Қызметкерлер залда шамдар мен фейерверктер жаққан, содан кейін ұшқын төбедегі немесе қабырғадағы декорға тиіп, өрттің шығуына түрткі болған.
Бейнеден кадрлар
ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде Алматыдағы танымал орындардың бірінде болған өрттің видеосы тарап жатыр. Куәгерлердің айтуынша, өртке пиротехниканы дұрыс қолданбау себеп болуы мүмкін, деп жазады tengrinews.kz.
Не болды?
Куәгерлердің Threads желісінде жазуынща, оқиға 29 сәуірге қараған түні болған.
Жазба авторының айтуынша, қызметкерлер залда шамдар мен фейерверктер жаққан, содан кейін ұшқын төбедегі немесе қабырғадағы декорға тиіп, өрттің шығуына түрткі болған. От қас қағым сәтте таралған.
"Қызметкерлер шамдар мен фейерверктер жақты, бір сәтте ұшқын залдағы декорға тиді. Бәрі санаулы секундтарда болды, адамдар сасып қалып, дүрбелең басталды. Бақытымызға орай, өртті өте тез тоқтату мүмкін болды. Тағы бір минут болғанда, зардабы бұдан да ауыр болар еді", – деп бөлісті жазба авторы.
Бейнежазбадан жалынның безендіру элементтеріне тез тарағанын, ал қызметкерлердің өртті өртсөндіргіштің көмегімен сөндіріп жатқанын көруге болады.
ТЖД не дейді?
Алматы Төтенше жағдайлар департаменті аталған уақытта бұл мекенжай бойынша шақырту түспегенін хабарлады.
"Заңнамада белгіленген тәртіппен шағым немесе өтініш түскен жағдайда, сондай-ақ болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау барысында Төтенше жағдайлар департаменті құзыреті шеңберінде тиісті әкімшілік ден қою шараларын қабылдайтын болады", – деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.
Ведомство азаматтар мен бизнес өкілдерін өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Құтқарушылар өрттің алғашқы белгілері байқалғанда бірден "101" нөміріне хабарласу қажеттігін еске салды.


