ТҮРКІСТАН: Келес өзеніне ағып кеткен қызды ісдестіру жұмыстары тоқтатылды

0
153

Өкінішке қарай, оң нәтиже болмады.


ТҮРКІСТАН: Келес өзеніне ағып кеткен қызды ісдестіру жұмыстары тоқтатылды

Келес өзеніне ағып кеткен қызды ісдестіру-құтқару жұмыстары ресми түрде тоқтатылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Естеріңізде болса, 2026 жылдың 23 наурызы күні 2018 жылы туған бүлдіршін Тұрсынбек Жаннұр Келес өзеніне ағып кеткен еді. Жазатайым оқиғаны анасы хабарлаған.

Тиісінше, оқиға туралы хабар түскен сәттен бастап құтқару бөлімшелері, полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен еріктілер жұмылдырылып, ауқымды іздестіру-құтқару жұмыстары ұйымдастырылды.

Іздестіру барысында өзен арнасы мен жағалау аумақтары бірнеше рет тексеріліп, жүзу құралдары, арнайы техника және ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылды. Жұмыстар тәулік бойы жүргізіліп, су ағысының ерекшеліктері мен ауа райы жағдайлары ескерілді. Келіп түскен әрбір ақпарат мұқият тексеріліп, болжамды учаскелер қайта-қайта қаралды. Өкінішке қарай, жүргізілген кешенді іздестіру шараларына және барлық күш пен құралдардың жұмылдырылуына қарамастан, оң нәтиже болмады.

Сол себепті мамандардың қорытындысы мен қауіпсіздік талаптары ескеріле отырып, іздестіру-құтқару жұмыстары 2026 жылғы 23 сәуірде ресми түрде аяқталды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

“Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, егер іздестіру-құтқару жұмыстары бір ай ішінде оң нәтиже бермесе, судағы жазатайым оқиға қылмыстық іске қайта сараланып, тергелу ретімен құқық қорғау органдарына әрі қарай процессуалдық шешім қабылдау үшін беріледі. Аталған шешім барлық мүмкін болатын іздестіру шаралары толық жүргізілгеннен кейін қабылданды. Құтқарушылар тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданып, қолда бар күштер мен техникалық мүмкіндіктер толық пайдаланылды. Осы қайғылы жағдайға байланысты баланың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Іздестіру жұмыстарына қолдау көрсеткен барлық азаматтарға, еріктілерге және ұйым өкілдеріне алғыс білдіреміз.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен, блогерлерден және әлеуметтік желі қолданушыларынан тек ресми ақпаратқа сүйеніп, расталмаған мәліметтер мен негізсіз болжамдарды таратпауды сұраймыз. Мұндай жағдайларда шындыққа жанаспайтын ақпарат тарату жақындарының жан жарасын одан әрі ауырлататынын еске саламыз. Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды су айдындарында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға және балдарды ересектердің қарауынсыз қалдырмауға шақырады”, - делінген ресми хабарламада.

Бөлісу