"​Бұрын мені жақсы көрген жанмен тұрсам, қазір менің ақшамды жақсы көретін адаммен өмір сүріп жатырмын"

0
369

«Шіркін, еркектің бағы – осындай жанашыр жарының болуында ғой»


Сурет: couchglue.co

"Кейде адамдар еркіндікті таңдайды, бірақ сол “еркіндік” дегенің суық қабырға мен жан жылуы жоқ бос кеңістік екенін кеш түсінеді. Досым еркіндікті емес, керексіз болуды таңдапты..."

ERNUR.KZ порталына жолданған оқырманның хаты кей еркектердің ессіздігін ғана емес, сол ессіздігін мойындауға қауқарсыз, әлсіздігін көрсетеді.


"Бірге өскен, бала күнгі сыныптас досым бар. Тәңір таңдайына бақ қондырып, кәсібі дөңгеледі, абыройы асқақтады. Жары Гүлнұр екеуі бір-біріне сүйеніш болып, ұл мен қызды қаздай тізіп өсірді. Сыртынан қарап: «Шіркін, еркектің бағы – осындай жанашыр жарының болуында ғой», - деп іштей сүйсінетінмін.

Алайда бір күні сол досымның шаңырағы шайқалып, өзінен жиырма жас кіші қызға үйленіп кеткенін естідім. “Гүлнұр тым жақсы көріп, есіртіп жіберді-ау” деп жорыдым іштей.

Жақында сол досым жаңа үйіне кәуап жеуге шақырды. Бардым. Жас келіншек қуыршақтай сұлу. Жүзінде күлкі ойнағанымен, көзінде жылу жоқ. Шәйнекті үстелге “тарс” еткізіп қойды да, телефонына үңілген күйі бөлмесіне кіріп кетті. Шыдай алмай “Досым-ау, Гүлнұр шайыңды баптап, қантыңды өзі салып беретін еді ғой” дедім. Ол бір ауыр күрсініп “Ол қантты артық салмасын деп, қантты менен қызғанған екен ғой” деді кекесінмен күліп.

Кәуап пісті. Дастархан басында “тоқалдың” қолынан бір кесе жылу таппаған соң “Қарындасым, шай құйсайшы” дедім. Ол маған жақтырмай қарап, кесеге шайды ернеуінен асыра, шүпілдетіп құя салды. Досым болса, өзін-өзі алдағандай “Көрдің бе, қолы берекелі!” деді күліп. Бұл күлкі емес, өксік еді.

Кеш бата досым: “Дикош, мұздай қарбыз әкелші”, - деді. Келіншек қарбызды қақ бөліп, ортаға қоя салды. Досым өзі барып шанышқы әкелді. Көз алдыма Гүлнұр келді. Ол байғұс қарбыздың дәнін тазалап, тіліп, әдемілеп әкелуші еді. Соны айтқанымда, досым жарылып кетті, “Шаршадым! Оның мені балаша бақылайтынынан, әр басқан қадамыма алаңдайтынынан шаршадым! Қазір ешкім “олай етпе, былай ет” демейді. Еркекке еркіндік керек!” деді ашуланып. Мен оған аянышпен қарап “Досым, ол бақылау емес, сенің өміріңе деген қамқорлық қой. Ол сені өзінен де артық жақсы көргендіктен солай істеді емес пе?” дедім.

Ол тағы да бәйбішесін жамандап кетті. Бірақ жамандаған сайын, оның бейнесін көз алдына келтіріп, сағынып отырғанын сезіп тұрдым. Досым мас болды. Мастықтан емес, жалғыздықтан мас болды. Кетерде ол мені құшақтап, “Білесің бе... Бұрын мені жақсы көрген жанмен тұрыппын. Қазір тек менің ақшамды жақсы көретін адаммен тұрып жатырмын. Есесіне еркінмін!” деді тілі күрмеліп.

Мен үндемедім. Кейде адамдар еркіндікті таңдайды, бірақ сол “еркіндік” дегенің суық қабырға мен жан жылуы жоқ бос кеңістік екенін кеш түсінеді. Досым еркіндікті емес, керексіз болуды таңдапты..."