"Жүрегім сол кездері алған жаралардан зәрезап боп, қорғаныс шебін құрып алған ба екен?"
Сурет: ЖИ жасалды
Жастар ғана емес, кейде үлкендер де қателеседі. Отбасындағы, асүйдегі жағымсыз жайттарға үнемі келін кінәлі болмайды, кейде ене де себеп болуы мүмкін.
ERNUR.KZ порталының кезекті бір оқырманының оқиғасы ене мен келіннің жайына біржақты қарамау керегін ұқтырады.
"Он күндей қаладағы екінші ұлымның үйінде қонақта болдым. Қаладағы туысқандардың, құда-жекжаттың үш тойы бар еді, соларды өткізіп қайттым.
Шүкір, табалдырықтан аттағаннан келінім бәйек болып, «апалап» алдыма ең тәтті асын қойып, жастығымды биіктетіп, жағдайымды жасап жүрді. Қаланың ақсаусақ қызы ғой, сонда да қолынан келгенше таңертең бауырсақ пісіріп, қамыр жайып жатыр. Төрде отырып өзімді бір сәт патшайымдай сезінгенім де шындық. Анда-санда бір келеді ғой деп осылай сый-құрмет көрсетіп жатқан шығар, бәлкім. Қолдағы келіннен бұндай қызмет көрмегенмін. Тіпті ағайынның келіндері де үлкен деп бұлай сыйламайды, той-жиында ошақ басына шақырып алады.
Айтайын дегенім бұл емес, құрмет көрсетіп жатқан келінге жасаған іс-әрекетім. Үндемей төрде жатып, демалып, ешкімді ренжітпей қатсам болмас па еді деп отырмын енді.
Ішімдегі әлдебір қырсық мінез бе әлде жылдар бойы қатып қалған қатал қағида ма, әйтеуір қайтатын күні «тамағыңның тұзы кем», «шайың дұрыс демделмепті, қайтарып-қайтарып жіберсейші», «қамырды ұзақ уақыт илеп, әбден июін қандырсаң, жып-жылтыр болады» деп мін таға бердім.
Сол сәтте келіннің жанарындағы қуаныш ұшқыны сөніп, жүзі сынып кеткенін көрдім. Үндемей ғана дастарханын жинай берді... Асүйге шығып кетті... Әйтеуір отырмады дастархан басында. "Қап!" деген үлкен бір өкініш оянды ішімде. Ұлым таксиге шығарып салды, ал келін далаға шықпады.
Ауылға жеткенше өз-өзімді жазғырып келдім. Тек бұл келінге емес, маған ерекше сый-құрмет көрсеткен әпке-жеңгелерімді де осылай ренжітем үнемі. Неге?
Достоевскийдің бір жазбасын оқыған едім. Ол түрмеде жүріп бір итті бақылаған. Тұтқындар оның жанынан бір теппей өтпейді екен. Иттің де бұған еті үйренген. Тұтқындар келе жатқаннан басын бұғып, соққыға дайындала бастайды. Бірде Достоевский оның жанынан өтіп бара жатып, басынан сипайды. Ит артқа шегініп, қатты-қатты үреді. Себебі өмір бойы тепкі көріп өскен ит мейірімнің не екенін білмейді, оған жылулық жат құбылыс. Сол күннен бастап Достоевскийді көрсе үріп, қашады екен.
Жаны жаралы адамдар дәл осы ит сияқты. Кейде біреу сүйіспеншілік, қайырымдылық танытқан кезде, өзін қалай ұстау керегін білмей, қашқақтайды. Өзімді Достоевскийдің шығармасындағы итке ұқсаттым. Мен де жастық шағымда бейнетті көп көрдім. Ата-ененің қатал қабағынан қорықтым. Жүрегім сол кездері алған жаралардан зәрезап боп, қорғаныс шебін құрып алған ба екен? Біреу маған шын жылулық сыйласа, тікенімді шығарып қорғана бастаймын. Келінге деген суықтығым өзімді қорғау үшін киіп алған ауыр сауытым екенін енді түсіндім. Жақсылықты тек жасау ғана емес, оны ризашылықпен, ақ көңілмен қабылдай білу де үлкен мәдениет пен парасаттылық екен."


