​Әлемнің ең таңғажайып ШЕКАРАлары

0
1 174

Бұл елдің шекарасын күзететін де, бұзатын да – бұғылар


​Әлемнің ең таңғажайып ШЕКАРАлары

Сурет: ЖИ

Шекара тақырыбын туристік гидтер көп қозғай бермейді. Көбіне жағажайлар, ұлттық тағамдар немесе әсем күн батуы жайлы айтылып-жазылады. Алайда дәл екі мемлекеттің түйіскен тұстарында әлемдегі ең ерекше орындар орналасқан. Мұнда үйреншікті өмірдің заңдылықтары өзгеріп, қалыптасқан түсініктеріңіз мүлде басқа қырынан көрінеді.

Картадан қарағана мемлекеттік шекараны жай ғана сызық сияқты көреміз. Бірақ шынайы шекара бағанасына бірнеше қадам жақындасаңыз, бұл қарапайым көрініс бірден күрделене түседі. Кейбір жерде шекара тұрғын үйдің ас бөлмесін қақ бөліп өтсе, енді бір жерде көшенің бір жағы бір бағамен өмір сүрсе, екінші жағында дәл сол тауарлар бірнеше есе қымбат немесе арзан болады.


Бутан мен Үндістан

Бутанды көпшілік «бақыт патшалығы» деп атайды. Үндістан азаматтары көрші ел ретінде Бутанға жеңілдетілген тәртіппен өте алады. Ал басқа мемлекеттердің туристері арнайы лицензияланған агенттіктер арқылы рұқсат алып, белгіленген күндік алымды төлеуі қажет.

Шекарадағы Пхуэнтшолинг қаласы екі түрлі әлемнің түйіскен жеріндей әсер қалдырады. Бір жағында – Үндістанның қарбалас тіршілігі, көлік дауысы, базарлар мен шаң-тозаң. Ал қақпаның арғы бетінде тыныштық пен тазалық орнаған. Мұнда уақыт баяу ағатындай сезіледі. Көптеген саяхатшылар бұл өткелден өтуді «бір дәуірден екіншісіне телепортация жасағандай әсер» деп сипаттайды.


Норвегия мен Финляндия

Норвегия мен Финляндияның солтүстігіндегі мемлекеттік шекарада биік қоршаулар да, бақылау бекеттері де жоқ. Тек әр жерге қадалған сары түсті бағаналармен белгіленген, олардың кейбірі мүк пен тастардың арасында көзге әрең шалынады. Өйткені, мұндағы шекара сызығы бұғы жайылатын кең алқаптарды кесіп өтеді. Жануарлар үшін мемлекеттік шекара деген ұғым жоқ. Олар екі елдің аумағына емін-еркін өте береді. Сондықтан екі мемлекет бұғыларды бағуға қатысты арнайы келісім жасап, табындардың қай елге тиесілі екеніне байланысты дау туындамауын қамтамасыз еткен.

Шекараның екі жағындағы азық-түлік бағасында да айтарлықтай айырмашылық бар. Норвегияда азық-түлік Финляндияға қарағанда қымбат. Сол себепті шекара маңындағы тұрғындар күнделікті азық-түлік сатып алу үшін көрші елге барып, едәуір қаражат үнемдейді.


Аргентина мен Бразилия

Игуасу сарқырамасы – мемлекеттік шекараны мойындамайтын табиғаттың ғажайып туындысы. Ондаған алып сарқырамадан тұратын бұл жүйе Аргентина мен Бразилия аумағында қатар орналасқан. Сондықтан оны екі ел жағынан да тамашалауға болады. Бірақ әрқайсысынан ашылатын көрініс мүлде өзгеше.


Нидерланд пен Бельгия

Нидерланд пен Бельгияның арасында орналасқан Барле қаласы – Еуропадағы ең ерекше шекаралық елдімекендердің бірі. Мұнда екі мемлекеттің аумақтары бір-бірімен соншалықты күрделі түрде араласып кеткендіктен, Бельгияның бірнеше шағын анклавы Нидерланд аумағының ішінде орналасқан. Оның үстіне, кейбір бельгиялық аумақтардың ішінде тағы да Нидерландқа тиесілі шағын жер телімдері бар.

Бұл жерде мемлекеттік шекара ақ түсті сызық болып тікелей асфальттың үстіне сызылған. Ол дүкендердің, дәмханалардың, тіпті тұрғын үйлердің ішінен өтеді. Кейбір үйлерде жатын бөлме бір мемлекетте болса, ас үйі екінші мемлекетте орналасқан. Бұрын мұндай үйлерде әр елдің сауда уақыты мен заңдары әртүрлі болғандықтан, қызықты тұрмыстық жағдайлар жиі кездесетін.

Бүгінде Барле туристер көп келетін ерекше орындардың біріне айналған. Мұнда адамдар екі аяғын екі мемлекетке қойып суретке түсу үшін арнайы келеді. Екі ел де Шенген аймағына кіретіндіктен, бұл жерде бұрынғыдай шекаралық бақылау жүргізілмейді.


Солтүстік және Оңтүстік Корея

Әлемде саяхатшылардың қызығушылығын ең көп тудыратын шекаралардың бірі – Корей түбегіндегі Солтүстік және Оңтүстік Корея арасындағы шекара. Бірнеше шақырымға созылған демилитаризацияланған аймақ түбекті екіге бөліп жатыр және ондаған жыл бойы адам қолы тимеген күйінде сақталып келеді. Бұл – әлемдегі ең қатаң күзетілетін шекара, жер шарындағы ең қатты қаруланған өңірлердің бірі. Түрлі деректерге сенсек, мұнда соғыс кезеңінен қалған көптеген миналар әлі күнге дейін сақталған. Бірнеше қатар тікенекті сымдар, қарулы күзет мұнаралары, қозғалысты бақылайтын датчиктер және үздіксіз бақылау жүйесі бұл шекараны іс жүзінде адам өте алмайтын аймаққа айналдырған.

Бір қызығы, дәл осы жағдай табиғатқа күтпеген мүмкіндік берген. Адамдар кіре алмайтындықтан, бұл аумақ жабайы жануарлар мен өсімдіктердің табиғи мекеніне айналған. Мұнда арнайы рұқсатсыз туристер ғана емес, жергілікті тұрғындар мен ғалымдардың өзі кіре алмайды. Шекараға заңсыз жақындауға әрекет жасаған кез келген адам бірден ұсталады.

Оңтүстік Корея жағынан арнайы туристік бағыттар ұйымдастырылған. Бірақ олардың бәрі әскери қызметкерлердің толық бақылауымен өтеді. Туристерге арнайы киім кию, қатты сөйлемеу, кенет қимыл жасамау және Солтүстік Корея бағытына арандатушылық сипаттағы суреттер түсірмеу сияқты талаптар қойылады. Экскурсия барысында гидтермен бірге әскери қызметкерлер де бірге жүреді.

Мұндай саяхаттардың ерекшелігі – адамдарға мұражайдағыдай әсер емес, шынайы қауіптің атмосферасын сезіндіруінде. Қарулы сарбаздардың бақылауымен дүрбі арқылы тыныш көрінетін табиғатқа қарап тұрған кезде, оның астында әлемдегі ең көп миналанған әрі ең қатаң күзетілетін аумақтардың бірі жатқанын түсіну ерекше әсер қалдырады. Табиғат бұл жерде адамдар болмағандықтан ғана еркін өмір сүріп келеді.


Ұлыбритания мен Испания

Испанияның оңтүстігіндегі Гибралтардағы шекара әлемдегі ең ерекше шекаралардың бірі саналады. Гибралтар әуежайының ұшу-қону жолағы Испаниямен жалғасатын негізгі автомобиль жолын кесіп өтеді. Ұшақ қонатын немесе ұшатын кезде жол арнайы шлагбаумдармен жабылады. Автокөліктер мен жаяу жүргіншілер ұшақ бірнеше ондаған метр жерден өтіп кеткенше күтіп тұрады.

Жергілікті халық үшін бұл – күнделікті қалыпты жағдай. Ал туристер мұндай көріністі қызықтап, ұшақтың дәл алдынан өтіп бара жатқан сәтін суретке немесе видеоға түсіруге асығады.


АҚШ пен Мексика

АҚШ пен Мексика арасындағы шекара – әлемдегі ең көп талқыланатын мемлекеттік шекаралардың бірі. Мыңдаған шақырымға созылған металл қоршаулар шөлдерді, тауларды және қалаларды кесіп өтеді. Бұл шекара тек екі мемлекетті ғана емес, талай отбасыны, адамдардың қалыптасқан өмір салтын да бөліп тұр.

Кейбір қалаларда шекара саябақтың дәл ортасынан өтеді. Қоршаудың екі жағында қалған туыстар темір тордың жанында кездесіп, бір-бірімен сөйлеседі немесе ұсақ заттарды бір-біріне береді. Мұндай көріністер картадағы қарапайым сызықтың адамдар тағдырына қаншалықты үлкен әсер ететінін көрсетеді.

Шекараның екі жағындағы тауарлар мен азық-түлік бағасы да айтарлықтай ерекшеленеді. Мексиканың шекара маңындағы қалаларында көптеген өнімдер АҚШ-пен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Сондықтан кейбір тұрғындар шекарадан тек дүкен аралау немесе дәмханаға бару үшін ғана өтеді. Екі елдің тұрмыс деңгейі, табысы мен баға саясаты арасындағы айырмашылық бірнеше қадам жүргеннен-ақ анық сезіледі.

Аударған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Ең ерекше әрі пайдалы функциялы шабадандар

МЕДУЗА ШАҚСА не істеу керек: ҚАУІПТІ ТҮРін тану және АЛҒАШҚЫ КӨМЕК