​"Мені өзгерткен енемнің өзі": келіншек енді енесін бұрынғыдай күтпейтінін айтты

0
256

"Егер ұрысты емес, татулықты ойлап, еңбегімді бағалап, бір ауыз жылы сөз айтқанда, бәрі басқаша болар ма еді?"


​

"Өзгерген мен емес. Мені осындай суықтыққа жеткізген – өзі. Егер ұрысты емес, татулықты ойлап, еңбегімді бағалап, бір ауыз жылы сөз айтқанда, бәрі басқаша болар ма еді?" деген келіннің сөзіне қарап кім жайлы айтты деп ойлар едіңіз?

ERNUR.KZ порталының әлеуметтік желідегі парақшасына келген хат иесі осылай дейді...


"Енем біздің үйге келетін болса, алдын ала айтады. Күні бұрын хабарласып, "Келемін" дегенде, менің үйдегі тіршілігім де қыза түседі. Дереу ет салып, бауырсаққа қамыр илеп, үйдің ішін жинастырып, мәре-сәре болып жүремін.

Бір келгенінде "Чикен алдыртшы. Ауылда отырып соны аңсаймын" дегені бар. Содан бері "Келемін" дегені сол, жарты сағат қалғанда-ақ тауыққа тапсырыс беріп қоямын. Үйге кірген бойда ыстық шаймен бірге ұсына қоямын. Екі сағаттан соң бауырсақ пен бесбармақ дайын тұрады.

Енем ертеңіне кешегі тамақты жемейтін. Сондықтан таңғы асқа омлет, түскіге жеңіл сорпа пісіріп қоямын. Келесі келгенінде чикеннің орнына балық алдыртам, кешке манты пісірем. Қолымнан келгенше енемнің көңілін тауып, разылығын алуға тырысамын. Тек үйдегі қарапайым дастарқан емес, кафенің кәуап, пиццасы да дайын тұрады.

Бірақ бір қызығы, енем ешқашан "Рақмет, айналайын! Берекең тасысын!" деп айтқан емес. Керісінше, мұңая қарап "Сендердің жағдайларың жақсы. Қалағандарыңды жейсіңдер. Ал абысының мен қайнағаң бес баласын әрең асырап отыр. Несиелері бастарынан асады" дейді. Келгеннен қайтқанша солардың мәселесін айтып, көңіл күйді түсіреді.

Біз де бай емеспіз, бірақ тамақтан үнемдемейміз. Сосын жас кезінде көп баланы өсірем, жеткізем деп қалаған дәмді мен тәттіні жей алмаған енемді қуантайын деп зыр жүгіретінмін. Оның үстіне енем келген күн балалардың есінде мереке боп қалсын деп ойлайтынмын.

Мақтанғаным емес, мен ас дайындауға ерінбеймін. Міндетті түрде қасына салат қосамын. Жексенбі күні пирог, торт пісірем. Қыста – алма мен өрік қағынан сусын, жаз бойы – бидай, жүгері көже үзілмейді. Бірақ енем ешқашан менің бұл еңбегімді бағалаған емес, мақтаған емес. Керісінше күліп келіп, күңіреніп, кемшілік іздеп қайтады.

Бір келгенінде енем күйеуім екеумізді шағыстырып кетті. Күйеуім сол күні алғаш рет маған қол көтерді. Ол сәтті ешқашан ұмытпаймын. Сол кезде енеме деген бар ықыласым бір-ақ сәтте су сепкендей басылды.

Сол күннен кейін бәрі өзгерді. Енем "Келемін" десе, бұрынғыдай жүгіріп дайындалмаймын. Қандай тамақ пісіріп жатсам, соны жеп кетеді. Чикен де, балық та тапсырыс бермейтін болдым. Қонақжайлық көрсетіп, өзімді шаршатпаймын. Ол келгенде шайы мен асын дайындап берем де, дүкенге шығып кетемін немесе бөлмеме кіріп аламын.

Өзгерген мен емес. Мені осындай суықтыққа жеткізген – өзі. Егер ұрысты емес, татулықты ойлап, еңбегімді бағалап, бір ауыз жылы сөз айтқанда, бәрі басқаша болар ма еді?

Кейде ойлаймын: "Егер бір ауыз "Рақмет, балам. Өс, көбей!" десе, бұрынғыдай жүрегімді жылытып, қайтадан жүгіріп жүріп күтетін бе едім?" деп... Бәлкім. Бірақ енемнің қазіргі қарым-қатынасы оған осылай жауап беруге мәжбүрледі. Егер менің салқындығым ұнамаса, өз қарым-қатынасын өзгертсін. Әйтпесе, мен де бұрынғыдай жалпақтап жүгірмеймін."