​«Баламның басын жарса да, үндемеді": түркістандық келіншек енесі мен абысынына ренжулі екенін айтты

0
68

"Айтып тастауға батылым бармай жүр. Қанша дегенмен, өз анамның тәрбиесін көріп өстім ғой"


​«Баламның басын жарса да, үндемеді


"Бүгін мен бір жанымды жабырқатып тұрған жағдай туралы айтайын деп едім. Ешқашан ештеңеге көңілі толмайтын адамдар болады ғой. Сондай бір адамдар менің де айналамда бар. Айтайын деп отырғаным – абысыным туралы. Бәлкім абысынымда да кінә жоқ шығар. Әйтеуір арамызда түсініспеушілік пайда болып қалды" дейді ERNUR.KZ порталы арқылы абысынына назын жеткізгісі келген жас келін.


"Әкемнің інісі бізбен бірге тұратын. Оның үпір-шүпір алты баласы, менің ата-анамда төрт бала. Барлығымыз тетелес болған соң, бала болған соң, кейде ұрысып-тартысып қаламыз. Ұл балалар тіпті бірін-бірі төпелеп те жататын. Бірі құлайды, бірі жылайды, әйтеуір өздері төбелесіп, өздері татуласатын.

Сонда анам да, жеңгем де баланың арасына түспейтін. «Сенің балаң менің баламды жылатты» деген сөздер ауыздарынан шықпайтын.

Менің басымда ондай мәселе болмайтын шығар деп ойлағанмын. Өйткені ата-ене қолында емес, бөлек тұрдық. Қара шаңырақта үлкен абысыным қалған. Біз күйеуімнің жұмыс бабымен қалаға көшкенбіз. Балалы болдық. Жылына екі рет, кейде бір рет ауылға келіп тұратынбыз. Алғашқы жылдары барлығы жақсы болған. Кейін балаларымыз көбейді. Оның үстіне соңғы жылдары күйеуімнің жұмысынан мән кете бастағаннан кейін Астанадан Түркістанға, ата-енемнің қолына уақытша көшіп келгенбіз. Қазір бір шаңырақта ата-енем, қайын ағам, абысыным, бір сөзбен айтқанда екі отбасы өмір сүріп жатырмыз.

Абысынымның үлкен ұлы – ата-әжесінің тұңғыш немересі. Өте ерке. Үйде баламмен жиі ұрысып, кейде екеуі төбелесіп қалады. Басында бұл жәйтқа балалар ғой деп онша мән бермейтінмін. Алайда жеті жасар қайным менің баламды шеттететінін байқадым. Ойыншықтарын, тәттілерін қызғанып «бұл біздің үй, сенікі емес» деген сөздерін талай рет естідім. Ал менің ұлым қанша дегенмен жасы кішкентай ғой, әлсіздік танытып, жылап қалады. Сонда да оған «Ол сенің ағаң, ренжіте берме, екеуің бірге ойнаңдар, тәттіні бөлісіп жеңдер» деп түсіндіріп қоямын.

Бірде екеуі далада ойнап жүрген, допқа таласты ма қайдам, бір сәтте апыр-топыр төбелесіп кетті. Екеуін ажыратуға барам дегенше, кішкентай қайным баламның басынан жерде жатқан жұмыр таспен қойып қалды. Баламның жан дауысы шықты. Жетіп барып, көтеріп үйге кіргіздім де, қан аққан басын дәкемен таңып қойдым. Осы оқиғаға енем де, абысыным да куә болды. Мені таңқалдырғаны сол, олар қиқар балаға бір ауыз сөз айтқан жоқ. Кішкентай қайныма ыза болып, жөнге келтіргім-ақ келіп тұр, әттең абысынымның көңіліне тиіп қала ма деп тілімді тістеп қалдым. Мейлі, ерке болса ерке шығар, бірақ балалардың арасы жақсы еместігін көріп жүрген енем мен абысыным ұрысып-төбелесе берудің жаман екенін, шеттете бермей бауырмашыл болу керектігін ұғындырып қойса болады ғой. Балалардың ортасына түсе берсем жексұрын көрініп қаламын ба деп қорқамын. Ал олар бұған бейжай қарайтын секілді.

«Біріншісінің мазасын, екінші берер жазасын» демей ме, менен кейін тағы екі келін келеді. Қайынсіңлім де бір күні тұрмыстағы əйел атанар деп өзімді жұбатамын. Айтып тастауға батылым бармай жүр. Қанша дегенмен, өз анамның тәрбиесін көріп өстім ғой, ештеңе айта алмаймын."