеге өту үшін негізгі көшеге қайтып келіп, айналып өту керек. 300 метрлік жол орнына бірнеше шақырым айналып жүруге тура келеді. Әр тұрғын үй кешені биік қабырғамен қоршалған. Бір ауланы кесіп өтіп, параллель көшемен жүру мүмкін емес. Осылайша бөгеттер мен қоршаулар, көшелердің бір-бірімен қиылыспауы жолды айтарлықтай ұзартып, уақытты алады.
Кәдімгі нан жоқ
Кішкентай нәрсе сияқты көрінгенімен, кәдімгі нанның жоқтығы біздің халқымыз үшін шын мәнінде үлкен мәселе. Дүкендерде сатылатындар — тек тост нан. Біркелкі, дәмсіз, тез жалықтырады. Жақсы нан үшін метро арқылы бірнеше станциядан өту керек. Немесе үйде пісіретіндерден тапсырыс беру қажет. Қара бидай нанын табу да бір қиямет-қайым.
Жеткізу баяу
Бангкок — заманауи мегаполис. Бірақ онлайн жеткізу жағынан әлсіз. Қаланың өзінен-ақ бірдеңе тапсырыс берсең, екі-үш аптадан кейін келеді. Ал қайтарым жасасаң, ақшаны қайтаруын айлар бойы күтуің мүмкін.Қазақстанда келесі не бірер күн ішінде жеткізу қызметіне үйренгендер үшін бұл нағыз күйзеліс.
Мекенжайдағы «ми ашу»
Бір көше бірнеше атауға ие болуы мүмкін. Үйлердің нөмірі ретсіз орналасқан. Такси шақыру үшін «Сары ғимараттың жанында, сынған жазуы бар кофехананың қарсысында» деп тәптіштеп түсіндіру керек. Бірақ сонда да жүргізуші сіздің тұрған жеріңізді таба алмауы мүмкін. «Менің өзім демалыс кезінде талай рет таксистерге әрбір белгісін түсіндіріп, картадан көрсетіп отыруға мәжбүр болдым. Бақытымызға орай, такси қосымшаларында автоматты аудармашы бар» дейді жиһанкез.
Зең мен ылғалдылық
Тұрғын үй желдетілмесе, киімдер кептірілмесе, лезде зең пайда болады. Құрғақ климатқа үйренген біздер үшін бұл да үлкен қиындық. Жоғары ылғалдылықтар әсіресе электроника қатты зардап шегеді. Ноутбуктың батареясын құртады, микросхемаларды зақымдауы мүмкін. Аяқ киім, киім, кітаптар — жиі-жиі желдетіп, уақытылы кептіріп тұрмаса, бәрін зең басады.
Электр үшін қымбат төлемдер
Бір адам кондиционерді түнде қосып ұйықтаса, айына шамамен 1500 бат (24 825 тг) төлейді. Үш баласы бар отбасы 5-7 мың бат (82 750-115 850 тг). Ыстықта кондиционерсіз күн көру мүмкін емес, бірақ төлемі ауыр.
Шетелдік — әрқашан кінәлі
Мұнда шетелдіктердің құқығы шектеулі. Тай мен шетелдік арасындағы дауда сот әрқашан тай жағын дұрыс деп таниды. Бұл кез келген даулы жағдайда өзіңді қорғансыз сезінуге себеп болады. Ал тай азаматтығын алу өте қиын. Жыл сайын тек бірнеше жүз адам ғана алады. Олардың көпшілігі – тай азаматтарына тұрмысқа шыққан әйелдер.
Міне, қазіргі жағдай осындай. Ал сіз мұндай жерде өмір сүргіңіз келе ме?
Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,