​МАМА-терапия: баланы емдейтін СУПЕР әдіс

0
158

Белгілі балалар психоневрологы, профессор Борис Драпкин негізін қалаған бұл әдіс – ана мен бала арасындағы тылсым байланысты медициналық және психологиялық тұрғыда дәлелдеген концепция.


​МАМА-терапия: баланы емдейтін СУПЕР әдіс

Фото: ЖИ

“Әлем махаббаттан жаралған”, “Махаббат – ең күшті дәрі” деген сөздерді жиі естиміз. Алайда осы ұлы сезімнің шипалы қуатын күнделікті өмірде толық пайдалана бермейтініміз өкінішті. Ал балалар психоневрологиясының негізін қалаушылардың бірі, профессор Борис Драпкин ананың махаббаты баланың тек тән ауруларын ғана емес, жан дүниесін де емдеп, тіпті ересек өмірдегі мінез-құлқына дейін оң ықпал ететінін ғылыми түрде дәлелдеген.

Драпкиннің тұжырымы бойынша, ана мен бала – біртұтас психоэмоционалдық өріс. Бала 3 жаста болсын, 27 жаста болсын, ол анасының ішкі күйін, эмоциялық вибрациясын терең сезінеді. Өйткені ана мен бала әрдайым ортақ нейробиологиялық кеңістікте өмір сүреді.

Мысалы, егер ана мазасыз күйде жүрсе, баланың ағзасында стресс гормоны – кортизол көбейеді. Профессор бұл байланысты «ортақ психоэмоционалдық құрылым» деп атаған. Қысқаша айтқанда, баланың жиі ауыруы, қырсық мінезі немесе қорқыныштары – ананың ішкі мазасыздығына, махаббат пен тыныштықтың жетіспеуіне берілген бейсаналық жауап.

Осыны терең зерттеген Борис Драпкин баланың нейробиологиялық күйіне тікелей әсер ететін ерекше әдіс – «Мама-терапияны» жасады. Бұл тәсіл тек психологиялық түзету емес, нақты медициналық диагноздарды емдеуге көмектесетін қосымша терапия ретінде ұсынылған.

Зерттеулер көрсеткендей, ананың сөзі психосоматикалық ауруларға (жан күйзелісінен пайда болған тән дерттері) өте тиімді. Драпкиннің пікірінше, көптеген физикалық аурулар «махаббат тапшылығынан» туындайды.

Осы орайда “Мама-терапия арқылы емдеуге болатын дерттер қайсы?” деген сұрақтар туындайды. Олар көбіне психосоматикалық аурулар:

  • бронхиалды астма
  • аллергия, тері аурулары (диатез, нейродермит)
  • тәбеттің болмауы
  • гастрит
  • өт жолдарының дискинезиясы
  • иммунитеттің төмендігі
  • созылмалы аурулар
  • қорқыныш, шошып ояну
  • кекештену
  • энурез және басқа да психосоматикалық мәселелер.


Мама-терапия қалай жасалады?

Бұл әдістің негізі – транстық күй. Сондықтан терапия бала ұйықтағаннан кейін жасалады. Ұйқыға кеткен соң 20-30 минуттан кейін баланың миы тета-толқындар деңгейіне өтеді. Бұл кезде сыни ойлау сөніп, айтылған сөздер түпсанаға тікелей жазылады, яғни баланың миы ана сөзімен бағдарланады. Анасының сыбырлап айтқан сөздері баланың санасында: “Мен жақсымын”, “Мен ақылдымын”, “Мен өте сымбаттымын”, “Мен қорғалғанмын”, “Менің қолымнан бәрі келеді”, “Әлем қауіпсіз”, “Менің денсаулығым зор” деген өмірлік бағдарлама ретінде бекітіледі. Бұл – гипноздан да күшті, себебі ана дауысы бала үшін ең сенімді әрі ең жақын жиілік.


Терапия 4 блоктан тұрады

1-блок “Ана махаббатының витамині” деп аталады. Бұл блок баланың өмірге деген базалық сенімін қалыптастырады.

Баланың басына жақын отырып, жылы әрі баяу дауыспен 3 рет айтылады:

“Мен сені өте-өте қатты жақсы көремін. Сен – мен үшін әлемдегі ең қымбат, ең жақын адамсың. Мен де, әкең де сені шексіз жақсы көреміз”.

2-блок “Физикалық денсаулық” деп аталады. Ана баласын мінсіз сау күйінде елестетеді де құлағына жақындап былай деп сыбырлайды:

«Сен – күшті, дені сау, әдемі баласың. Сен тамақты тәбетпен жейсің, сондықтан тез өсіп, дамып келесің. Сенің жүрегің, кеудең, ішкі ағзаларың өте жақсы жұмыс істеп тұр. Сен жеңіл әрі әдемі қозғаласың”.

3-блок жүйке жүйесі мен мінез-құлықты түзетуге, ақыл-ой мен эмоционалдық тұрақтылыққа бағытталады:

«Сен – сабырлы баласың. Сенің жүйкең мықты, төзімді. Сен мейірімді, ақкөңіл, ашықсың. Сен өте ақылдысың, бәрін тез түсініп, есте сақтайсың. Сенің көңіл-күйің әрдайым жақсы. Сен тыныш ұйықтайсың, тек жақсы түстер көресің. Сенің сөйлеуің жақсы дамып келеді”.

4-блок “Эмоционалды тазарту” деп аталады. Ана баланың бойындағы барлық негативті алып, сыртқа шығарады:

“Мен сенің бойыңдағы барлық ауруды, барлық қиындықтарды алып, лақтырып тастаймын. Мен сенің мазасыздығыңды, қорқыныштарыңды (нақты мәселені атап айтуға болады) алып тастаймын. Мен сенің бойыңдағы барлық жаман нәрселерді алып тастаймын. Мен сені өте-өте қатты жақсы көремін”.

Байқасаңыз, Драпкиннің бұл әдісі қазақ халқының “Ананың батасы – алты молданың дұғасынан күшті” деген нақылын ғылыми түрде дәлелдеген тұжырымдамасы сияқты.


Ереже

  • Терапияны 21-40 күн бойы күн сайын қайталау керек.
  • Дауысыңыз мейірімді, тыныш әрі сенімді болсын.
  • Оқып отырып, балаңыздың ең бақытты, ең тәртіпті сәтін, болашағын көз алдыңызға елестетіңіз.
  • Баланың дертіне немесе мінез-құлқына қарай айтылатын сөздерді өзгертуге болады.
  • Егер балаңыз ересек (18-29 жас) немесе бөлек тұрса, бұл сөздерді аналық бата, тілек ретінде оңашада айтуға немесе хат түрінде жазуға болады.
  • Әр блоктағы сөздер 3 реттен айтылады.

Ескерту

Мама-терапия – дәрігер емін толық алмастыратын “сиқырлы таяқша” емес. Бұл – медициналық емнің әсерін бірнеше есе күшейтетін, сауығу процесін жеделдететін қосымша әдіс.

Профессор Драпкиннің сөзімен айтсақ “Дәрі денені емдейді, ал ананың махаббаты жасуша деңгейінде өмірге деген жігерді оятады”.

Мама-терапияны жай ғана “баланы жақсы көру, құшақтау” деп түсіну – қате. Бұл – бала ұйқы кезінде, нақты құрылымы бар, 4 блоктан тұратын толық жүргізілуі тиіс психотерапиялық сеанс. Ендеше, ем қонсын десеңіз, терапияны ереже бойынша толық әрі дұрыс орындаңыз.

Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз

Арманды “оятатын” SMART техникасы

Тесланың «ҒАЛАМНЫҢ КІЛТІ» деп атаған әдісін білесіз бе?