Шымкенттік дәрігерлер кореялық мамандармен тәжірибе алмасты

0
132

Профессор Джа-Янг Чойдың жетекшілігімен практикалық сабақтар өтіп, мамандар ультрадыбыстық навигация және сүйек түзілістеріне биопсия жасау техникасын пысықтады.


Шымкенттік дәрігерлер кореялық мамандармен тәжірибе алмасты

Шымкент қалалық диагностикалық орталық базасында ортопедиялық хирургия, сүйек-буын радиологиясы және нейрорадиологияның өзекті мәселелеріне арналған халықаралық шеберлік сабағы өтті.

Іс-шараны Денсаулық сақтау басқармасы, «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ және Қазақстан онкорадиологтары қоғамы ұйымдастырды. Екі күндік оқытуға Шымкент қаласы мен еліміздің басқа өңірлерінен 70-ке жуық травматолог-ортопед, радиолог және онколог қатысты. Қатысушыларға ресми сертификаттар табысталды.
Шеберлік сабағының мақсаты – клиникалық тәжірибе алмасу, заманауи аз инвазивті технологияларды меңгеру және Кореяның жетекші клиникаларындағы озық әдістерді отандық медицинаға енгізу.
Негізгі спикерлердің бірі – Сеул ұлттық университеті Бунданг госпиталінің профессоры Чанг Чонг Бум тізе буынын эндопротездеуге дейінгі рентгенологиялық жоспарлау, операциядан кейінгі жылдам оңалту және күрделі байлам жарақаттарын хирургиялық емдеу тәсілдерімен бөлісті.
Шеберлік сабағының екінші күні сүйек-буын радиологиясы мен нейрорадиологияға арналды. Мамандар МР-артрография, КТ және УДЗ бақылауындағы диагностикалық әрі емдік интервенциялар бойынша тәжірибе алмасты.
Сонымен қатар, профессор Джа-Янг Чойдың жетекшілігімен практикалық сабақтар өтіп, мамандар ультрадыбыстық навигация және сүйек түзілістеріне биопсия жасау техникасын пысықтады.
Халықаралық шеберлік сабағы отандық мамандардың кәсіби дағдыларын жетілдіріп, заманауи аз инвазивті технологияларды клиникалық практикаға енгізуге және медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік берді.
Бөлісу