Қазіргі жалға алушылар келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін пәтерде тұра алады.
фото: sputnik.kz.
ERNUR.KZ. Қазақстан премьер-министрінің орынбасары, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде жұмыс істейтін жастарға берілетін жалдамалы пәтер бағдарламасы тоқтайтынын хабарлады, деп жазады sputnik.kz.
Бағдарлама Астана, Алматы және Шымкентте 10 мыңнан астам жасты қамтыған. Пәтерлер айына 5–15 мың теңгеге жалға берілді.
"2026 жылдың 27 наурыздағы бұйрығы негізінде "Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидаларын бекіту туралы" бірқатар бұйрықтардың күші жойылып, жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы тоқтатылады", - деп жазды вице-премьер.
Балаеваның айтуынша, босатылатын тұрғын үй қорын одан әрі пайдалану мәселесі тұрғын үй заңнамасына және белгіленген кезекке сәйкес шешіледі, бұл жергілікті атқарушы құрылымдардың құзыретінде.
"Қазіргі жалға алушыларға келетін болсақ, жалдау мерзімі аяқталғандар шарт талаптары мен бекітілген тәртіп шеңберінде әрекет етуі керек", - деп атап өтті министр.
Жалдау мерзімі кейін аяқталатындар келісімшарт аяқталғанға дейін пәтерде тұра алады.
Барлық сұрақтар бойынша әкімдіктер мен "Отбасы банктен" кеңес алуға болады.


