"Аға-жеңгемнің балаларын бағам деп...": тұрмысқа шықпаған бойжеткен уақытын өткізіп алғанына налыды

0
345

"Жеңгемнің от салуымен ағам үйден қуып отыр"


Сурет: p7.tabor.ru

"Отбасында үш ағайындымыз. Мен – ортаншы перзентпін, алдымда ағам, менен кейін сіңлім бар. Ағам үйленген, бала-шағасы бар, сіңлім де осыдан бір жыл бұрын тұрмыс құрған. Ал мен әлі салт бастымын" деген бойжеткен ERNUR.KZ порталы тілшісіне бар мұңын айтып берді.


"Ата-анамыз өмірден өткен. Бәлкім, сол қайғыны көтеру маған қиын болған шығар, тұрмыс құру туралы мүлдем ойланбайтынмын. Бірақ, жақында ағамның айтқан сөздерінен кейін қатты ойланатын болыппын. Ағам жай ғана тұрмысқа шығуым керек екендігін тігісін жатқызып, көңілге тимейтіндей етіп айтқан жоқ, қатты, ауыр батырып айтты. Бәлкім, «осылай десем әсер ететін шығар» деп ойлаған болар, оны да жазғыра алмаймын. Бір жағынан, «жеңгемнің айтқызып отырғаны болар» деген де ой келді.

Себебі, осы кезге дейін ағам, сіңлім – үшеуміздің арамызда ешқандай кикілжің болмаған. Бауырлардың арасында мейірім, жанашырлық, бауырмалдық бар еді. Үнемі бір-бірімізге қолдау білдіріп, қолымыздан келген көмекті аямай, жылы сөздермен жанымызды жұбататынбыз. Алайда, бір құрсақтан шықсақ та, бірге жүрмек жоқ екенін өмірдің өзі дәлелдеп берді.

Ағам үйленген кезде сіңлім екеуміз жеңгелі болдық деп қатты қуанғанбыз. Тек қана жеңгелі емес, анамыздың орнын басар, отбасымыздың ұйытқысы келді деп қуандық. Әрине, жеңгемді жаман демеймін, ағам екеуі үш перзентті тәрбиелеп, ұйыған шаңырақ болып отыр бүгінде. Пенде болған соң, әр адамда әртүрлі мінез де болады. Жеңгемнің онша-мұнша мінездерін ағам үшін кешірдік.

Сіңлім тұрмысқа шығып кетті. Ал мен аға-жеңгемнің балаларына қарап, үйдің тірлігін істеуден басқаны ойламай, жасым ұлғайып бара жатқанын да байқамай қалыппын. Сөйтіп жүргенде ағамнан алғыс естудің орнына, ұрыс естідім.

Бір жолы ағам ішіп келіп, «Сен қыз осылай жүре бересің бе? Кетсей байға! Неғылған адамсың, кімге тартқан былжырақсың?» деп сөйлеп тастады. Сол жолы шынымен көңілім қалып, әке-шешемді іздеп, сағынып, қатты жыладым. Ағам екеуміздің арамызда болған әңгіменің бәрін ішіме сыймай сіңліме айтып едім, ол ашуланып кетті.

Ол мен сияқты емес, айтатын жерде айтып, сөйлейтін жерде сөйлеп алады. Бет-жүзің бар демейді. Бұл жолы да сөйтті. Дереу үйге келіп, «Әпкемді неге жылатасыңдар, осының арқасында жағаларың жайлауда боп жүргендеріңді ұмыттыңдар ма?» деп айтып тастады. «Қызды жылатсаңдар, оңбайсыңдар! Құдайдан қорықсаңдаршы» деп ескертіп кетті. Бірақ ол кеткен соң жеңгем тырысып-бүрісіп, мен істеген тамақты ішпей, өзінше боп қалды. Қазір менің бетіме қарап сөйлемейді. Маған тиісті айтатыны бар болса, бәрін баласынан айтып жібереді. Ағам да солай. Кешке кеш келеді, таңертең бетіме қарамай, сөйлемеген күйі шығып кетеді.

Бөлек пәтерге шығып кету туралы да ойландым. Бірақ өмір бойы осы үйде тұрып, ешқайда шығып көрмеген соң, бір жағынан ағамның балаларын да қимай, ешқайда кете алмадым.

Оқуымды бітірген соң, жұмысқа да орналаспадым. Жеңгем бірінен соң бірін босанып, балаларға қарасып жүріп қалдым. Енді балалары шамалы есейіп, балабақшаға баратын жасқа жеткенде мен керексіз болып отырмын ғой оларға. Жеңгеме көмектескенімді міндетсінбеймін, бірақ еңбегімді, жақсылығымды жоққа шығарғаны үшін ашуым келді.

Бір жолы Қызылордадан группалас құрбым келіп, «жолығайық, көптен көрмедім, сені сағындым» деген соң, кафеге барғанбыз. Онда да құрбымды күтетін ақшам жоқ, сіңлімнен қарыз сұрадым. Кафеге барып, әңгіме-дүкен құрып, кеш батқанша отырдық. Балаларды балабақшадан алатын уақыт келсе де, отыра бердім. Ішімнен «менсіз күндерін көрсін» деп ойладым. Балабақшадан алатын адам келмегесін тәрбиешілер жеңгеме қоңырау шалған. Ол бірден маған телефон соқты. Тұтқаны көтермей қойдым. Ағам да «Қайдасың? Хабарыңды айт» деп жазып жіберіпті. Жауап бермедім. Қараңғы түскенде үйге жетіп, есіктен кіре бергенім сол еді, «Қайда жүр екен? Түннің жарымы боп қалды» деген ағамның даусын естідім.

«Қайда жүрер дейсің, байға тиіп кеткен шығар. Бірақ оны кім алар дейсің, қазір жігіттер де пайдаға қарай жүгіретін болған ғой» деп жеңгем тақылдап отыр. Менің сөзімді сөйлейтін шығар деп ағамның реакциясын бақсам, ләм-мим демейді.

Сол күннен бастап өз өмірімді қолға алдым. «Балаларыңды өздерің алыңдар, мен жұмысқа тұрдым» деп шорт кестім. Әлі жұмыс таба алғаным жоқ. Сонда да таңертең үйден жұмысқа баратын адам сияқты шығып кетем. Кешке жұмыстан келген адамдай кіріп барам. Өтірігім үшін ұяттан өртеніп барам. Бірақ баяғыдай жеңгемнің құлы боп жүре беруге көкірегім жіберер емес.

«Брінші айлығыңды алсаң, бөлек пәтерге шығатын шығарсың?» деп жеңгем шай үстінде бір әңгіме бастады. «Бұйыртса, шығам» дедім намысқа тырысып. Бірақ қайда барып күн көрерім белгісіз. Мына тозақтан шығатын жол бар ма? Жақсы жігіт кездессе махаббатқа да, басқаға да қарамай тие салар едім..."