ШЫМКЕНТ: экопарк аумағында кең ауқымды көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде

0
58

Экопарктің жалпы аумағы 36,6743 гектарды құрайды, қазіргі уақытта 19,8 гектар аумақта сумен жабдықтау жүйесі орнатылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілген.


ШЫМКЕНТ: экопарк аумағында кең ауқымды көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде

Шымкент қаласындағы Алматы тас жолы мен Төлеметов көшесінің қиылысында орналасқан бұрынғы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны 2015 жылы өз қызметін тоқтатқан болатын. 2024 жылдың көктемінен бастап аталған аумақта «Экопарк» демалыс аймағын құру мақсатында құрылыс жұмыстары басталып, бүгінгі таңда жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбектің қатысуымен өткен брифингте айтылды.

Экопарктің жалпы аумағы 36,6743 гектарды құрайды, қазіргі уақытта 19,8 гектар аумақта сумен жабдықтау жүйесі орнатылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ қосымша 8 гектар жерде суару жүйесін монтаждау жалғасуда. Нысан «А. Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық паркі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының балансына беріліп, ол Шымкент қаласының жайлы ортаны дамыту басқармасына қарайды.

Аумақта 11 су ұңғымасы бұрғыланып, 2 трансформатор орнатылған. Бұрын полигон болған аумақтың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қалдықтардың үстіңгі қабаты арнайы қорғаныш мембранамен жабылып, оның үстіне қалыңдығы 1,5–2 метр, кей жерлерде 3 метрге дейін жететін топырақ қабаты төселген.

Көгалдандыру жұмыстары аясында мұнда 5 мың дана ағаш көшеті отырғызылып, олардың қатарында акация, шегіршін, емен, катальпа, қарағаш, шетен, қазақстандық және қытай теректері, канадалық терек, айлант, қайың, тал, үйеңкі, жөке, жапон софорасы, гледичия және жиде сынды ағаш түрлері бар.

Бөлісу