​ШЫМКЕНТ: НАУРЫЗДА ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІ КЕҢ КӨЛЕМДЕ ДӘРІПТЕЛЕДІ

0
85

Аталған іс-шаралар Жаңа атшабар аумағында өтеді.


​ШЫМКЕНТ: НАУРЫЗДА ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІ КЕҢ КӨЛЕМДЕ ДӘРІПТЕЛЕДІ

Шымкент қаласында Наурыз мерекесіне орай ұлттық спорт түрлерінен ауқымды жарыстар сериясы ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық құндылықтарды насихаттайтын ерекше спорттық бағдарлама ұсынылады.

Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбектің қатысуымен өткен брифингте айтылды.

Атап айтқанда, 18 наурыз күні әуесқойлар арасында асық атудан Шымкент қаласының біріншілігі өткізіліп, қатысушылар мергендік пен ептіліктерін сынға салады. 19 наурыз күні ересектер арасында ұлттық ат спортының бірі – аударыспақтан қала біріншілігі ұйымдастырылып, шабандоздар өзара күш сынасады.

Ал 20 наурыз – Ұлттық спорт күні аясында қазақ күресі, теңге ілу, асық ату, аударыспақ, бес асық және ләңгі тебу сынды дәстүрлі ойындар бойынша жарыстар өткізіліп, ұлттық спорттың сан қырлы түрлері кеңінен қамтылады.

Аталған іс-шаралар Жаңа атшабар аумағында өтіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ұлттық спортты дәріптеуге және салауатты өмір салтын насихаттауға мүмкіндік береді.

Бөлісу