Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов жеке тұлғаларды тексеру мәселесіне қатысты журналистердің сұрағына жауап берді.
Фото: Gov.kz
ERNUR.KZ. Ол камералдық бақылау жүргізіліп жатқанын айтып, табыс пен шығыс арасында айырмашылық анықталған жағдайда қазақстандықтарға қандай шара қолданылатынын түсіндірді, деп жазады stan.kz.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында журналистер табысы мен шығысы сәйкес келмейтін қанша азамат анықталғанын сұрады.
“Қазір тексеру жүргізіліп жатыр. Камеральдық бақылау жүріп жатыр, әзірге нақты деректер жоқ. Қосымша хабарлаймыз”, – деді Ахметов.
Сейілжан Ахметовтің айтуынша, егер азаматтың табысы мен шығысы арасында айырмашылық анықталып, ол оны түсіндіре алмаса, алдымен ескерту түріндегі хабарлама жіберіледі. Одан кейін ресми хабарлама жолданып, азамат анықталған айырма сомасының 10 пайызы мөлшерінде салық төлеуге міндеттеледі.
Айта кетейік, камералдық тексеру – салықтық бақылаудың бір түрі. Ол салық қызметкерлері тарапынан тікелей инспекцияда, салық төлеушінің есептері мен декларациялары негізінде жүргізіледі. Бұл тексерудің басты ерекшелігі – инспекторлар салық төлеушінің үйіне немесе кеңсесіне бармайды, барлық мәліметті өз жүйелері арқылы тексереді.


