Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібін дамыту және цифрландыру мәселесі қаралды.
ERNUR.KZ. Онда өнеркәсіп және құрылыс, энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, жасанды интеллект және цифрлық даму министрлері атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Сондай-ақ Қостанай, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері тыңдалды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Премьер-министр өңдеу өнеркәсібін дамыту экономиканың орнықты өсуінің негізгі шарты екенін атап өтті.
Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 24 трлн теңгеден асып, 5,8%-ға артты. Өсім ең алдымен металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары сияқты негізгі сегменттердегі өндірістің артуы есебінен қамтамасыз етілді.
Жалпы, Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі кейінгі бес жылда шамамен үштен бірге өсті. Kia, Sinopec, John Deere, Claas сияқты жаһандық көшбасшылардың қатысуымен ондаған жаңа кәсіпорын іске қосылды.
Өткен жылы өңделген өнімнің экспорты $23 млрд-тан асты. Бұл ретте металл бұйымдары ғана емес, сонымен қатар машина жасау, химия, тамақ өнімдерінің экспорты да артып келеді.
«Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру, еңбек өнімділігін арттыру, жаңа технологиялар енгізу және еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін нығайту жөнінде нақты міндеттерді айқындап берді. Дәл осы өңдеу секторында қосылған құны жоғары өнімдер жасалады. Біліктілігі жоғары жұмыс орындары ашылады. Өңдеу саласы еліміздің технологиялық егемендігін қалыптастырады. Бүгінде жалпы ішкі өнім құрылымындағы өңдеу секторының үлесі шамамен 13%-ды құрайды. Экономиканы белсенді түрде әртараптандыру ісін жалғастыру маңызды. Біздің мақсатымыз – жалпы ішкі өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесін 2030 жылға қарай 15%-ға дейін, ал 2035 жылға қарай 18-20%-ға дейін жеткізу. Бұл нақты орындалатын міндет екенін ерекше атап өтемін. Ол үшін бізде шикізат, энергия, қолайлы географиялық жағдай, жас әрі білімді адами капитал тағы басқа да қажеттінің бәрі бар», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр отандық тауар өндірушілерге жүйелі қолдау экономикадағы өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру жөніндегі мақсатқа қол жеткізудің маңызды шарты екенін атап өтті.
Бірқатар салада қабылданған өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету тетігі қазірдің өзінде нәтижесін беруде. Кәсіпорындар қуаттылықты жүктеу мен жаңартуды жоспарлаудың болжамдауға болатын шарттарын алды.
Келесі жылдан бастап реттелетін сатып алулар нарығында шын мәнінде жұмыс істеп тұрған отандық кәсіпорындарға басымдық беретін қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі іске қосылады.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында өңдеу өнеркәсібіне инвестиция салуды басым бағыт ретінде айқындап берді. Биыл 10 айда осы секторға салынған инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 30%-ға жоғары.
Мұндай өсім, ең алдымен, Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында жаңа өндірістердің іске қосылуына байланысты болып отыр. Биыл Картаға сәйкес, жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 190 жобаны жүзеге асыру көзделген. Қазірдің өзінде 147 жоба пайдалануға берілді. Өткен жылы 180 жоба іске қосылды. Өнеркәсіп министрлігіне салалық мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін Картаның қалған жобаларын іске қосуды қамтамасыз ету тапсырылды.
Еліміздегі индустриялық жобалардың басым бөлігі арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың аумақтарында іске асырылуда. Бұл олардың индустрияландырудың тірек алаңдары ретіндегі маңызды рөлін айқын көрсетеді. Өнеркәсіп министрлігіне Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, басымдық берілген Арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялық аймақтарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша нақты мерзімдері мен қаржыландыру көздерін көрсете отырып, егжей-тегжейлі жоспар әзірлеу тапсырылды.
Агроөнеркәсіп кешенінде өнімді қайта өңдеуді дамыту бойынша 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары кәсіпорындарды қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету, жеңілдікті несиелер беру және экспорттық әлеуетті арттыру шараларын қамтиды. Келесі жылы секторда бірқатар ірі жобаларды іске асыру жоспарланған. Оның ішінде Жамбыл облысында қант зауытын, Алматы облысында жеміс-жидекті қайта өңдеу зауытын, Шымкент қаласында құс фабрикасын іске қосу көзделіп отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігіне жоспарланған барлық жобалардың уақтылы пайдалануға берілуін қамтамасыз ету тапсырылды.
Өңдеу өнеркәсібін дамытуда цифрлық трансформация, соның ішінде жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелері басты мәнге ие болып отыр.
Елімізде мұндай технологияларды қолданудың оң мысалдары аз емес. Мысалы, «Алтыналмас» алтын өндіру кәсіпорнында ашық карьерлердегі логистиканы оңтайландырып, техника жұмысын бақылайтын цифрлық жүйелер қолданылады.
KAZ Minerals кеніштерінде жасанды интеллект көлемді деректерді талдап, жабдықтар жұмысын оңтайландырады және әртүрлі тәуекелдерді анықтап-тіркейді.
ERG компаниясында ондаған цифрлық ассистент жұмыс істейді.
Олжас Бектенов отандық кәсіпорындар цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні белсенді түрде енгізуі керек. Ал мемлекеттік органдар қажетті институционалдық және инфрақұрылымдық жағдайларды қамтамасыз етуі қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар кез келген салада адамдардың орны ерекше екені белгілі. Заман талабына сай келетін инженерлер, технологтар мен жоғары білікті жұмысшылар болмаса сапалы әрі тиімді даму мүмкін емес.
Осыған байланысты Оқу-ағарту және Ғылым министрліктері өнеркәсіп кәсіпорындарымен міндетті түрде серіктестік орната отырып, цифрландыру бойынша модульдерді техникалық университеттер мен колледждердің оқу бағдарламаларына интеграциялауы қажет.
Еңбек министрлігіне онлайн-платформаларды пайдалана отырып, өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмыскерлерін базалық цифрлық құзыреттерге оқыту бағдарламасын іске қосу тапсырылды.
Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібін дамыту және цифрландыру мәселелерін талқылау қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов негізгі бірқатар міндетті атап өтті.
Атап айтқанда, отандық өндірушілерді қолдаудың ең тиімді құралдарының бірі ұзақмерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар тетігі болып отыр. Биыл қазақстандық өндірушілермен кәсіпорындарға өз өндірістері мен дамуын сенімді түрде жоспарлауға мүмкіндік беретін осындай 879 келісім жасалды. Осыған байланысты Өнеркәсіп министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жасалған ұзақмерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттардың жалпы санын келесі жылдың соңына дейін кемінде 1 мыңға дейін жеткізу тапсырылды.
Қазақстанда заманауи цифрлық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні пайдаланып отырған өңдеу кәсіпорындары 20%-ға да жетпейді. Ал, Германия мен Америка Құрама Штаттары сияқты дамыған елдерде проактивті мониторинг жүйелері жабдыққа қызмет көрсету шығындарын 15%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Өнеркәсіп және Жасанды интеллект министрліктеріне өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарында жабдықтарға предиктивті қызмет көрсету, сапаны автоматты бақылау және өндірісті оңтайландыру үшін жасанды интеллектіні енгізуге арналған жаңа жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз ету тапсырылды.
Өңдеу өнеркәсібіне арналған ғылыми зерттеулер әлеуетін кеңейту қажет. Өнеркәсіп министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, өңдеу саласындағы ғылыми зерттеулерді қолдаудың кешенді шаралар пакетін әзірлеуге тиіс.
Жалпы бақылау мен үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жүктелді.


