​"Ажырасқан әйелдің баласына бауыр басып қалдым"

0
179

"Ойым «Балалы әйелден қаш!» деп тұрса да, жүрегім осыларға ұмтыла берді"


​

фото: ЖИ

"Онымен кездейсоқта жолығып қалған болатынмын. Менің арманымдағы әйелдің келбеті тап осындай болатын. Адам арманындағы, елесіндегі, тіпті түсіндегі адамын айнытпай өңінде көргенде ерекше таңқалыс туады. Дәл сол сезімді бастан кешірдім. Келбеті мен ақылы жарасып, көзіндегі жалын көрген адамды еріксіз өзіне баурап алатындай."

Астаналық Қанат есімді оқырманның осылайша басталған әңгімесі тағдыр тарауының болжанбайтын шым-шытырыққа әрі шыжыққа толы екеніне дәлел іспетті. Ол өзінің басынан өткенін ERNUR.KZ порталы арқылы көпшілікпен бөлісуді қалайды.


"Екеуміздің есімдеріміздің де ұйқасқа құрылғандай дөп түсе қалғанын қараңыз. Менің атым – Қанат, ал оныікі – Жанат.

Жанатпен танысқан кезде «Көп іздеген жан жарым осы қыз болар» деп ойладым. Құдай қаласа, «сүрбойдақ» деген жанама аттан, анамның «Қашан үйленесің?» деген сұрағынан құтылатын болым деп қуандым.

Жасым отызға келді. Анамның жыламсырап келін түсіріп, немере сүйгісі келіп жүргенін сеземін. Қуантайыншы деп осы қызбен қарым-қатынасымды нығайтуға барымды салдым. Негізі өзімді романтик емеспін деп ойлайтынмын. Бірақ, адам шын ғашық болған сәітте романытиканың көкесін көрсететді екен.

Жанатқа сезімімді білдіріп, үйленуге ниетті екендігімді айтқанмын. Бірақ, ол үнсіз қалды. Мені ұнатпайды деуге келмейді. Ол да жас қыз емес. Дегенмен, осы уақытқа дейін жеткен жетістіктері біршама. Онымен салыстырғанда менде әлі біраз нәрсе жоқ. Оның жұмысы, көлігі мен үйі бар. Білдей дәрігер. Бірақ, ол менен бір нәрсені жасырыпты. Оның баласы да бар екен.

Бір күні Жанат үйіне қонаққа шақырды. Мұндайда бойдақта ес бола ма? Бар жақсымды киіп, жолдан гүл шоқтары мен тәтті торт алып, әбден дайындалдым. Өзі жіберген мекенжай бойынша келіп, есіктің қоңырауын басқанымда, 5-6 жасар балақай есікті ашты. Мені көрді де «Анам сізге кіре берсін деп жатыр. Өзі қазір шығады, жуынып жатыр» деді. Мен бұл балақайды Жанаттың баласы екен деп ойлап тұрған жоқпын. «Анаңның аты кім? Сен Жанатқа кім боласың?» деп сұрақтарды жаудырып жатырмын.

-Мен Жанаттың ұлымын. Анамның аты – Жанат.

-...

Біраз үнсіздік орнады. Бала есікті қаттырақ ашып, кіруімді күтіп тұр. Ал мен не кірерімді, не кері кетерімді білмеген күйде қалдым. Арғы жақтан Жанат шығып қалмағанда осылай қанша уақыт тұратынымыз белгісіз еді.

Қаққан қазықтай қимылсыз тұрып қалған менің қолымдағы тәттілерді алып, баласына ұстатты да, өзі гүлді алып «Бұл маған ба?» деп сұрады. «Саған...» Көңілсіздігім бетіме шығып кеткендей. Алып келген гүлім көріксіз, тәтті деген тортым ащыдай түйілді. Жанат та менің көңіл-күйімді бірден байқап, қолымнан тартып, ішке кіргізді.

-Ешкім күштеп алып қалмайды сені. Ішке кіріп сөйлесейік.

-Балаң бар екенін осылай білдіру керек пе еді? Басқаша айтсаң да түсінемін ғой.

-«Үйленем де, үйленем» деп өзеурегеніңді осындай сәтте көргім келді. Енді шешім шығаруыңа болады, үйленем десең де, бас тартсаң да, сенің шешіміңді құрметтеймін.

- Әкесі қайда?

- Хабарым жоқ, ажырасқалы көрген жоқпын. Алимент те алмаймын, бала үшін де хабарласпаймыз. Жүрсе керек бір жерде күнін көріп...

-Қанша уақыт болды?

-Ажырасқаныма ма? Алты жыл. Бала өмірге келе сала ажырасқанбыз.

Ары қарай нені сұрауды білмей отырып қалдым. Ата-анама Жанат туралы айтпағаным да дұрыс болған. Соған қуандым. Өйткені, анам үміттеніп қалып, ол болмай қалса, көңілі түседі ғой.

Сөзіміз ары қарай жалғаспады. Барлығы түсінікті болған секілді еді. Бұл үйден қалай шығып кетудің есебін таппай отырғанымда, Жанаттың телефоны шырылдап, қоңырау шалған адаммен тілдесті.

-Жарайды, қазір барам. Үлгеруге тырысамын, - деді де, тез орнынан тұрып, киіне бастады.

-Сен қайда?

-Біздің ауруханада бір науқасқа таңертең ерте ота жасалған болатын. Сол науқастың хал-жағдайы нашарлап кетіпті. Мен тез бармасам болмайды. Ал сен мен келгенше Әділмен бірге отыра тұр. Тіпті уақытың жоқ болса, ол ұйықтаған соң есікті құлыптап, сосын кет. Бізге жасаған бір жақсылығың болсын. Бұдан кейін сенің мазаңды алмаймыз, уәде берем. Кілт өзіңде қала берсін, кейін алам.

Оның бұл сөздері өтініш емес, бұйрық секілді еді. Өктем сөйледі.

Мен оған жауап беруге де үлгермедім. Қолыма үйдің кілтін ұстатып, өзі көлігінің кілті мен шағын сөмкесін алып, тез басып шығып кетті. Оны тоқтатып, бірдеңе деуге де үлгермей қалдым.

Не де болса маған сенім артты ғой, балаға қарай тұрайын деген оймен қатар, биік сөреде тізіліп тұрған әр түрлі әдемі жерлерде түскен суреттерге көзім түсті. Жанаттың студенттік шағынан бастап, ақ халат киіп түскен, шетелде жүрген, баласымен бірге түскен әдемі суреттерді бақылай отырып, оның өмір сүру образының өте жақсы екенін аңғардым. Еңбекқор, өз ісін сүйетін және жауапкершілігі өте мол жан екенін осы суреттерден де байқауға болады және үйдің іші тап-таза, әр зат өз орнында, тәртіп пен талапты да ұнататыны сезіледі.

Әттең, мен оған үйленемін деп жүрсем, ұлы бар екен. Ұлы демекші, оған қарай тұр деп қалдырып кетті емес пе? Балалар бөлмесіне кірдім. Құлаққап тағып, ойынның қызығына беріліп кеткен балақайға қызығып қарадым. Өйткені, бала кезімде мұндайдың бірі де жоқ болатын менде. Жеке бөлме деген түсінік мүлдем болмаған.

Баланың қасына жақындап, оны сөзге тарттым. Атын сұрадым, қызығушылықтары жайлы білдім. Бала өте ақылды, сөздерінен ойлылықты байқадым. Әкесі туралы мүлдем білмейтінін, анасын қатты жақсы көретінін және өскенде анасы секілді дәрігер болғысы келетінін айтты. Ашық-жарқын, тез тіл табыстық.

Футболға қызығатынын, жарыс кезінде басқа балалардың әкелері, ағалары келіп жатса оның анасы ғана баратынын айтып мұңайғандай болды. Келесі жолы мен онымен бірге баратынымды айтқанда, көзі жайнап кетті. Оған жаным ашыды ма, бір жақсылық жасағым келді ме, сол сөз аузымнан шықты. Енді уәдемде тұруым керек. Бірақ ақылым «Балалы әйелден қаш!» деп тұрса, жүрегім осыларға ұмтыла берді.

Баланың футболына да, мектебіне де барып, оны күтіп алып, бірге уақыт өткізіп жүргенімді өзім де аңдамай қалдым. Шын мәнінде оларға бауыр бастым. Бөтеннің, ажырасқан әйелдің баласына бауыр басып қалам деп кім ойлаған?

Ата-анама бұл туралы айтқанымда анам алғашында абдырап қалғанымен, әкем қарсы болмады. «Өзің шешім қабылдасаң, қарсы емеспіз, баланың жазығы жоқ. Ең бастысы, жақсы отбасы болып кетсеңдер болды» деді.

Содан үйлендік. Бір жылдан соң қызды болдым. Бақытым еселеніп, бақытты әке екенімді сезіндім. Ұлым да, қызым да бір-біріне бауырмал. Осы бақытымды көріп шүкір етемін."