"Менен жасырып үй алып, досының атына жазыпты": төрт балалы әйел күйеуінен көңілі қалғанын айтты

0
310

"Ақшаны тапқан өзім, қалай, қайда жаратуды да өзім білем"


Сурет: i.pinimg.com

"Басқа адамды емес, бір жастықта бас қойған жолдасыңның жасыратын нәрселері болса, бұл – алаяқтықтың бір түрі деп ойлаймын. Қартайған кезімде еш қамқор болмайтынын да ішім сезетін сияқты."

ERNUR.KZ порталының оқырманы ішін кернеген күдік, келер күнге деген қорқынышымен бөлісті.


"Іштегі сырымды айтпасам, жарылардаймын. Себебі, мен жанымдай сенген, жиырма жыл отасқан күйеуімнің менен жасырын екі бөлмелі пәтер алып, оны досының атына жазып қойғанын біліп қойдым.

Ұсақ-түйек нәрселерді жасырса, бәлкім кешіру оңай болар ма еді? Сіз не істер едіңіз сол сәтте? Оған дейін мен жолдасыма өзімнен артық сенгенмін. Табыскер, еңбекқор, отбасын бірінші орынға қоятын, жауапкершілігі мол адам деп есептеп келдім. Негізі солай, жолдасымды жамандайын деп отырған жоқпын. Оған деген махаббатым дәл осы мінез-құлқына байланысты оянған болатын.

Екеуміз үйленген кезде менің құрбыларым да, сырттан бірінші рет көріп тұрған адамдар да «Өзің аршыған жұмыртқадай әппақ қызсың, сұлусың. Бойың да ұзын, өзіңе жараса нәзіктігің де, қылығың да бар. Мынандай тәпелтек, қап-қара жігітке қалайша тұрмысқа шықтың?» деп таң қалып жататын.

Бірақ олардың ешқайсысына мән бермедім, ең бастысы ол мені жақсы көреді, барлық қалауымды орындайды. Айналшықтап жанымнан бір елі шықпай жүретін күйеуіме ғашық болмасам да, оған деген құрметім жоғары болды. Бірте-бірте сол құрмет, сыйластықтан болған қарым-қатынас сүйіспеншілікке ұласты.

Аналарымыз да бұрын айтушы еді ғой, «Жігіттің әдемілігін не істейсің? Түр-келбетіне қарама, маймылдан сәл әдемі болса болғаны. Ең бастысы отбасын берік ұстайтын, қамтамасыз ете алатын нағыз ер-азаматты таңдаңдар» деп. Сол сөз менің миымда сақталып қалған ба екен, өзім әдемі қыз болсам да, маған сөз айтқан, соңымнан жүгірген небір сымбатты, көрікті жігіттер болса да, олардың ішінен отбасы болуға лайықты осы адам деп мен тек қана күйеуімді таңдаған болатынмын.

Бірнеше жыл тату-тәтті тұрдық. Оның табысы жақсы болғандықтан, ешқашан қаражаттан қысылып көрмеппіз. Төрт бала таптым. Балаларымызды да ештеңеден тарықтырмаған.

Мен балаларыммен бақытты болып басым айналып жүргенде оның осындай ұсақ әрекеттерін бір-екі рет байқап қалғанмын. Сол кезде ренжіп қалған болатынмын.

Ол менің туыстарымнан, достарымнан күйеуім қарызға ақша алғанын, соны қашан қайтарып беретінін сұрағанда таң қалатынмын. Осындай менің сыртымнан талай нәрсе істеп жүрді.

Оған «Бұлай жасамашы ендігіде, не істесең де маған айт, біліп жүрейін. Әйтпесе таныстарымның алдында сенің не істегендеріңді білмей ұятқа қалып жатырмын. Тым болмаса кімнен қанша қарыз алғаныңды біліп жүрейін» деп өтінетінмін. Сол кезде үндемей қалатын.

Одан кейінгі жасаған ең сорақы әрекеті осы болды. Сатып алынған үйдің құжаттарын көріп қойғасын, амалсыздан айттын онда да. «Иә,алдым, 100% қолма-қол қаражатқа. Шаруаң болмасын, мен солай шештім. Ақшаны тапқан өзім, қалай, қайда жаратуды да өзім білем» деді. «Сен танитын адамның ішінде сен танымайтын тағы бір адам болады» деген осы екен. Соңғы кездері кикілжіңдер көп болып кетті, бұл сонда ажырасуға дайындалып, алдын ала барлығын жоспарлап жүргені ме? Ойым шашырап, не ойлайтынымды да білмей қалдым.

Ол алдаумен тең емес пе? Басқа адамды емес, бір жастықта бас қойған жолдасыңның жасыратын нәрселері болса, бұл – алаяқтықтың бір түрі деп ойлаймын. Қартайған кезімде еш қамқор болмайтынын да ішім сезетін сияқты.

Енді не істерімді білмей басым қатып отыр. Оның үй алғаны әрине, жақсы ғой, Бірақ ол үйді менен жасырса, тағы өзімізге емес, досының атына жаздырса, демек ойлаған басқа мақсаттары болғаны ғой. Бұл үйді кім үшін сатып алды екен? Оған деген сенімім жоғалып кетті. Балаларымды алып кетіп қалайын десем жас емеспін, төрт бірдей өсіп қалған перзенттерім бар. Оларды оқытып-шоқытып, енді құдандалы боламыз тағы бірер жылда деп жүрсем... Күйеуімнің мына істегені жаныма батып барады."