"Анамның тұрмысқа шыққанын қаладым": жас жігіт анасына күйеуге шығуды өзі ұсынғанын айтты

0
242

Басында анам қашқақтады, «Осы жасқа келгенде қайдағыны айтпа! Мен өзімді жақсы сезінемін, ешқашан жалғыздықты сезінбеймін сендер барда» деп қарсылық білдірді.


Сурет: static1-repo.aif.ru

"Әрине анамды қинап тұрмысқа берейін деген ой жоқ. Алайда жақсы адам жолықса, "жоқ" демейтінімізді, оның бақытты болғанын көргіміз келетінін айтып тұрмын. Мен ғана емес, інім де, қарындасым да осындай ойдамыз."

ERNUR.KZ порталының оқырманының қазіргі басты уайымы - анасы екен. Жас жігіт неге өзінің шаңырақ көтеруін емес, ақ шашты анасының тұрмысын ойлап жүр, онысын өз әңгімесінен білейік.


"Анам жастайынан жесір қалып, үш баланы жалғыз өзі асырап-жеткізді. Әкеміз жол апатынан қайтыс болғанда біз бала едік. Балалықпен ойынға алданып кетсек те, әкеміздің енді ешқашан оралмайтынын жүрекпен сезуші едік. Анамның жылағанын, талай қиналғанын да көріп өстік. Көз жасын ешқашан көрсетпеуге тырысатын. Бірақ қаншалықты мықты болып көрінгісі келсе де, бәрібір ол да ет пен сүйектен жаралған адам ғой, оның үстіне жаны нәзік әйел.

Анамызға тек қана сөзбен қолдау білдіруден басқа қолымыздан ештеңе келмейтін. Мен отбасындағы тұңғыш ұлмын. Менен кейін бір інім, бір қарындасым бар. Қарындасым тіпті кішкентай, бесікте жатқан бала еді әкемізден айырылғанда. Мен бастауыш сынып оқушысымын, інім балабақшаға баратын еді сол кезде. Осының барлығы менің ерте есейіп кетуіме ықпал етті. Мына өмірдің алдамшы, жалған екенін ұқтым.

Інім «Әкем қайда? Ол неге келмейді? Мен оны сағындым» деп жылап, мазаны алған кезде оны жұбатамын деп үйдің іші азан-қазан болатын. Ал мен барлығын білемін, сондықтан, анамның жүрегін одан әрі ауыртпау үшін ештеңе сұрамадым. Тек қана оны құшақтап, жыласа көз жасын сүртіп, өзімнің көз жасымды көрсетпейтінмін.

Сол бір қиын сәттерді де бастан кешірдік қой. Сол кездегі кішкентай ғана, қорғансыз, әлсіз балалар бүгінде ер жеттік. Анам үшеуімізді қатарымыздан қалдырмай өсірді. Бізге барлығын берді. Өзіне қаншалықты қиын болса да, ешкімнен көмек сұрамады, тұрмысқа шықпады.

Мен үйдің тұңғышы болғандықтан, өзімнен кейінгі баурыларыма қарайласып, анама қолғабыс еттім. Тоғызыншы сыныпты бітірген соң, ары қарай колледжге оқуға түсіп, мамандық алған соң, жұмыс істеймін, анамды үйде отырғызып, қолынан ісін аламын деп алдыма мақсат қойдым.

Адам армандаса, алдына мақсат қойса, ниеті дұрыс болса, міндетті түрде ойлағанына қол жеткізеді. Әуелі Алла-Тағаланың маған берген ризық-несібесі шығар, анамның дұғасы шығар, тура жолдан таймадым.

Әйтпесе, менің әкем жоқ, мені қолдайтын адам жоқ, мен қайда барам деп өз өзін тастап жіберген өзіммен қатар жігіттерді де көрдім. Бәлкім, олардың күш-жігері, ішкі сенімі аздау болды ма, ешкімнің тағдырына сын айта алмаймын. Бірақ өзім мойымадым. Анам да маған үлкен сенім артатын.

Колледжде «фельдшерлік» мамандығын алып, көп ұзамай, жедел жәрдемге жұмысқа тұрдым. Керемет табыс табамын деп айтпаймын, бірақ мен өз жұмысымды сүйемін. Ауруы жанын қинап, көмек сұраған адамдарға әрқашан көмек қолын созып, барынша қолдау көрсетемін.

Інім жақында әскерден оралды. Қарындасым университеттің соңғы курсында оқып жатыр. Өміріміз тек қуанышқа, бақытқа толы, Аллаға шүкір. Алайда, анамның жалғыздығы жанымызға батып жүрген. Жалғыз деп айтуға әрине ауыз бармайды, біз бармыз, үш перзенті бар ана ешқашан жалғыз емес. Бірақ сонда да олардың әрқайсысының өз өмірлері бар, анамның жанын түсінетін, қасында сырласатын бір адам болса деген ой біраздан бері мазалап жүрген.

Осы ойымды анама жеткіздім. Басында анам қашқақтады, «Осы жасқа келгенде қайдағыны айтпа! Мен өзімді жақсы сезінемін, ешқашан жалғыздықты сезінбеймін сендер барда» деп қарсылық білдірді.

Басында әрине анамды қинап тұрмысқа берейін деген ой жоқ, алайда жақсы адам жолықса мен анамды қызғанбайтынымды, оның да бақытты болғанын көргім келетінін айтып, ойланып көруіне мүмкіндік бердім. Мен ғана емес, інім де, қарындасым да осындай ойда болатынбыз.

Содан Алла біздің ниетіміздің дұрыстығына орай, анамның жанын түсінетін, қиын күндерде де, бақытты сәттерінде де қасында болып, қолдау білдіре алатын нағыз ер-азаматты жолықтырды. Ол адам бізге де ұнады.

Сөзі түзу, қарым-қатынасы жылы, адамгершілігі мен түсініг мол, ол да өмірден біраз қиындық көрген адам екен. Анам екеуі жұмыс бабымен таныс болып қалған екен. Содан араласып, сөйлесе келе бір-бірі туралы мәліметтерді білген.

Солай екеуі отбасын құрамыз деген шешімге келген кезде барлығынан бұрын мен қуандым. Өйткені, анамның көзінен шуақты көрдім. Жүзі бал-бұл жайнап, бақытты сәттерін басынан кешіп жүргенін көрдім."