"Шын ұят – асыл жарыңның көз жасына себепкер болу"
Сурет: ChatGPT ЖИ жасалды
"Кенже немерем – болашақ театр актері. Күнде бір рөлге еніп, монолог жаттап жүргені. Біресе Абайдың монологы, біресе Шекспирдің трагедиясы естіліп жатады. Бұған құлағымыз үйренген. Алайда кешегі кеш менің өмірімді астаң-кестең етіп, ескі жарамның аузын қайта тырнап ашатынын білмеппін."
Осылай деп мұңайған Дүйсен ақсақал ERNUR.KZ порталы тілшілеріне өзегін өртеген өкінішін, кеудесін кернеген сағынышын жеткізді. Сіз де оқып, сабақ алыңыз, ой түйіңіз, оқырман.
"Немерем мен оның группаласы Дулат Исабековтың «Гауһартас» повесінен үзінді дайындап жатыр екен. Әке рөліндегі досы зіл тастай ауыр сөйледі: «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген осы ғой. Сол алтынның қадіріне сен жетпедің-ау, балам. Сенің қаталдығың, жігерсіздігің кінәлі бұған». Сол сәтте Ыбыштың рөліндегі немерем сөзді жұлып алғандай, мұң мен ыза аралас дауыспен жауап берді: «Мені соған үйреткен сіз кінәлісіз, әке».
Осы бір сөйлем кеудеме оқтай қадалды. Көз алдыма өз әкемнің бейнесі келді. Мен де осындай болғаным үшін Ыбыш сияқты әке тәрбиесін кінәлаймын. Біздің үйде сезімді білдіру – әлсіздік, әйелді еркелету – намыссыздық саналатын. Әкем ылғи: «Әйелге тым жұмсақ болма, басыңа шығады. Қатал ұста, бетіңе келмейтін болсын», «Әйелді бетімен жіберме» деген қағидамен өсірген соң, Айманыма қатал болдым, дөрекілік көрсеттім. Ол болса биязы, өнерлі, жүрегі де, жаны да нәзік еді. Бірақ мен оның сол нәзіктігін қабылдай алмадым. Ол маған жаутаңдап қарағанда, мен теріс айналатынмын. Ол ән айтқысы келсе, мен тыйып тастайтынмын. Менің салқындығым мен әкемнің қаталдығы Айманымның қанатын қиды.
Ауыр еңбек, ешкімге айта алмайтын ішкі күйзеліс және ең жақын адамының – менің тасбауырлығым оны іштей жегідей жепті. Медицинада онкологиялық аурулардың көбі реніштен, айтылмаған мұңнан, жанның күйзелісінен пайда болады деген пікір бар. Менің Айманым да сол дерттің салдарынан жер құшағына енді.
Зират басында, топырақ суығанда ғана менің жүрегім жібіп, еңіреп жыладым. Бірақ ол кезде бәрі кеш еді. Мен Ыбыш секілді өзімнің қандай «Гауһартасымды» жоғалтқанымды сонда ғана түсіндім. Айманым қатал атасы мен суық күйеуінің арасында жүріп, іштей таусылғанын, оның мөлдір көздеріндегі мұңды кеш ұқтым. Әттең-ай...
Айманнан айырылған соң, өмірімнің мәні кетті. Түн баласында терезеге қарап отырып, сонау бозбала шағымда қосылған, алғашқы махаббатым – Айманды сағынамын.
Әрине, тағдырды жазған – Алла. Алайда адамның біріне-бірі сыйлайтын бақыты өз қолында. Біздің әкелеріміз «ұят болады» деген жалған қағиданың тұтқыны болды. Әйелге үй шаруасына көмектесуді, оған жылы сөз айтып, баланың тәрбиесіне жәрдемдесуді намыс көрді. Бірақ шын мәніндегі ұят – асыл жарыңның көз жасына себепкер болу.
Қазақ қоғамында «Ер адамның орны түзде, әйелдің орны асүйде» деген қасаң қағида бұрыннан қалыптасқан. Алайда заман өзгеріп, өмір ырғағы жеделдеген сайын, отбасылық құндылықтар да жаңа деңгейге көтерілуде. Бүгінде әйеліне асүйде қолғабыс ету – ер адамның аласаруы емес, оның даналығы мен жарына деген шынайы махаббатының көрінісі.
Өз қателігімді түзеу үшін ұлдарыма бүгінде «Құр жатырсың ғой, келінге көмектес. Ауыр көтертпе, өзің әкеп бер. Бір жағына шығысып, үлгермей жатқан тірлігін істей салсайшы. Әкесінің анасына көмектесіп жүргенін көрген ұл бала болашақта қамқор жар болып өседі» деп айтып отыратын болдым. Өйткені нағыз бақыт материалдық байлықта емес, жарыңның көзіне қарап, оның жанын түсіне білуде. Ер мен әйелдің арасындағы рухани үндестік болмаса, шаңырақ – шаттық ордасы емес, тек төрт қабырға ғана."


