"Бірақ, осындайды көріп өсіп жатқан балаларына жаным ашиды."
Сурет: ts3.explicit.bing.net
"Адамға ең бірінші ар-намыс керек. Өйткені, қандай жолмен байып, қалай күн көріп жатқаның өзгелерге керек те емес, қызық та емес. Абыройыңның тазалығы сырттағы адамдарға сезіліп тұрады. Сондықтан, мұндай адамды әрқашан осы қасиеттері сыйлы етеді."
Осындай өзекті пікірін жеткізген ERNUR.KZ порталының оқырманы Данагүл апайдың түпкі ойында не тұр? Әрі қарай оқысаңыз, түсінесіз.
"Бұны айтып отырғаным, қазір әлеуметтік желілердегі сан түрлі бейнежазбалар маған әр алуан ойларды туғызады. Қайырымдылық қорлары тұрмыс-жағдайы төмен немесе денсаулығымен сыналып, қиналып жүрген адамдарға көмек ұсынып жатқан, үй, көлік, ақша табыстап жатқан видеоларды көреміз. Олардың да ішінде қарапайым, көңілі таза адамдар экранның бергі жағына сезіліп тұрады. Кейде «әттеген-ай» деп қамығып қалатын сәттерім де болып тұратынын жасырмаймын. Жетпейтін шығар, қалай балаларымды асыраймын деп шақшадай басы шарадай болған шарасыз жан шығар. Бірақ блогерлерге «қиналып жатырмын» деп бүкіл өмірбаянын айтып, жылап-сықтаған кейбіреулеріне жаным ашымайды. Өйткені, балалары жұпыны болып отырса да, өздері жасанды кірпік жасатып, тырнақтарын сояудай етіп өсіріп, боянып алатын әйелдерді көргенде ішім жылымайды.
Әрине, әдемі болып жүрген жақсы ғой. Бірақ ол әдемілігін жасау үшін аз ақша кетпейді. «Сол ақшаға балаларына бір күндік тамақ алса да, 1-2 кг ет алса да, сол олжа емес пе?» деп ойланып қаламын.
Ол да ештеңе емес, кейбірі тіпті «Жалдамалы пәтерде тұрып жатырмыз, пәтердің ақысын төлей алмай отырмын» дейді де, есіктен төрге дейін шашылып отырады. Тамақтанатын бөлмесі шыбыннан құжынап, ас бөлмесіндегі газ плитасы қатып қалған кірден көрінбейтін әйел адамды көргенде, жанашырлықтан бұрын, жиіркеніш сезімі туындайды менде. Соларды қарап отырып ұрсып отырамын.
Бәлкім, менікі де дұрыс емес шығар, әркім өз өмірін сүріп жатыр ғой. Бірақ, осындайды көріп өсіп жатқан балаларына жаным ашиды.
Өзіңде барлығы болған соң, бұндайлардың жағдайын түсіне алмайсың дерсіздер. Бірақ мен де сол әйелдердің орнында болдым. Күйеуім екеуміз қалада пәтер жалдап тұрған едік. «Біреудің баспанасы ғой» деп қарамадым, өзіміз сол жерде уақытша болса да тұрып жатқан соң, отырған жерімді таза ұстадым.
34 жасымда 3 баламен жесір қалғанмын. Ойпыр-ай, біреуге бірдеңе бермесем, бір үзім нан сұрап алмаппын. Қалада өмір сүру қиын болса да, бар күшімді салып балаларымды жеткізуге тырыстым.
Жолдасым марқұм «Сендерді өзім асыраймын, сен тек балалардың, менің жағдайымды жасап үйде отыр» деп табыс табуға кірістірмеді. Оның үстіне, балаларым кішкентай болғандықтан, сәл өссе жұмысқа шығамын ғой деп отырған едім. Адамның ойлағаны болмайды ғой, аяқ астынан қайғылы жағдайға тап болып, не істерімді білмей отырып қалдым.
Енді балаларымды асырап-жеткізу өз мойныма артылды. Езіліп отырған жоқпын, тағдырыма жазылғанды өзгерте алмайтыным белгілі еді ғой. Енді мұғалімдік жұмысқа тұрсам, бір айлықтың күнкөрістен артылмасын біліп, дипломымды сандыққа салып, саудаға шығып кеттім. Қолымда тесік тиын жоқ бастап кеттім. Ақша жинап алу үшін, ауылдан келген бір қап пістені қуырып, саттым. Одан тапқан пайдама ұн мен картоп, жентектелген ет алып, манты пісіріп саттым. Күндіз балаларымды балабақшаға орналастырып, өзім де сол жерде бала күтуші болып жұмыс істедім. Кешке келе сала жанталасып мантымды пісіріп, түнгі базарларға апарып саттым. Ештеңе жоқ, ешнәрсе жұғып қалмады. «Аллаға шүкір, он екі мүшем сау тұрғанда жыламаспын, өзім әрекет етіп балаларымды бағармын» деген мақсат болды. Енді денсаулығы жоқтарға, шынайы мұқтаж жандарға көмектескен дұрыс. Ал дені сау, қасына дейін татуаж жасатып, беттерімен әлек болып, балаларына келгенде ақшасы жоқ болып, аузын қу шөппен сүртіп отыратындарды көргенде, шыны керек, қаным басыма шабады.
Бала үшін әр ана, әр әке жауапкершілікті өзі алуы керек деп ойлаймын өз басым."