Үйде АҚШАНЫ кім ұстаса, ҚАРЖЫ "ҚАУІПСІЗ" болады?

0
148

Отбасылық бюджет үнемі әрі дәлдікпен, сауатты жүргізіледі.


Үйде АҚШАНЫ кім ұстаса,  ҚАРЖЫ

көрнекілік фото: pinterest.com

Ерлі-зайыптылардың отбасындағы қаржылық қауіпсіздігі – отбасы мүшелерінің күнделікті өміріне, болашағына және күтпеген жағдайларға қаржылай сенімді әрі тұрақты негізде дайын болуы. Бұл жай ғана жұбайлардың екеуінің де табыс табуымен шектелмейді. Олардың аз не көп тапқанына да байланысты емес. Жұбалардың жанұядағы қаржылық қауіпсіздігі екеуінің де ақшаны дұрыс басқара алуы, ортақ мақсат қою және бір-біріне қаржылық сенім артуымен тығыз байланысты.


Қаржылық қауіпсіздік - бұл ерлі-зайыптылардың:

  • өмір сүруге жеткілікті қаражаты бар,
  • күтпеген жағдайлар (жұмыссыз қалу, ауру, дағдарыс) кезінде қиындықсыз өмір сүре алуы,
  • қаржылық жағынан бір-біріне сенетіні,
  • ортақ қаржы жоспарлары мен ережелері бар,
  • қарызға батпай, қаржылық тәуелсіз өмір сүруі.

Жұбайлар арасындағы ұрыстың 60-70%-ы қаржыдан туындайды. Қаржы тұрақтылығы – тек материалдық емес, психологиялық жайлылықтың да кепілі. Қарым-қатынастағы қаржылық қауіпсіздік – бұл екі тараптың да материалдық жағынан өзін сенімді әрі жайлы сезінетін жағдайда болуы. Егер қиындық туындаса, олар бұл жағдайдан бірге шыға алатынын немесе бір-біріне сүйене алатынын біледі. Балалардың да болашағына дұрыс бағдар беріледі. Отбасында қаржылық қауіпсіздік орнағанын мынадай басты белгілер арқылы аңғаруға болады.


1. Ортақ қаржылық мақсаттар бар

Ортақ қаржылық мақсаттардың болуы – ерлі-зайыптылардың жанұядағы қаржылық қауіпсіздігінің маңызды белгісі. Бұл тек ақша жинау емес, ерлі-зайыптылар арасындағы сенім мен өзара қолдаудың, болашаққа деген ортақ көзқарастың көрінісі. Ортақ мақсаттар отбасы мүшелерінің бір бағытта өмір сүруіне мүмкіндік береді. Мысалы, үй алу, баспананы жөндеу, баланың оқуына ақша жинау, кәсіп ашу немесе демалысқа бару секілді нақты мақсаттар екеуара ынтымақтастықты күшейтеді. Мақсаттарға жету үшін екеуі де жауапкершілікті сезінеді, бұл отбасының ішкі байланысын нығайтады.

Ерлі-зайыптылардың ортақ мақсаты болмаса, әрқайсысы өз ақшасын жеке мақсатына жұмсаса, бір-бірінен жасыру, санасу, жанжал орын алу ықтималдығы жоғары. Ал ортақ жоспар болса, әр теңге мақсатты түрде жұмсалады.

Ортақ қаржылық мақсаттар – отбасының тек материалдық емес, эмоционалдық тұрақтылығының да кепілі. Бұл – бірлік пен түсіністіктің, ортақ өмірлік жоспардың дәлелі. Мұндай мақсаттар ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасын тереңдетіп, жанұядағы қаржылық қауіпсіздікті күшейтеді.Үй алу, көлік сатып алу, демалыс, балаларға білім беру сынды ортақ жоспарлар айқын. Бұл мақсаттарға бірге ақша жинап, бір-бірін қолдап отырады.


2. Жұбайлар ақша туралы ашық сөйлесе алады

Ақша туралы ұрыспай, ашық әрі сенімді түрде сөйлесе алады. Жасырын несиелер, жасырын сатып алулар жоқ. Арада құпия немесе жартылай айтылмай қалған әңгіме жоқ. Бюджет бөлек болса да, әркімнің табысы жайлы шамамен хабардар. Сонымен қатар, серіктесі бүкіл жалақысын жаратып қойып, ортақ шығындарға үлес қоспай қояды немесе жасырын несие алады деп қорқу жоқ. Себебі мұндай шешімдер алдымен ақылдаса отырып қабылданады. Қажет болса, серіктесін тыңдатып, райынан қайтара алады.

Ерлі-зайыптылар ортақ мақсаттарды, соның ішінде ақшаға қатысты барлық жоспарларын ашық талқылай алса, ешкім ешкімнің сыртынан жасырын әрекет жасамайды.


3. Айлық табыс пен шығын ортақ бақылауда

Отбасылық бюджет үнемі әрі дәлдікпен, сауатты жүргізіледі. Табыс пен шығынның нақты есебі жазылады. Әр айда қайда, неге қанша жұмсалатыны белгілі. осындай ашықтық пен анықтық жағдайында ерлі-зайыптылар өздерін қаржылық қауіпсіздікте сезінбеуге себеп жоқ.


4. Жеке шығындар үшін есеп алмайды

Табысыңызды еркін айта аласыз, оны жасыру қажет емес. Сатып алған затты жасыру, бағасын төмендету немесе жапсырмасын жыртып тастау, түбіртек жинау сияқты әрекеттерге мәжбүр болмайсыз.

Ерлі-зайыптылардың отбасылық бюджет жүргізіп, шығындарын жоспарлы түрде жасғаны, оның ортақ бақлауда болғаны жақсы. Бірақ бәрібір де жеке шығындар блмай тұрмайды. Мысалы, аяқ астынан бір тағамға аңсарыңыз ауды, қандай да бір күтім затын қолданып көргіңіз келді, бір көйлекті көріп, ұнатып қалдыңыз немесе досыңызбен жолығып қалып, дәмханада әңгіме-дүкен құрдыңыз делік. Қаржылық қауіпсіздік онаған ортада осындай жағдайларда жасалған жеке шығын үшін сізден есеп алу, айып тағу не ұят сезімін таңу болмайды.


5. Әр мақсатқа бөлінген өз бөлшегі бар

Отбасылық бюджетте бірнеше пункт бар. Олардың кейбірі күнделікті жаратылмауы мүкін. Бірақ, ол пункт бойынша бөлінген қаржының мұрты бұзылмай ұзақ сақталады. Керек кезінде ғана жаратылады. Мысалы, өзіңіз қалаған уақытыңызда жұмсай алатын жеке ақшаңыз. Сомасы аса үлкен болмаса да, сізде әрдайым шұлық, сусабын, т.б. қалауыңызды сатып алуға ақша болады. Оған екінші адам басқалай жағдайлармен зәру болып тұр деген желеумен қол сұға алмайды. Және ол қаржыны жұмсау үшін өмірлік серігіңізден рұқсат сұраудың қажеті жоқ.

Сондай-ақ, ерлі-зайыптылардың төтенше жағдай үшін жиған бөлек қорлары бар. Бұл қорда кем дегенде 3-6 ай өмір сүруге жететін жинақ бар. Одан да ешкім басы артық ақша алмайды. Ауыр жағдай туған кезде ғана ерлі-зайыптылар ортақ шешіммен осы жинаққа сүйенеді.

Болашаққа дайындық жасау мақсатында зейнетке, балалардың оқуына алдын ала ақша жинауды да осы қатарға қосуға болады.


6. Қарыз-несиелер жоқ немесе ортақ бақылауда

Ерлі-зайыптылар ешқашан несие алмаймыз немесе ешкімнен арыз сұрамаймыз деген секілд ортақ келісімге келген. Немесе, оларда ортақ несие, ипотека бар, төлем кестесі реттелген, уақытылы өтелуде. Мұндай тұрақтылықтың өзі отбасында қаржылық қауіпсіздік сезімін орнатады.


7. Екеуі де қаражатқа жауапты

Ақшаны басқару тек бір адамның мойнында емес. Екі жұп та жүйелі түрде үздіксіз қаржылық сауаттылығын арттыруға ұмтылады. Алған білімімен, жиған тәжіибесімен бөліседі. Практикада қолдану туралы шешімді де бірге қабылдайды.


8. Қаржылық шешім қабылдауда тең құқылы

Отбасылық бюджеттен жұмсалатын үлкен шығын, несие алу, үнемдей бастау секілді маңызды шешімдер қабылдау алдында ерлі-зайыптылардың екеуінің де пікірі ескеріледі. Олардың арасында «Сен басыңды қатырып неғыласың, бәрібір ештеңе түсінбейсің. Мен жақсырақ білемін. Үйдегі басшы мен, сондықтан шешімді өзім қабылдаймын» деген сынды сөздер айтылмайды. Ашық сөйлесіп, бір-бірін тыңдап, екеуінің де көңілінен шығатындай шешімдер іздейді.


9. Форс-мажор жағдайда серіктеспен ақылдаспай-ақ ақша жұмсай алады

Бұл да үлкен сома әрі ерекше жағдайға байланысты. Ерлі-зайыптылардың екеуі де төтенше жағдайларға деп жиналған қор қайда жатқанын және онда қанша қаражат барын біледі. Аяқ асты шұғыл жағдай бола қалса (мысалы, кенеттен ауырып қалса, балалар құлап қалса, т.с.с.), жұбайының рұқсатын күтпей-ақ қжетті шараларды жасау үшін ақша ала алады.


10. Үнемдеу – екеуінің де есебінен

Отасылық бюджетті қарастырғанда үнемдеу туралы шешім жиі қабылданады. Бірақ кейде бұл жүк тек бір адамның мойнына түсіп жатады. Мысалы, күйеуі достарымен басқосуларды қысқартады, ал әйел киім не косметика алуды азайтқысы келмейді. Немесе, әйел азық-түліктен үнемдеуге тырысады, ал ері жиі мейрамханадан тамақтанады. Біреу хоббиінен бас тартады, ал екіншісі жалғастыра береді. Егер екі тарап та әртүрлі бағытта үнемдеп жатса, бұл қалыпты. Бірақ тек бір адам үнемдеп, екіншісі шығындарын қысқартпаса, бұл дұрыс емес. Мұндай жағдайда қаржылық қауіпсіздікті сезіну мүмкін бе? Әрине, жоқ.

Отбасылық қаржылық қауіпсіздік – бұл табысты, қалталы болу емес, ақшаны дұрыс жоспарлап, екеуі де тыныш, сенімді өмір сүруі. Егер жұптар ақша жайында еркін сөйлесе алса, ортақ жоспарлар жасап, табысты дұрыс басқара білсе, онда олар қаржылық қауіпсіздікке жеткен.

Дайындаған: А. Бектұрғанова,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

БАҚЫТТЫ БОЛҒЫСЫ КЕЛГЕН әйел - НАШАР әйел ме?