Сурет: alihelper.net
Құлаққап – бүгінгі күні ең көп қолданылатын гаджеттердің бірі. Біз оларды музыка тыңдау, фильм көру, ойын ойнау, онлайн жұмыс істеу немесе жай ғана қоңырауға жауап беру үшін пайдаланамыз. Нарықта бағасы 100-1500 теңгеден басталып, жүздеген мың теңгеге дейін жететін модельдер бар. Осындай үлкен баға айырмашылығы көпшілікті ойландырады: қымбат құлаққап расымен соншалықты жақсы ма, әлде біз тек бренд үшін төлейміз бе?
Бұл сұраққа нақты жауап беру үшін арзан және қымбат құлаққаптардың негізгі айырмашылықтарын жан-жақты қарастырайық.
Материал мен құрастыру сапасы
Қымбат құлаққаптардың алғашқы артықшылығы – материал сапасы. Арзан модельдер көбіне қарапайым пластиктен жасалады. Уақыт өте келе корпус сызылып, сықырлап, амбушюралары (құлаққа тиетін жастықшалар) жарылып кетуі мүмкін. Сымдары тез үзіліп, қосқыштары босап қалатын жағдайлар да жиі кездеседі.
Ал қымбат модельдерде металл элементтер, берік топсалар, сапалы пластик және табиғи былғары немесе велюр қолданылады. Мұндай материалдар ұзақ қызмет етеді әрі жайлылығы жоғары болады. Толық өлшемді құлаққаптардың доғасы көбіне металл негізбен күшейтіледі, бұл оның сынып қалу мүмкіндігін азайтады.
TWS (толық сымсыз) құлаққаптарда зарядтау қорабының сапасы да маңызды. Мысалы, ең сапалы кейс – Apple AirPods Pro моделі магниттік бекіткіш және сымсыз зарядтауды ұсынады. Ал бюджеттік үлгілер, айталық, Xiaomi Mi True Wireless Earphones 2 Basic қарапайым пластик корпуспен шектеледі. Яғни жоғары баға көбіне ұзақ мерзімділік пен сапалы құрастыру үшін қойылады.
Дыбыс сапасында айырмашылық бар ма?
Көпшілік қымбат құлаққаптың басты артықшылығы – дыбыс сапасы деп санайды. Шынында да, премиум модельдерде сапалы драйверлер, кеңейтілген жиілік диапазоны және заманауи кодектер қолданылады. Мысалы, Sony WH-1000XM5 жоғары сапалы LDAC кодегін қолдайды, бұл дыбысты жоғары битрейтпен жеткізуге мүмкіндік береді.
Алайда дыбысты қабылдау – субъективті дүние. Бір адам айырмашылықты бірден сезсе, екінші адам үшін ол мардымсыз болуы мүмкін. Егер сіз көбіне дауыстық контентті аса жоғары емес, орташа стандартты сапада ұсынатын сервистерден тыңдасаңыз, қымбат құлаққаптың мүмкіндігін толық пайдалана алмауыңыз ықтимал. Lossless форматтағы музыка болмаса, айырмашылық айқын байқалмайды. Сондықтан дыбыс сапасы әрқашан баға айырмашылығына тең бола бермейді.
Қосымша функциялар
Қымбат құлаққаптар тек дыбысымен емес, функцияларымен де ерекшеленеді. Оларда белсенді шуды басу (ANC), мөлдірлік режимі, multipoint қосылымы (бір уақытта екі құрылғыға қосылу), NFC, сенсорлық басқару, ылғал мен шаңнан қорғау сияқты мүмкіндіктер болады. Мысалы, Samsung Galaxy Buds2 Pro белсенді шуды басу және бірнеше құрылғыға қатар қосылу функциясын ұсынады. Бірақ осының бәрі сізге күнделікті қажет пе? Егер құлаққапты тек подкаст тыңдау немесе видео көру үшін қолдансаңыз, мұндай функциялар артық болуы мүмкін.
Қызмет ету мерзімі және тәуекел
TWS-құлаққаптардың әлсіз тұсы – аккумулятор. Орта есеппен 2–3 жылдан кейін батарея сыйымдылығы төмендейді. Бұл ең қымбат модельдерге де қатысты. Яғни уақыт өте бәрібір жаңасын алуға тура келеді. Сонымен қатар шағын өлшеміне байланысты құлаққапты жоғалтып алу немесе зақымдау қаупі жоғары. Қымбат модельдің бір құлақшасын ауыстыру кейде жаңа бюджет жиынтықтың бағасымен тең болуы мүмкін.
Бренд үшін төлеу факторы
Премиум брендтер зерттеу мен дамытуға, дизайнға және маркетингке көп қаражат жұмсайды. Бұл да бағаға әсер етеді. Кей жағдайда тұтынушы тек сапа үшін емес, бренд мәртебесі үшін де төлейді. Дегенмен, бұл қымбат құлаққаптың бағасы негізсіз қойылған дегенді білдірмейді. Көп жағдайда олар расымен сапалы әрі сенімді болады. Бірақ бағаның белгілі бір бөлігі бренд атауына байланысты екені де жасырын емес.
Қымбат және арзан құлаққаптың айырмашылығы – материал сапасы, құрастыру деңгейі, дыбыс мүмкіндіктері және қосымша функцияларда. Қымбат модельдер әдетте берік, технологиялық және ыңғайлы келеді. Бірақ олардың артықшылығы әр қолданушы үшін бірдей маңызды емес. Егер сіз аудиофил болсаңыз, сапалы музыка тыңдап, белсенді шуды басу мен заманауи кодектерді пайдалансаңыз – қымбат құлаққап өзін ақтауы мүмкін. Ал егер күнделікті қарапайым қолдану үшін іздесеңіз, орта немесе бюджет сегментіндегі модель де толық жеткілікті. Ең дұрыс шешім – бағаға емес, өз қажеттілігіңізге сүйеніп таңдау жасау. Сонда сатып алу да саналы, әрі тиімді болады.
Құлаққап таңдауға көмек беретін лайфхактар
- Типін анықтаңыз – in-ear, on-ear немесе over-ear; қолдану жағдайына қарай таңдаңыз.
- Материал мен сенімділік – амбушюра мен бас доғасы жұмсақ, берік, кейс магнитті және сапалы болсын.
- Дыбыс сапасы – жиілік диапазоны, драйвер түрі және Bluetooth кодектері (AAC, aptX, LDAC) маңызды.
- Функциялар – ANC, мөлдірлік режимі, multipoint, сенсорлық басқару, IP қорғау.
- Автономия – ұзақ жұмыс істейтін аккумулятор, жылдам және сымсыз зарядтау.
- Баға мен бренд – қымбат бренд әрдайым сапалы бола бермейді, пікірлерді оқып, функцияларын мұқият қараңыз.
- Қолдану жағдайы – күнделікті ұзақ пайдалану үшін ыңғайлы әрі оқшаулануы жақсы; эпизодтық қолдану үшін қарапайым модель жеткілікті.
- Сынап көру – дүкенде тыңдап көріп, дыбыс пен ыңғайлылығын бағалаңыз.
АУДАРҒАН: Б.ЕРМАН,
ERNUR.KZ
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


