Дұрыс таңдалмаған ШАТЫР табиғаттағы демалыстың ШЫРҚЫН БҰЗАДЫ

0
527

Шатыр таңдауда ескерілетін барлық маңызды факторларды қарастырамыз.


Дұрыс таңдалмаған ШАТЫР табиғаттағы демалыстың ШЫРҚЫН БҰЗАДЫ

Сурет: e-zk.ru

Табиғат аясында демалу – жан мен тәнге тыныштық сыйлайтын, қаланың қарбаласынан бір сәтке болса да алыстап, өзіңмен сырласатын тамаша сәт. Бірақ мұндай демалыс шын мәнінде ләззат сыйлауы үшін, сенімді шатыр – сапардың басты кепілі. Бұл мақалада біз шатыр таңдауда ескерілетін барлық маңызды факторларды қарастырамыз: қандай түрлері бар, қай материалдар сенімді, қандай конструкция ыңғайлы әрі төзімді, және қай модель сіздің сапар бағытыңызға дәл келеді.


Неліктен шатыр таңдауы маңызды?

Көп адам шатырды жай ғана түнеуге арналған құрал деп ойлайды. Бірақ бұл – сіздің уақытша үйіңіз. Ол желден, жауыннан, түнгі суықтан және жәндіктерден қорғауға тиіс. Дұрыс таңдалмаған шатыр бүкіл сапарыңызды құртатын факторға айналуы мүмкін.

Егер шатыр:

  • су өткізетін болса – киім мен жабдықтар суланып, салқын түнде денсаулығыңызға қауіп төнеді;
  • желдетуі нашар болса – ішінде ауа тарылып, конденсат пайда болады.
  • желден қорғамаса – шатыр құлап, ұйқыңыз тыныш болмайды;
  • ішкі кеңістігі тым тар болса – демалыс емес, тығыздық пен жайсыздық сезінесіз;

Сондықтан сапалы шатыр – бұл қауіпсіздік, жайлылық және сенімділік.

Шатырды таңдау кезінде ең бірінші не үшін, қайда және қандай ауа райында қолданатыныңызды анықтап алған жөн. Осыған байланысты шатырлар бірнеше негізгі түрге бөлінеді:

1. Кемпингтік шатырлар

Мұндай шатырлар отбасылық демалысқа, демалыс базаларында, көлікпен саяхаттауға арналған. Олар үлкен, биік (2 метрге дейін немесе одан да биік), ішкі кеңістігі кең, тамбуры бар – ішінде ас дайындауға немесе жабдықтарды сақтауға болады. Бірақ салмағы ауыр (10-30 кг), желге төзімділігі төмен. Сол себепті оларды таудағы бір-екі күндік демалысқа немесе ұзақ жорықтарға алып шығу ыңғайсыз.

2. Туристік шатырлар

Жаяу, велосипедпен немесе қысқа мерзімді сапарларға арналған әмбебап модельдер. Салмағы 2–5 кг аралығында, 1–4 адамға лайық. Жаңбыр мен желден қорғай алады, орнатуға оңай. Бұл – ең кең таралған және бастапқы деңгейдегі туристер үшін мінсіз таңдау.

3. Экспедициялық шатырлар

Қатты жел, қар, суық ауа райында ұзақ уақыттық сапарларға арналған. Каркасы – алюминийден, тенттері – тығыз материалдан, салмағы – 2–4 кг. Мұндай шатырлар альпинизмге, полярлық жорықтарға, өздігінен автономды сапарларға лайық.

4. Экстремалды шатырлар (штурмдық)

Бұл шағын әрі аса мықты шатырлар. Олар барынша ықшам, 1–2 адамға арналған, салмағы 2 кг-ға дейін, алайда ураган тәрізді жел мен қарлы боранға төтеп бере алады. Кеңдігі шектеулі, бірақ биік таулар мен экстремалды жағдайлар үшін таптырмас құрал.

5. Ультражеңіл шатырлар

Тек қана жеңілдік үшін жасалған. Салмағы 0,5–1,5 кг шамасында. Кейбір модельдерде тіпті қаңқа болмайды – треккинг таяқтарына орнатылады. Ауа райы тұрақты болса жарайды, бірақ жел мен жаңбырға әлсіз.



Қай мезгілге қандай шатыр керек?

Шатыр таңдаудағы маңызды факторлардың бірі – маусымға сай болуы.

1. Үш маусымдық шатырлар (көктем, жаз, күз)

Бұл ең кең таралған түрі. Олар жақсы желдетіледі, жаңбырдан қорғайды, желге төтеп бере алады. Бірақ қар мен қатты аязға арналмаған. Температура диапазоны: +5 °C – +30 °C.

2. Жазғы шатырлар

Барынша жеңіл және желдетуге бағытталған. Торлы қабырғалары бар, бірақ жылуды ұстамайды. +10 °C-тан төмен болса — тоңасыз.

3. Төрт маусымдық шатырлар

Суыққа, қарға және қатты желге арналған. Материалы – тығыз, ішкі жылу жоғалуын азайтатын құрылымда жасалған. Желге, суға өте төзімді.

Ескеріңіз: Неғұрлым төзімді шатыр – соғұрлым ауыр болады. Артық салмақты арқалағыңыз келмесе, маусым мен ауа райына сай таңдаңыз.


Шатырдың архитектурасы мен құрылымы

Шатырдың формасы мен құрылымы тек сыртқы келбеті үшін емес, практикалық жағынан да өте маңызды.

1. Қосқабырғалы шатырлар (үй тәрізді)

Классикалық пішін. Арзан әрі қарапайым, бірақ орнатуға күрделі, желге әлсіз.

2. Күмбезді шатырлар (жартышар)

Доғалар қиылысады, өздігінен тұрады, орнату оңай. Желге төзімді, әсіресе таулы жерде пайдалы.

3. Туннель (жартыбөшке) шатырлар

Кең әрі биік. Ішкі кеңістік мол. Тамбур үлкен болады. Бірақ жел бағытына мұқият болу керек.

4. Киіз үй тәрізді шатыр

Кең әрі биік келеді. Қыста от жағуға болатын модельдер де бар. Бірақ ауыр және орнату үшін тіреуіш баған қажет.


Қаңқа (каркас): қандай материал жақсы?

Шатырдың берік болуында ең басты рөлді оның қаңқасы атқарады.

  • Алюминий — ең жақсы таңдау. Жеңіл, мықты, суыққа төзімді. Жөндеу оңай.
  • Карбон — өте жеңіл, спорттық мақсатта қолданылады. Бірақ нәзік, жөндеу қиын.
  • Фиберглас (шыныталшық) — арзан, бірақ әлсіз. Суықта жарылуы мүмкін.

Кеңестер:

  • Шатырды сапар бағыты мен ауа райына сай таңдаңыз;
  • Тамбуры бар шатырды таңдаңыз – бұл жайлылық пен кеңістікті арттырады.
  • Қарсы келетін ауа райыға дайын болыңыз — бірақ артық ауыр шатыр алмаңыз;
  • Жаңадан бастаушыларға — купольды, үш маусымдық шатыр жақсы бастама;
  • Әрқашан салмақ пен жайлылық арасындағы тепе-теңдікті сақтаңыз;
  • Экстремалды жағдайлар үшін – берік, төрт маусымдық немесе экспедициялық модель таңдаңыз.
  • Арзан шатыр үнемді болғанымен, сапасыз шығып, саяхатыңызды құртып жіберуі мүмкін.

Дұрыс таңдалған шатыр – бұл жай түнеу орны емес, сіздің саяхаттағы қауіпсіздігіңіз бен жайлылығыңыздың негізі.

Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

МАУСЫМ айындағы САЯХАТ үшін ҚАЙ ЕЛді таңдаған дұрыс?