ERNUR.KZ-ке келген кезекті оқырманның хатын қаз-қалпында ұсынамыз.
"Жан жарым Айгүл өте сабырлы, көп сөйлемейтін еді. Бірдеңеге ренжісе, онысын айқай-ұрыспен, ауыр сөзбен білдірмейтін. Бар ақысын тек үйдегі шаруасынан алатын. Көрпе-төсектің бәрін далаға шығарып жайып, киім-кешекті бұрқыратып жуып, кілемдерді қағып-сілкіп жатса, ашуланғанын және кешке дейін үйдің мұнтаздай таза болатынын түсіне қоятынмын. Сосын «Не жақпай қалды екен, не дұрыс болмады?» деп ойланып, кешкісін тап-таза үйде дәмді асын ішіп отырып жаймен жағдайын сұрап, сырын тыңдайтынмын.
Жасымыз 40-қа таяғанда жан жарым кенеттен ауырып, көп ұзамай дүниеден өтті. Мен үшін бұл ауыр соққы болды. Әйелімді жерлегеннен кейін қырқына дейін ешкіммен сөйлескім келмеді. Тек балаларым үшін өзімді қолға алуыма тура келді.
Әйелімнің қырқын бергеннен бір апта өткен соң, таңға жақын уақыт. Ұйықтап жатып, біреудің ас бөлмеде ыдыс-аяқ сылдырлатып жүрген дыбысынан ояндым. Балалардың бірінің қарны ашты ма, су ішкісі кеп жүр ме деп ойладым. Тұрып барсам, ешкім жоқ. Бірақ үстел үстінде әйелім ғана ерекше тәсілмен демдейтін шайы құйылып, дайын тұр... Тағы да ойыма бірінші келгені – балалар болды. Үлкен қызым дайындады ма екен деп ойладым. Жерге жата салып ұйықтап қалды ма деп іздеймін, ешкім жоқ. Бөлмелеріне барып қарадым, бәрі өз орындарында жатыр екен. Түк түсінбей, ұйқылы-ояу қайтадан барып жатып қалыппын.
Осы жағдай кейін де бір емес, бірнеше рет түнде дәл осылай қайталанды. Бірде балам «Әке, мамам түнде келіп, үстіме көрпе жауып кетті» дейді. Жүрегім шымырлап қоя берді. Түсінде көрді ме екен деп ойланып қалдым.
Сол түні бір дұғаны оқып жатып көзім ілінді. Түсіме Айгүл кіріпті. Көзінде жас, бірақ жүзі жылы. «Мен енді тыныштала аламын. Құран бағыштап, анама баруды ұмытпа» деді.
Сол күннен бастап үйде ешқандай тылсым белгі байқалмады. Ыдыс сылдырламайды, шай иісі сезілмейді. Өзім де, балаларымыз да әр жұма сайын Айгүлдің рухына құран бағыштап тұрамыз.
Осы жағдайларды айтып бірнеше молдадан, көнекөз қариялардан сұрастырдым. Бір үлкен молда «Бәлкім, жұбайыңыздың рухы бұл дүниеде бір уайымын қалдырып кеткен шығар. Айта алмай кеткен бір аманаты бар болуы мүмкін» деп одан сайын ойландырып қойды. Мұндай жағдайлар шын өмірде жиі кездесетін құбылыс дейді көнекөз қариялар. Тек адамдар мұндай жайттарды көп айтпай, бөліспегесін естімейді, біле бермейді екенбіз. Адам бұл дүниеден өткенмен, оның соңғы уайымы, сезімі, аманаты артында қалғандарға бір белгі ретінде келуі мүмкін деп түсіндірді маған."