Оңтүстік Корея – тосынсыйларға өте бай ел
Фото: static.webcafe.bg
Оңтүстік Корея десе көпшіліктің көз алдына заманауи Сеул, жарқыраған неон шамдары, дорамалар, K-pop жұлдыздары мен кимчи келеді. Алайда бұл елге турист ретінде барған адам экраннан көргенінен әлдеқайда өзгеше Кореяны таниды. Мұнда күнделікті өмірге сіңіп кеткен тәртіп, үнсіздік мәдениеті, қоғамдық көліктегі ерекше ережелер, ұлттық киімге деген қызығушылық және тіпті қоқыс тастау тәртібінің өзі саяхатшыны таңғалдыруы мүмкін.
Ендеше, Оңтүстік Кореяға барған адамды таңғалдыруы мүмкін ең қызықты фактілерге назар аударайық.
1. Корейлер тамақты көп жейді
Корея асханасының басты ерекшеліктерінің бірі – дастарқанның молдығы. Негізгі тағамға қоса түрлі тіскебасар, көкөніс, маринадталған өнімдер мен күріш міндетті түрде беріледі. Көп жағдайда олардың кейбірі үшін бөлек ақы төлеудің қажеті жоқ.
Порция көлемі де туристерді таңғалдырады. Мысалы, бір адамның өзі тауысып жеуі қиын болатын үлкен кимпаб немесе теңіз өнімдері мол сорпа ұсынуы мүмкін. Жергілікті тұрғындар мұндай порцияға үйренген.
Корей асханасында тағамды ерекше үйлестіріп жеу дәстүрі де бар. Ащы тағамды банан сүтімен ішетіндер кездеседі. Ал қуырылған ет пен тауықты перилла жапырағына орап жеу – дәмі ерекше үйлесетін мәзірдің бірі.
2. Қоғамдық көлікте қатты сөйлеу әдепсіздік саналады
Сеул метросында немесе автобуста адамдардың көпшілігі телефонға қарап, үнсіз отырады. Бір-бірімен сөйлескен күннің өзінде дауыстарын бәсеңдетуге тырысады.
Құлаққапсыз музыка тыңдау немесе телефонмен қатты сөйлесу айналадағы адамдарға құрметсіздік ретінде қабылданады.
Туристер үшін бұл алғашында таңсық көрінгенімен, біраз уақыттан кейін оның артықшылығын түсінуге болады. Қоғамдық көлікте тыныштық сақталғандықтан, жол бойында демалып немесе кітап оқып отыру әлдеқайда ыңғайлы.
3. Автобус пен метрода орындар арнайы түстермен белгіленген
Кореядағы қоғамдық көлікте орындардың орналасуына да ерекше мән беріледі. Жүкті әйелдерге арналған орындар ашық алқызыл түспен белгіленеді. Бұл орынға арнайы белгі-салпыншақ болған жағдайда отыруға болады. Мұндай белгіні болашақ аналар жүктілік бойынша есепке тұрған кезде алады. Қыз-келіншектер оны жүктіліктің алғашқы кезеңдерінен бастап сөмкесіне немесе киіміне тағып жүреді.
Қарт адамдарға арналған орындар да бөлек белгіленеді. Жастар мұндай орындарға отырудан әдетте тартынады, тіпті көлік ішінде бос орын аз болса да.
Бұл жүйе қоғамдағы бір-біріне деген құрмет пен әлеуметтік жауапкершіліктің күнделікті өмірде қалай көрінетінін аңғартады.
4. Ұлттық ханбокты жалға алып, қала аралауға болады
Кореяға барып, ұлттық киім киіп суретке түскісі келетін туристер үшін арнайы мүмкіндік бар. Кёнбоккун сияқты тарихи сарайлардың маңында ханбок жалға беретін көптеген орын жұмыс істейді. Әйелдер дәстүрлі көйлек киіп, өзін Чосон дәуіріндегі ханымдай сезіне алады. Ер адамдарға да сол заманның ғалымдары, шенеуніктері немесе патшаларының киімдері ұсынылады.
Ең қызығы, ханбокпен тарихи сарайларға барған туристерден кей жағдайда кіру ақысы алынбайды. Сондықтан бұл әрі мәдени тәжірибе, әрі ерекше фотосурет үшін жақсы мүмкіндік.
5. Сөмкеге тағылатын брелокқа ер адамдар да қызығады
Кореяда сөмке мен рюкзакқа түрлі салпыншақ, жұмсақ ойыншық, кейіпкерлердің бейнесі бар карточка тағу өте танымал. Кореяда ересек адамдардың, тіпті ер адамдардың да сөмкесін түрлі сүйкімді заттармен безендіріп жүргенін жиі көруге болады.
Бұл – өзіндік стильді көрсетудің бір тәсілі. Сонымен бірге корей мәдениетінде сүйкімді, шағын әрі көңіл көтеретін заттарға деген қызығушылық жоғары. Сондықтан көшеде ерекше безендірілген сөмке көрсеңіз, оған таңғалудың қажеті жоқ.
6. Кофехана іздесеңіз, ұзақ жүрмейсіз
Корея – кофехана өте көп елдердің бірі. Сеулдің кез келген ауданында халықаралық желілерді де, шағын жергілікті кофеханаларды да кездестіруге болады. Кофе ішу корейлер үшін жай ғана сусын таңдаудан әлдеқайда кең ұғым. Кофехана – достармен кездесетін, әңгімелесетін, жұмыс істейтін немесе жалғыз отырып демалатын орын. Әсіресе айс американоның танымалдығы таңғалдырады. Тіпті ауа райы салқын кезде де мұз қосылған кофе ішіп жүрген адамдарды жиі көруге болады.
7. Тегін сыйлықтар мен шағын сый-сияпат
Кореяда туристерге немесе дүкен келушілеріне түрлі акция аясында тегін өнімдер ұсынылып жатады. Косметикалық дүкенге тіркелгеніңіз үшін шағын сөмке немесе косметикалық өнім алу, жаңа брендтің таныстырылымында сыйлыққа ие болу – үйреншікті жағдай. Кейбір фестивальдер мен қоғамдық шараларда шеберлік сабақтарына қатысып, өз қолыңызбен жасаған бұйымды алып кетуге болады. Мұндай акциялардың астарында тек жомарттық емес, маркетинг те жатыр. Брендтер адамның назарын аудару үшін шағын сыйлық ұсынады. Яғни турист үшін бұл – кәдесый, ал компания үшін – жаңа аудиториямен байланыс орнатудың тәсілі.
8. Күн ашық болса да, қолшатыр ұстаған адамдарды көресіз
Кореяда ашық күнде қолшатыр ұстаған адамды көрсеңіз, таңғалмаңыз. Оны жаңбырдан ғана емес, күннен қорғану үшін де күнделікті пайдаланады. Күннен қорғану мәдениеті елде кең тараған. Күннен қорғайтын крем, бас киім, көзілдірік және қолшатыр – күнделікті өмірдің қалыпты бөлігі. Әсіресе жаз айларында теңіз жағасында немесе ашық алаңдарда жүргенде қолшатырдың күннен қаншалықты тиімді қорғайтынын түсінуге болады.
9. Кітапханалары ерекше әрі кітап оқитын адам көп
Кореядағы кітап мәдениеті де назар аударуға тұрарлық. Мұнда үлкен кітап дүкендерімен қатар шағын букинистік дүкендер мен қоғамдық кітапханалар бар.
Солардың ішіндегі ең танымал орындардың бірі – Сеулдегі Starfield Library. Оның басты ерекшелігі – төбеге дейін жететін алып кітап сөрелері. Кітапхана интерьерінің өзі туристерді қызықтырып, әлеуметтік желіде танымал орынға айналған.
Мұнда кітап оқуға ғана емес, жай ғана тыныш отырып демалуға да болады. Көптеген турист үшін бұл кітапхана – Сеулдегі ең әсерлі орындардың бірі.
10. Қоғамдық әжетханалар өте көп әрі тегін
Кореяда турист үшін ең қолайлы дүниелердің бірі – қоғамдық әжетханалардың көптігі.
Метро станцияларында, саябақтарда, сауда орталықтарында, жағалауларда және басқа да қоғамдық орындарда әжетхана табу қиын емес. Көпшілігі мұнтаздай таза, ішінде сабын, дәретхана қағазы және айна бар.
11. Қоқыс жәшігін табу қиын
Бұл – Кореядағы ең қызық қарама-қайшылықтардың бірі. Қоғамдық әжетхана көп болғанымен, көшеде қоқыс жәшіктері аз. Оның себебі елдегі қалдықтарды сұрыптау және жою жүйесімен байланысты.
Тұрғындар қоқысты белгілі бір тәртіппен сұрыптап, арнайы белгіленген орындарға шығарады. Ал көшеге қойылған ортақ жәшіктер адамдардың үйдегі қоқысын сол жерге әкеліп тастауына әкелуі мүмкін. Сондықтан турист өзімен бірге кішкентай қоқыс пакетін алып жүргені дұрыс. Қоқыс жәшігін кездестіргенше оны сөмкеде сақтауға тура келуі мүмкін. Ал үлкен көлемді қоқысты, мысалы, сынған чемоданды кез келген жерге тастай салуға болмайды. Мұндай заттарды арнайы тәртіппен тіркеп, белгіленген орынға шығарады.
Оңтүстік Кореяның қызықты жерлері тек Сеулдің биік ғимараттары мен көне сарайларымен шектелмейді. Елдің шынайы ерекшелігі күнделікті өмірдегі ұсақ-түйек детальдардан байқалады. Турист үшін саяхаттың ең қызықты тұсы да осында. Белгілі көрікті жерлерді көрумен қатар, жергілікті халықтың қалай өмір сүретінін байқау арқылы елді тереңірек тануға болады. Ал Оңтүстік Корея мұндай тосынсыйларға өте бай ел.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,


