Қазіргі заңнамада өндіріп алынған қаражатты өндіріп алушыларға аударудың нақты мерзімдері белгіленбеген.
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. Парламент Мәжілісінде атқарушылық іс жүргізуді жетілдіруге бағытталған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Наталья Дементьева құжат азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және сот шешімдерінің орындалуын тиімді етуге бағытталғанын айтты.
Оның сөзінше, атқарушылық құжаттарды орындау – сот төрелігінің соңғы әрі маңызды кезеңі.
«Ол азаматтардың, заңды тұлғалар мен мемлекеттің бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін іс жүзінде қорғауға бағытталған. Қазіргі ахуал заңнаманы жүйелі түрде бейімдеуді талап етеді», – деді депутат.
Атап айтқанда, қазіргі заңнамада өндіріп алынған қаражатты өндіріп алушыларға аударудың нақты мерзімдері белгіленбеген. Бұл, әсіресе алимент мәселесінде, балалардың мүддесіне кері әсер етеді.
Осыған байланысты заң жобасында ақша қаражатын бөлу мерзімдерін нақты белгілеу ұсынылады.
Сонымен қатар, борышкерлердің бірыңғай тізіліміне азаматтарды негізсіз енгізу мәселесіне назар аударылған.
«Қазіргі уақытта кейбір жағдайларда азаматтар тізілімге автоматты түрде енгізіледі. Жаңа нормалар бойынша олар сот шешімін жүйелі түрде орындамаған жағдайда ғана тізімге енгізіледі», – деді Дементьева.
Тағы бір мәселе – заңды тұлғалардың жалған мекенжай көрсетіп, міндеттемелерден жалтаруы. Заң жобасы мұндай жағдайда ұйым басшысын іздестіру арқылы нақты орналасқан жерін анықтауды көздейді.
Бұдан бөлек, борышкерлердің мүлкін сату тетігі де өзгермек. Электрондық аукциондарды өткізу тәртібі қайта қаралып, ашықтықты арттыру көзделген.
«Жаңа нормалар бойынша аукцион қатысушыларына жоғары баға ұсынуға қосымша уақыт беріледі», – деп атап өтті депутат.
Жалпы заң жобасы аясында атқарушылық іс жүргізу саласындағы бірқатар жүйелі мәселелерді шешу жоспарланып отыр. Мәжілістің барлық комитеттері құжатқа оң қорытынды берген. Депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдауды ұсынды.


