"Кішкентай қыз кіре береді": оқырман түске бей-жай қарамау керек екенін айтты

0
180

Бірақ ішімдегі мазасыздық басылмады, түс те тыйылмады.


ERNUR.KZ порталының редакциясына келген кезекті хат әдеттегіден өзгеше. Онда күнделікті өмірмен қатар, жаратылыстың тылсымы да орын алған. Мазмұны бөлек жазбаны жариялауды жөн көрдік.


"Соңғы айларда мазасыз түстерді көп көре бастадым. Түсімде қараңғы орман ішінде келе жатамын. Айналаның бәрі тұман, дыбыс жоқ. Бір сәтте алыс жақтан жылап тұрған кішкентай баланың дауысын естимін. Қыз бала мені бірде «әпкеее», бірде «апау» деп шақырады. Оны іздеймін, бірақ таба алмаймын, тіпті жақындай алмаймын.

Осы түс жиі қайталана берген соң, түс жоритын бір апаға бардым. Көргендерімнен есімде қалғандарын айтып беріп едім, "Бала – көбіне адамның ішкі «Менінің» немесе өткенінің бейнесі. Бұл түс бала кезіңдегі бір жараның әлі жазылмағанын білдіруі мүмкін" деді.

Алғашында сенбедім. Бірақ ішімдегі мазасыздық басылмады, түс те тыйылмады. Ақыр соңында психологқа бардым. Психологтың кеңесімен балалық шағым туралы ойлап, біраз қазбаладық. Сол кезде есіме бір жағдай түсті.

Негізі мен 6 жасымнан нағашы апамның қолында өкенмін. Тап сол кезде әке-шешем ажырасамыз деп екі бөлек кетіп жүрген кездері екен. Анам мені нағашы әжемнің қолына табыстап, өзі қалаға қайта кетіп, жұмыс істеген. Арада бірер жыл өткесін барып әкем екеуі қайта татуласып, бас қосады. Содан кейін тағы үш бауырым дүниеге келген. Бірақ мені қолдарына алмады. Ауылда мектеп бітіріп, оқуды жатақханада жатып оқыдым да, содан ары тұрмысқа шығып кеттім. Сонда шешемнің құшағында, әкемнің бауырында небары алты-ақ жыл болыппын. «Нағашы әжесіне үйреніп қалған шығар деп ойладық сені» деген еді кейіннен анам. Ал мен ол кезде өзімді керексіз, тастанды сезініп, тығылып жылап жүретінмін. Бірақ оны ешкімге айтпағанмын, тіпті жылағанымды да білдірмеуге барынша тырысатынмын. Өйткені нағашы әжемнен қатты қорқамын ұрсады деп.

Психологтың көмегімен түсімде мені айқайлап шақыратын бала – өзім екенімді түсіндім. Сол кезде тұла бойым шымырлап, тоқтамастан бір сағат жылаған шығармын.

Сол күннен бастап күнделік жаза бастадым. Ол да психолог маманның берген нұсқауы. Балалық шақтағы сол «жалғыз қалған өзіме» хат жазып, кешірім сұрай бердім. «Мені кешіруі үшін бәрін жасаймын» деген ой болды. Сөйтіп «Сені енді ешқашан тастамаймын, сені жақсы көремін, саған қамқор боламын» деп уәдені үйіп-төктім.

Бірақ, хат жазумен түсімдегі бала тынышталған жоқ. Ол мені қай кезде кешірді, білесіз бе? Хатқа жазған құрғақ уәделерден кейін емес, шын мәнінде өзімді бірінші орынға қойып, өзіме қамқорлық жасап үйренген соң барып тыйылды. Онда да бірден емес. Ең соңғы рет осыған ұқсас түс көргенімде, бұл жолы орман іші жап-жарық болды. Алыстан айғайлаған бала маған бұрылып қарап, қолын бұлғады. Жымиып қарап тұрды. Бір кезде жақындап келіп «Мен енді қорықпаймын» деді де, ғайып болды.

Осыдан кейін түсімдегі сол баланы да көрмедім, өзідегі мазасыздық та жоғалады. Өзімнің ішкі жарамды қабылдап, емдей алғанымды, бала Алияның ересек Алияны кешіргенін түсіндім.

Расында да кейбір түстер жәй ғана түнгі қиял болмайды екен. Ол біздің жаны жаралы тұстарымыздың бейнесі, үні болуы мүмкін. Оған құлақ асқан адам ғана өз жанының тереңін тани алады деп ой түйдім."