БИЗНЕС-ФОРУМ: Шымкенттің инвестициялық әлеуеті таныстырылды

0
188

Форум барысында қатысушыларға Шымкенттің инвестициялық және өнеркәсіптік әлеуеті, инвесторларды қолдаудың қолданыстағы шаралары және Дебрецен қаласының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды.


БИЗНЕС-ФОРУМ: Шымкенттің инвестициялық әлеуеті таныстырылды

Шаһарда Шымкент пен Дебрецен арасындағы сауда-экономикалық, өнеркәсіптік және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Қазақстан-Венгрия бизнес-форумы өтіп жатыр.

Форум іскерлік байланыстарды кеңейтуге, инвестициялар мен технологияларды тартуға, сондай-ақ, Қазақстан мен Венгрия арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға арналған тиімді алаңға айналды. Іс-шараға қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, Дебрецен қаласының әкімі Ласло Папп бастаған Венгрияның ресми және іскерлік делегациясы, әкімдік, даму институттары, Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасының өкілдері, қазақстандық және венгриялық компаниялардың басшылары қатысуда.

Венгрия тарапынан инфрақұрылымдық құрылыс, металл өңдеу, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп техникасына арналған компоненттер өндіру, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобалау салаларында жұмыс істейтін компаниялардың өкілдері келген.
Форум барысында қатысушыларға Шымкенттің инвестициялық және өнеркәсіптік әлеуеті, инвесторларды қолдаудың қолданыстағы шаралары және Дебрецен қаласының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Тараптар өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылады.
Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ермек Тұрмановтың айтуынша, форум мегаполистің мүмкіндіктерін таныстыруға және тікелей іскерлік байланыстарды нығайтуға бағытталған.
– Бүгін біз Қазақстан-Венгрия форумын өткізіп отырмыз. Оның мақсаты – Венгрия делегациясы мен бизнес өкілдерін Шымкенттің инвестициялық мүмкіндіктері және қаламыздың әлеуетімен таныстыру, сондай-ақ екі елдің бизнес-қоғамдастықтары арасындағы іскерлік байланыстарды дамыту, – деді Ермек Тұрманов.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша қала экономикасына 559 млрд теңге инвестиция тартылған. Ал биылғы жылдың 8 айында инвестиция көлемі 500 млрд теңгеге жетіп, жыл қорытындысы бойынша 10 пайыздық өсім жоспарланып отыр.
Қалада әлемдік брендтердің қатысуымен бірқатар жобалар табысты жүзеге асырылуда. Олардың қатарында Coca-Cola, Samsung компанияларының жобалары, сондай-ақ, агросектор мен экология саласындағы бастамалар бар.
Іскерлік бағдарламаның жеке бөлімі екі қала кәсіпкерлері арасындағы B2B форматындағы кездесулерге арналды. Компания өкілдері инвестициялық ынтымақтастық, құрал-жабдықтар мен өнімдерді жеткізу, технологиялық серіктестік, сонымен қатар өнеркәсіп, құрылыс материалдарын өндіру және тамақ өнеркәсібі салаларында бірлескен кәсіпорындар құру жөніндегі нақты ұсыныстарды талқылады.
Сапар бағдарламасы аясында Венгрия делегациясының қала әкімі Ғабит Сыздықбековпен кездесуі жоспарланған. Кездесу барысында Шымкент пен Дебрецен арасында бауырлас қала байланыстарын орнату туралы меморандумға қол қойылады. Құжат сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени және гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын айқындап, ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Дебрецен делегациясы Шымкенттегі кәсіпорындарға барып, мегаполистің өнеркәсіптік инфрақұрылымымен, жергілікті компаниялардың өндірістік мүмкіндіктерімен және жаңа жобаларды жүзеге асыруға арналған перспективалы алаңдармен танысады.
Бөлісу