​«Құлпынай мен соя»: 2000 жылдары туған ұрпақ әр елде қалай аталады

0
130

Зуммерлер немесе Generation Z – бұл 1997–2012 жылдары туған буын өкілдері.


​«Құлпынай мен соя»: 2000 жылдары туған ұрпақ әр елде қалай аталады

фото: ЖИ көмегімен жасалған

Қазір «бумер», «миллениал», «зуммер» деген атаулар жастардың арасында кеңінен қолданылады. Бумерлерді тым дәстүршіл десе, миллениалдардың кейбір әдеттерін қалжыңға айналдырып жатады. Зуммерлер өздерін жаңа заманның нағыз өкілі санайды. Зуммерлер немесе Generation Z – бұл 1997–2012 жылдары туған буын өкілдері. Олар – цифрлық дәуірдің нағыз төл перзенттері. Олар үшін смартфон, жоғары жылдамдықты интернет, тik-тok секілді платформалар – өмірдің ажырамас бөлігі, табиғи ортасы іспетті.

Цифрлық дәуірдің ұрпақтары туралы қызықты деректер мен әр әлемнің әр еліндегі атаулары және неге олай аталатыны жайлы біле жүріңіздер. Мысалы, Тайваньда оларды «құлпынайлар», Қытайда «жатушы ұрпақ» деп атайды.


«Соя» ұрпағы: тек өсімдік сүтінен жасалған кофе мен глютенсіз нан

«Соя» — бүгінгі зумерлерге берілген ең танымал әрі намысқа тиетін сипаттаманың бірі. Батыс елдерінде бұл атау (soyboy) ер мінезі жоқ, нәзік жігіттерге қарата айтылады. Мұндай ер-азаматтар өзгенің ықпалына тез еріп, сән қуалайды деген түсінік бар. Ал енді сояның бұған не қатысы бар? Мәселен, ондай жігіттер кофеханаларда соя сүті қосылған трендтегі сусындарға жиі тапсырыс береді екен. Ал сояның құрамында фитоэстрогендер, яғни әйелдік гормондар болады. Сондықтан бұл заттар ер адамның бойындағы еркектік қасиеттерді тежейді-мыс. Ғалымдар бұл теорияны теріске шығарғанымен, сөз ғаламторға тарап, халық арасына жылдам жайылған. Енді бұл атау Батыс елдерінде спортпен шұғылданбайтын сәнқойларға, вегандар мен белсенділерге қарата айтылатын келемежге айналған. «Соя» сөзі тек Батыста ғана емес, ТМД елдерінде де қолданылады. Тек онда «соя» деп ұлдарды да, қыздарды да атай береді. Олар өте сезімтал, тез ренжігіш, глютен мен лактозадан қорқатын және экология мен жаппай толеранттылықты ту ететіндер.


Қытай: «Қиындыққа төзімсіз жидектер»

Қытай Халық Республикасында тым сезімтал жастарды «құлпынай» деп атайды. Кішкене басып қалсаң езіліп кететін жидек секілді, бұл ұрпақ та қиындыққа төзімсіз келеді деп санайды. Бұл қасиет оларға 80-жылдардың соңы мен 90-жылдардың басында туған миллениалдардан «мұраға» қалған. Ол кез тұрақты әрі берекелі заман болғандықтан, ата-аналары балаларын ештеңеден тарықтырмай өсірді. Нәтижесінде, 2010-жылдары еңбек нарығына «жылыжайда» өскен, әлеуметтік қысым мен ауыр жұмысқа шыдамайтын ерке ұрпақ келді.

«Құлпынайлар» ақшаны өздеріне жұмсағанды ұнатады, бірақ жұмыс істеуге, мансап қууға құлықсыз келеді. Көбіне несие алып күнелтеді. Олар жеке бостандықты жоғары қойып, кез келген сынақта күйзеліске түсе кетеді.


АҚШ: «Үлпек қар»

АҚШ-та мұндай адамдарды «үлпек қар» (snowflakes) ұрпақ дейді. Олар шынайы өмірмен бетпе-бет келгенде еріп кетеді, бірақ өздерін өте ерекшемін деп есептейді.


Жапония: «сатори» ұрпағы

Сатори — дзэн-буддизмдегі ең жоғарғы мақсат, яғни рухани кемелдену күйі. Жапонияның «сатори» ұрпағы (зумерлер мен кейінгі миллениалдар) бұл мақсатқа әлдеқашан жетіп қойғандай өмір сүреді. Олар ақша табудың, мансаптың, махаббат пен достықтың, саяхат пен хоббидің еш мәнін көрмейді. «Бәрібір жеңілсем, күресудің не керегі бар?» деп ойлайтын «саторилер» сыртқы әлемнен қол үзіп, интернетке қарағанды дұрыс көреді. Жапон әлеуметтанушылары бұл құбылысты бала кезден адамды қажытатын жанталас пен индустрияландырудан көреді.


Оңтүстік Корея «N-пхо» ұрпағы: бәрінен бас тартушылар

Жұмысқа тұрудың қиындауы, білім мен баспананың қымбаттауы Оңтүстік Кореяда «сампхо» (үш нәрседен бас тарту) ұрпағын қалыптастырды. Олар: кездесуден, некеден және балалы болудан бас тартты. Жастар қазіргі экономикалық жағдайда романтиканы — қол жетпес сән-салтанат деп шешкен. Уақыт өте олардың орнын бес нәрседен бас тартқан «опхо» ұрпақ басты. Опхо ұрпақтар үй алу мен жұмыс істеуден де бас тартты. Артынан бұл тізімге денсаулық, сырт келбет және кез келген үміт қосылды. Кейін олардың бәрін біріктіріп, бұл ұрпақты «N-пхо - шексіз бас тартушылар» деп атап кетті. Оңтүстік Кореяда бұл құбылысты эгоцентризмнен емес, болашаққа деген уайым мен шынайы көзқарастан туған деп санайды.


Еуропа мен АҚШ-тағы Грета ұрпағы: «жасылдар»

Эко-белсенділерді әдетте «жасылдар» дейді, бірақ олардың жас буынын климат қорғаушысы Грета Тунбергтің құрметіне «Грета ұрпағы» деп атай бастады. Гретаның тұлғасына қатысты пікір әртүрлі болғанымен, жасөспірімдердің экологияға бей-жай қарамайтыны — үлкен жетістік. Бұл заманауи балалардың тым сезімталдығының пайдалы арнаға бұрылғаны.


«Ай-джен»: цифрмен бірге өскендер

Әр елдің менталитеті әртүрлі болғанымен, кез келген зумер — цифрлық ұрпақ. Олар бесіктен белі шықпай жатып смартфон ұстағандар. Американдық психолог Джин Твендж оларды «АйДжен» (iGen — интернет ұрпағы) деп атады.

Бұл ұрпақ — өз еркіндігін сүйетін, «осы жерде және қазір» қағидасымен өмір сүретін дарашылдар. Олардың қызығушылықтары алдыңғы буынға қарағанда шектеулі көрінгенімен, бір уақытта бірнеше істі атқара алатын артықшылығы бар. Ең бастысы — олар тек өз шекарасын ғана емес, өзгенің де құқығын құрметтейді және қоршаған ортаға жанашыр келеді.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.