"Жетім жігітті армандадым": әкесіз өскен келіншек күйеуін көпшілікке үлгі етті

0
249

"Барлық әкесіз, анасыз өскен ұл-қыздар бақытты болуға әбден лайық"


Сурет: t3.ftcdn.net

"Ешқашан қолыма артық зат көтертпейді, бәрін өзі көтереді. Ер адамның қандай болу керектігін іспен көрсетеді" деген келіншек ERNUR.KZ оқырмандарына, әсіресе жас жігіттерге күйеуін үлгі еткісі келеді.


"Бойжете бастаған шағымда болашақ отбасым туралы ойланамын ғой. Сонда «Әкесі не анасы жоқ жігітке тұрмысқа шыққым келеді» дейтінмін. Себебі, өзім әкесіз өстім. Әкесі де, анасы да бар жігіттер мені түсінбейді деп ойлайтынмын. Сен көрген қиындық пен сен аңсаған мейірімді бірдей басынан өткізген адам ғана түсінеді дегенге сендім.

«Ертең барған жерімде «Сен әкесіз өскенсің» деп бетіме басса қайтем? «Әкенің тәрбиесін көрмеген» деген сөзді естімеуге тиіспін» - менің ішімдегі ең үрейлі ойлар осындай еді. «Әкесі-шешесі жоқтар балажан болады, олар өз баласын ешқашан тастамайды» деп шығарып алған түйінім бар әйтеуір.

Бірақ, адамның емес, Алланың дегені болады ғой. Толық отбасынан шыққан жігіт ұнатып, сөз салып жүрді. Ол да менің көңілімнен шығып тұр.

Басында өзіме қойып алған ереже-талаптардан ауытқымай, кеудесінен кері итеріп жүрдім. Кейін өзімнің отбасылық жағдайымды, тұрмыс құруға қатысты жоспарымды айттым. «Әкем жоқ» дегенім мүлде кері әсерін берген жоқ. Қайта мені «Ол сенің кінәң емес қой. Әкең жоқ болса да, басқалармен бірдей, тең құқылы адамсың. Бәрі сияқты бақытты болуға қақың бар. Неге өзіңе керек емес шектеулер қойып алғансың? Мен сенен осы үшін бас тартпаймын. Әке-шешем де түсіністікпен қарайды, ештеңені де бетіңе баспайды» деп жұбатты әрі сендірді.

Сөйтіп, алты айдай жігіт пен қыз болып жүріп, кейін отбасын құрдық. Айтқанындай-ақ, күйеуім де, ата-енем не туыстары да – ешқайсысы әкемнің бар-жоғын мүлде есіме салмады, бетіме баспады.

Бірақ, қазір әкенің бар болғанның қандай жақсы екенін өз отбасымнан көріп отырмын. Шүкір, жолдасым керемет әке, керемет жар. Балдарына бар мейірімін төгеді.

Біздің үйде анам да, мен де ешкімге жүк артпауға, өз арбамызды өзіміз дөңгелетуге үйренгенбіз ғой. Күйеуге шыққанша біраз ауыртпашылықты көтеріп үлгергенмін. Қазір барлық жауапкершілік толығымен жолдасымда.

Ешқашан қолыма артық зат көтертпейді, бәрін өзі көтереді. Ер адамның қандай болу керектігін іспен көрсетеді. Бұл да өмірдің бір балансы шығар.

Барлық әкесіз, анасыз өскен ұлдар мен қыздар бақытты болуға әбден лайық. Жібі түзу жар жолықса, әкесінен не анасынан ала алмаған махаббат пен қамқорлықты сол жұбайынан алады."