Аз ақшаны да дұрыс бөлу арқылы қиналмай өмір сүруге болады
Сурет: ЖИ
Студенттік шақ – өзің үшін жауапкершілік алуды, өз бетіңше шешім қабылдауды үйренетін кезең. Әсіресе басқа қалаға оқуға келген жастар үшін ақша мәселесі маңызды.
Жаңа оқу жылының алғашқы айындағы қарбалас біртіндеп басылып, студенттер сабақ кестесіне, жатақханадағы тіршілікке, қаладағы күнделікті жүріп-тұруға бейімделе бастады. Бірақ дәл осы кезде тағы бір нәрсе анық байқалады: қыркүйекте қолда болған ақша қазан айында тез таусылып қалуы мүмкін.
Жол ақысы, тамақ, оқу құралдары, интернет, такси, достармен кездесу, кофе, онлайн тапсырыстар – студенттің күнделікті шығыны осылай көбейе береді. Әсіресе үлкен қалада оқитын немесе ата-анасынан бөлек тұратын жастар үшін ақшаны дұрыс жоспарлау маңызды.
Қазір студенттің шығынын бақылауға смартфондағы банк қосымшалары, бюджет жүргізуге арналған сервистер және түрлі цифрлық мүмкіндіктер көмектесе алады. Сстуденттік жеңілдіктер мен университет ұсынатын әлеуметтік қолдау түрлерін білу де ай сайынғы бюджетті біршама жеңілдетеді.
1. Ақша түскен күні бәрін жұмсап қоймаңыз
Студенттердің жиі жіберетін қателігі – шәкіртақы немесе ата-анадан келген ақша түскен күні қалаған заттың бәрін сатып алу. Мұндайда айдың алғашқы аптасы көңілді өтеді де, соңғы апталарда тиын санауға тура келеді.
Дұрысы – ақша түскен кезде оны бірден бірнеше бөлікке бөліп қою:
- тамаққа;
- жол ақысына;
- байланыс пен интернетке абоненттік төлем;
- оқу қажеттіліктеріне;
- жеке шығындарға;
- күтпеген жағдайға арналған қорға.
Мысалы, айлық қаражаттың аз ғана бөлігін қозғамай сақтап қоюдың өзі ай соңында көмектеседі. Ең бастысы, нақты соманы өз жағдайыңа қарай белгілеу.
2. Қайда кетіп жатқанын жіті бақылау
Кейде адам ақшаны үлкен заттарға емес, ұсақ шығындарға жұмсайды. «Бір кофе ғана, көп кетпейді ғой», «Бір бәліш алайын, анау айтқандай қымба тұрмайды», «Таксимен бара салайыншы, мың теңге ненің тағдырын шешеді дейсің? Есесіне, тез жетіп, уақыт үнемдеймін», «Бес жүз теңгеден жинай салайық. Қайда кетпей жатыр?» деген шығындардың әрқайсы жеке қарағанда көп емес. Бірақ олардың барлығын қосқанда айтарлықтай сома шығуы мүмкін.
Сондықтан барлық шығынды жазып жүріңіз. Ол үшін арнайы қаржы қосымшасын немесе телефондағы қарапайым жазбаларды пайдалануға болады. Аптасына немесе он күнде бір есеп жасап, ұсақ-түйек артық шығындардың сомасы қанша болғанын нақтылаңыз. Сонда мына сұрақтардың жауабы өзі-ақ қалқып шығады:
«Ақшаның белгісіз бөлігі қайда кетті? Қай шығын міндетті болды? Қайсысын азайтуға болатын еді?»
Осы талдаудың өзі келесі айда ақшаңызды тиімді жұмсауға көмектеседі.
3. Банктердің кэшбэк және бонустар жүйесін тиімді пайдалану
Қазақстандағы танымал банк қосымшалары (Kaspi, Halyk, Freedom, Jusan т.б.) ай сайын белгілі бір санаттарға (мысалы, супермаркеттер, қоғамдық көлік, дәріханалар, кафелер) жоғары кэшбэк ұсынады. Қай банкте қандай қызмет үшін кэшбектер барын біліп, пайдаға асыра жүріңіз.
Ай басында ең көп шығын шығатын санаттарға кэшбэк таңдап, жиналған бонустарды келесі айда байланыс төлеміне немесе азық-түлікке жұмсаңыз.
4. Студенттік жеңілдіктерді міндетті түрде тексеріңіз
Студенттік билет тек университетке кіретін құжат емес. Кейбір қызметтерде студенттерге арнайы жеңілдіктер қарастырылуы мүмкін. Мәселен, Қазақстан заңнамасында күндізгі бөлімде оқитын білім алушылардың жергілікті мәслихат шешіміне сәйкес қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруге құқығы бекітілген. Осы секілді сіз оқитын қалада тағы қандай қызмет немесе мекемелерде студенттерге жеңілдіктер қарастырылғанын сұрастырып, біліп алыңыз. Сол қаланың студенттерге қатысы бар ресми мекемелерінің сайттары мен парақшаларын бақылап, әкімдік ақпаратын қарап тұрған дұрыс.
5. Такси емес, маршрутты алдын ала жоспарлаңыз
Сабаққа асығып бара жатқанда, кешігу қаупі тұрғанда таксиге отыру ең дұрыс шешім сияқты көрінеді. Бірақ мұны жиі қайталанатын әдетке айналдырсаңыз, жол ақысы бюджетке қатты әсер етеді. Ал шын мәнінде, ең дұрыс шешім – уақытты, маршрутты алдын-ала жоспарлап, үйден ертерек шығу.
Бұл жерде мақсат – таксиден мүлдем бас тарту емес. Қажет болған жағдайда пайдалану, ал күнделікті жүріп-тұруда арзанырақ баламаны таңдау.
6. Азық-түлікті нақты жоспармен алыңыз
Дүкенге қарныңыз аш кезде кірсеңіз, жоспардан тыс заттарды көбірек алуыңыз мүмкін. Тағы бір пайдалы әдет – үйде бар өнімді толық пайдаланбай тұрып, жаңасын сатып алмауға тырысу. Демалыс күндері үйде немесе жатақханада қолда бар өнімдерді қарап, соларға сәйкес ас мәзірін құрастырыңыз. Мысалы, тоңазытқышта бірнеше өнім тұрса, солардан қандай тағам жасауға болатынын ойластырыңыз. Жетпей тұрған азық-түліктердің атын, мөлшерін жазып алыңыз. Содан кейін ғана дүкенге барыңыз.
7. «Жеңілдік бар екен» деп қажетсіз зат алмаңыз
Онлайн дүкендер студент үшін әрі ыңғайлы, әрі қауіпті болуы мүмкін. Телефоннан бірнеше минуттың ішінде киім, аксессуар, косметика, гаджет немесе басқа затқа тапсырыс беруге болады. «50 пайыз жеңілдік!!!», «Соңғы бірнеше дана» деген хабарламалар сатып алуға асықтыруы мүмкін. Қандай да бір зат сатып алар алдында өзіңізден үш нәрсені сұраңыз:
- Бұл маған шынымен керек пе?
- Үйде осыған ұқсас зат бар ма?
- Бір апта күтсем де, оны сатып алғым келе ме?
Егер жауап анық болмаса, бірден тапсырыс бермей, қоя тұрған дұрыс.
8. Жазылымдарды тексеріп тұрыңыз
Қазір музыка, фильм, бұлттық сақтау, оқу платформалары және басқа да сервистердің ақылы жазылымдары көп. Олардың көпшілігі аса қымбат еес, әрі алғашқы айға жеңілдік ұсынып, арбайды. Бір қарағанда аса үлкен шығын болып көрінбеуі мүмкін. Бірақ бірнеше жазылым жиналса, ай сайынғы төлем көбейеді. Сондықтан телефондағы және банк қосымшасындағы тұрақты төлемдерді ара-тұра тексеріңіз. Пайдаланбайтын қызмет болса, оны тоқтату арқылы артық шығыннан құтылуға болады.
9. Бірден жаңадан сатып ала бермеңіз
Студентке кітап, дәптер, кеңсе тауарлары, арнайы бағдарламалар немесе басқа оқу құралдары қажет болуы мүмкін. Бірақ алдымен университетте не бар екенін анықтап алған жөн. Қажетті оқулық кітапханадан табылуы мүмкін. Оқытушы электронды нұсқасын ұсынуы мүмкін. Ал кейбір оқу материалдарын университеттің онлайн жүйесінен табуға болады. Сондықтан «сатып алу керек» деген шешімге келмес бұрын, оның тегін немесе қолжетімді нұсқасы бар-жоғын тексеріңіз.
Оқулықтарды, жатақханаға қажетті тұрмыстық техниканы (шәйнек, үтік, шаңсорғыш) немесе жиһазды жаңадан алмай, жоғары курс студенттерінен, «OLX» немесе Telegram-чаттар арқылы екінші қолдан арзанға сатып алуға болады. Сонымен қатар, өзіңізге қажетсіз болып қалған заттарды (оқылған кітаптар, киімдер) осы платформалар арқылы сата аласыз.
10. Цифрлық құжаттарды пайдаланыңыз
Қазіргі студенттің әмиянын жеңілдететін нәрсенің бірі – цифрлық құжаттар. eGov Mobile қосымшасында студенттік билет сияқты цифрлық құжаттар қолжетімді. Мемлекеттік қызметтер де біртіндеп мобильді форматқа көшіп жатыр. Бұл тікелей ақша үнемдемесе де, құжаттарды іздеу, көшірме жасату немесе кейбір қызметтерді алу кезінде уақыт пен артық әурені азайтады.
11. Университет ұсынатын көмекті сұраудан ұялмаңыз
Жоғары оқу орындарында әлеуметтік қолдау тетіктері бар. Қаржыдан қиналған студенттің бәрі бірдей бұл туралы біле бермейді.
Қазақстанның мемлекеттік ақпараттық порталында студенттер жатақханаға орын, мемлекеттік стипендия, кейбір санаттарға арналған жеңілдіктер мен қаржылық көмекке өтініш бере алатыны көрсетілген. Кейбір жоғары оқу орындарында жеңілдікпен тамақтану немесе оның шығынын өтеу мүмкіндігі де қарастырылған. Мұндай көмекке кімнің құқығы бар екенін университеттің деканатынан немесе студенттік жастар бөлімінен нақтылаған жөн. Қажет жағдайда әлеуметтік мәртебені растайтын құжаттар сұралуы мүмкін.
Көмек сұрау – ұят емес. Ең бастысы, өз құқығыңды білу.
12. Жатақханада тұратын болсаңыз, ортақ шығынды есептеңіз
Жатақханада бірнеше адам бірге тұрған кезде кейбір заттарды ортақ пайдалануға болады. Мысалы, бір бөлмеде тұратын студенттер тазалыққа қажетті кейбір құралдарды немесе тұрмыстық заттарды кезекпен алуы мүмкін. Бірақ ақшаға қатысты түсініспеушілік болмас үшін кім қанша төлегенін алдын ала келісіп алған дұрыс. Бұл жерде басты қағида – біреудің есебінен өмір сүру емес, әділ бөлісу.
13. «Кофе + такси + жеткізу» әдетіне назар аударыңыз
Қала өмірінде ақша көп жағдайда бір үлкен сатып алудан емес, бірнеше ұсақ әрі ыңғайлы қызметтен кетеді. Мысалы: кофе, такси, тамақ жеткізу, онлайн тапсырыс.
Осының әрқайсы жеке қарағанда қалыпты шығын. Бірақ күн сайын қайталанса, ай соңында бюджетке әсер етеді. Сондықтан кейде «Осыны арзанырақ жолмен жасауға бола ма?» деген сұрақ қойып көріңіз.
14. Ақшаны үнемдеу үшін өзіңізді толық шектемеңіз
Үнемдеу деген – ешқайда бармай, ішпей-жемей, ештеңе сатып алмай, барлық ақшаны жинау емес. Студенттік кезеңде достармен кездесуге, киноға баруға немесе өзіңізге ұнайтын нәрсеге ақша жұмсау да қалыпты. Тек мұндай шығынды алдын ала жоспарлаған дұрыс. Мысалы, ай сайын көңіл көтеруге белгілі бір соманы бөліп қойсаңыз, кейін басқа қажеттіліктерге арналған ақшаға қол сұқпау оңайырақ болады.
15. Тегін мәдени шаралар мен спорт
Демалысты қымбат ойын-сауық орталықтарынсыз да қызықты өткізуге болады. Қаладағы мұражайларда, галереяларда және театрларда студенттер үшін тегін немесе арзандатылған күндер болады. Спортпен шұғылдану үшін университеттегі тегін спорт секцияларына (волейбол, баскетбол, футзал) қатысуға немесе сырттағы спорт алаңшаларын пайдалануға болады.
Студенттің қаржысы көп болмауы мүмкін. Бірақ аз ақшаны да дұрыс бөлу дағдысын қалыптастыруға болады. Ол үшін күрделі қаржы стратегиясының қажеті жоқ. Ай сайын кіріс пен шығынды жазып, міндетті төлемдерді алдын ала бөліп, студенттік жеңілдіктерді пайдаланып, қажетсіз жазылымдар мен импульсивті сатып алуды азайтудың өзі үлкен өзгеріс әкеледі.
Студенттік өмірде ең тиімді лайфхак – «Ақшам қайда кетті?» деп қалтаның түбі көрінгенде немесе ай соңында ойланбай, ақшасының қайда жұмсалатынын алдын-ала білу.
Дайындаған: Т. СЕЙТХАН,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
Оқушыңыз ОЛИМПИАДАдан орын алмай жүр ме? Себебін тауып, түбірін жойыңыз!


