Шымкент қаласында пробация қызметі есебінде тұрған жастар арасында кіші футболдан турнир ұйымдастырылды.
Іс-шара Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында, «Жалын» жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен «Жаңа өмір» жобасы шеңберінде өтті.
Жарыстың басты мақсаты – өмірлік қиын жағдайға тап болған жастарды қоғамға бейімдеу, бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау және салауатты өмір салтын насихаттау болды.
Турнирге қаладағы бес ауданнан іріктелген 10 құрама команда қатысты. Ойын басталмас бұрын төрешілер командаларға ойын ережелерімен таныстырып, әділ жеребе тарту рәсімін өткізді. Қарсыластар анықталған соң, алаңда тартысты ойын өрбіді. Әр команда жеңіске жету жолында бар күш-жігерін салып, спорттық рух пен бірліктің жоғары үлгісін көрсетті.
Турнирдің жабылу салтанатында Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Ақбота Оспан мен Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары, әділет полковнигі Нұрлыбек Әлібекұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілеп, жеңімпаздарды марапаттады.