"Кетем дегенде жібермеді": 11 жыл құрсақ көтермеген жас келінге ата-енесі қолдау көрсеткен

0
150

«Келінге сен бірдеңе деп, ренжіткен шығарсың» деп күйеуіме ұрысқан"



"Бұл өмірде барлығы бірден жақсы болып кетуі мүмкін емес шығар. Адам болған соң, түрлі сынақтар да кезігеді өміріңде. Өзімде де сондай сынақ болды. Бірақ біз шыдамдылығымыз бен сабырлылығымыздың және түсіністік пен адамгершіліктің арқасында бұл сынақтан аман өттік. Сіздерге өмірімде болған бір ғана оқиғаны, тіпті бір ғана сәттің қаншалықты өзіме ой салғанын және өзгелер туралы ой-пікір қалыптасуына әсер еткенін айтып берейінші.

Ағайын-туыс деген көп емес пе қазақта? Сондай бір туысымыздың үйінде жиын болды. Сонда енеме «келінді де ерте кел, қызмет етіп, көмектесіп жіберсін» деп мені де қоса шақырған екен. Кешке адамдар жиналардан бірнеше сағат бұрын барып қонақ күтуге көмекке барамыз.

Асханада мұндай кезде әулеттің жас келіндері топырлап жүреді ғой. Бірі салат жасап, бірі ыдыс жуып, бірі қамыр жайып дегендей. Ал кіріп-шыққандар саны одан да көп. Әйтеуір тойдың атмосферасы осындайда сезіліп, у-шу болып жатады.

Сол кезде енем асханаға кіріп «Келіндер, жақсы жүрсіңдер ме? Сәл тынығып, шай-пай ішіп алуды да ұмытпаңдар... Арука, алтыным, табаныңнан сыз өтіп кеткен жоқ па? Неге мәсіңді киіп келмедің? Мына жер салқындау екен, мә, менің мәсімді киіп ал, шешіп берейін. Мен жылы жерде отырмын ғой» деп қамқорлығын танытып жатыр. Негізі көпшілікке көз қылғаны емес, ұдайы солай. Үнемі қадағалап, қамқорлығын танытып жүреді. Бұл жолы да ашылып-жабылып жатқан есіктен салқын ауа кіріп жатқанын, менің аяғыма жұқа шұлық киіп алғанымды байқап қойды.

Енем кеткеннен кейін бір абысыным: «Аружан, қандай бақытты келінсің. Енеңнің қамқорлығы өз анаңның қамқорлығынан асып түспесе, кем емес" деп жатты.

Күйеуім, ата-енем – өте жақсы, түсінігі мол адамдар. Өз қызынан артық көрмесе, кем көрмейді. Сол мейірім, сол жылулық шығар менің шыдап жүргенім. Әйтпесе, тоғыз жылдан бері бір тырнаққа зар болудың қандай ауыр екенін сол жағдайды басынан өткізген ғана түсінеді.

Тұрмыстағы бесінші жылымда барлығынан шаршап, ата-енеме де, күйеуіме де өзімнің шешімімді айтқанмын. «Мен өз жөніммен кетейін, сіздерге ұрпақ керек. Менен кеткен ағаттық, қателіктер болса кешірім сұраймын» деп ебіл-дебіл болып жылағанмын. Сонда қасымнан табылған енем ақылын айтып, «Басқадан үмітіңді үзсаң де, Құдайдан үмітіңді үзбе, шырағым. Кім саған қазір бала таппасаң керегің жоқ деді? Бұл да бір сынақ шығар, шыдамды бол! Алла етегіңе береді әлі» деп көз жасымды сүрткен болатын. Ал күйеуім «Ендігәрі бұл әңгімені қозғама!» деп ұрсып тастаған еді. Қайынатам да қызуқанды адам. Күйеуіме ұрсып жатыр «Келінге сен бірдеңе деп, ренжіткен шығарсың» деп.

Сонымен бұл тақырып жабылды. Үйленгенімізге он бірінші жылға аяқ басып жатқанда жаңа жылдың қарсаңы болатын. Базарға барып, мерекелік дастарханға қажетті азық-түліктерді алуға барғанбыз. Сонда базардан шыға бере дәріханаға көзім түсті. Негізі көптен бері жүктілікті анықтайтын тест сатып алмағаныма біраз болған. Тағы да көңіл-күйім түседі деп қорқып та қалғанмын. Бірақ осы жолы неге екенін білмеймін, тағы да сынап көрейінші деп дәріханаға кіріп, тест сатып алдым. Күйеуіме білдірмеймін. Оған шын нәтиже болса ғана көрсетемін деген ойым ғой.

Содан үйге келе сала асығып тестті байқап көрдім. Тағы да бір сызық. Көңілім қатты түсіп кетті. Сол мезетте енем шақырып қалды да, қолымдағы тестті қоқысқа тастай салып, жүгіріп шықтым. Біраз уақыттан соң асханада жүргенімде күйеуімнің дәретханада отырып, «Аружааан» деп айғайлаған даусын естідім. Адамның ойына бірден жаман ой келеді ғой, құлап қалды ма екен не болды деп алып ұшып барсам, күйеуімнің көзі қуаныштан күлімдеп тұр. «Шын ба? Аружан, айтшы, шын деші?» деп қоқыстың бетінде жатқан тестті алып көрсетіп тұр. Мен күмілжіп, «Иә, тағы да болмады» деп тұрсам, артымнан енем мен атам да келіп қалыпты тыныштық па деп. Сыртқа шығып күйеуім түсіндіріп жатыр, «Апа, айтыңызшы, екі сызық деген жүктіліктің белгісі емес пе? Аружанның бойында бар сияқты» дегенде барып көзім қарауытып кетті.

Екінші сызық шығып үлгермей жатып мен шығып кеткен болуым керек сонда. Шынында да бізді бақытқа бөлеген сол жаңа жыл еді.

Абысынымның айтқан сөздерінен сол бір қиын-қыстау кезеңге қайтадан өтіп кеткендей сезімде болдым. Мен баланы қатты күтіп, армандап жүрген, тұрмысқа шыға алмай, оң жақта отырып қалған қыздарды жақсы түсінемін. Ешкімнің біреудің тағдырын талқылауға құқығы жоқ екенін де түсінемін. Тек өз бақытыма риза болып, өз өзіммен өмір сүріп жатқан жайым бар. "