Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков осы мәселенің қаралып жатқанын мойындады.
ERNUR.KZ. Депутаттар алимент төлемейтіндер көбейіп жатқанын айтып, мемлекет есебінен уақытша төлем жүргізетін қор құруды ұсынды, деп жазады stan.kz.
Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша түзетулерді талқылау барысында алимент қоры қажет екені туралы мәселені қайта көтерді. Оның айтуынша, Қазақстанда алимент бойынша берешек жыл сайын артып келеді.
"2016 жылы біз алғаш рет алименттік қор құру қажет екенін көтерген кезде, берешек бар болғаны 2 млрд теңге еді. Бүгінде Әділет министрлігінің деректеріне сәйкес, бұл қарыз 18 млрд теңгеге дейін жетті. Бұл – 3 айдан астам уақыт төленбеген алименттер ғана. Қазақстанда 300 мыңнан астам бала алиментке мұқтаж. Олардың арасында мүмкіндігі шектеулі балалар да аз емес, тіпті ерекше қажеттіліктері бар бірнеше баланы тәрбиелеп отырған отбасылар бар. Бүгінде үкімет, нақты айтқанда Әділет министрлігі, салықтық емес түсімдер есебінен алименттік қор құруға дайын ба? Яғни, заңсыз алынған активтерді қайтару есебінен қалыптасатын арнайы мемлекеттік қордан қаржыландырып, кейін бұл қаражатты борышкерден регресс тәртібімен қайтару тетігін қарастыру мүмкін бе?" – деп сұрады мәжіліс депутаты.
Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков осы мәселенің қаралып жатқанын мойындады.
"Алимент мәселесі – біздің саладағы өте маңызды бағыттардың бірі, ол жеке сот орындаушыларымен де тығыз байланысты. Біз бұл мәселені үкімет деңгейінде қараймыз. Әрине, Қаржы министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі сияқты экономикалық блокқа жауапты әріптестеріміздің ұстанымы да маңызды. Бұл мәселе өте өзекті, қазір біз оны үкіметтегі әріптестерімізбен бірге қарастырып жатырмыз", – деді Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков.
Оның сөзінше, елімізде 300 мыңнан астам бала алиментке мұқтаж. Олардың арасында мүмкіндігі шектеулі балалар да бар, сондай-ақ ерекше күтімді қажет ететін бірнеше баласы бар отбасылар кездеседі.
Осыған байланысты депутат үкіметтен, атап айтқанда Әділет министрлігінен алимент қорын құру мәселесіне нақты жауап беруді сұрады. Оның айтуынша, мұндай қорды салықтық емес түсімдер есебінен, соның ішінде заңсыз алынған активтерді қайтарудан қалыптасатын арнайы мемлекеттік қор арқылы жасақтауға болады.
Сондай-ақ депутат борышкерлерден қаражатты кейін өндіріп алу (регресс) тетігін қарастыру қажет екенін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Тараз қаласында оқушы қыз әкесін сотқа беріп, алимент өндіріп алғаны хабарланған еді. Әкесі бұған дейін ата-ана құқығынан бас тартқанына қарамастан, сот оны қызына қаржылай көмек көрсетуге міндеттеген.


