Депутат әлеуметтік жағдайы төмен колледж студенттеріне тегін киім-кешек таратуды ұсынды

0
326

​Дидарбек Ділдәбек бүгін есірткі саудасы мен дропперлерге қатысты мәселе көтерді.


Депутат әлеуметтік жағдайы төмен колледж студенттеріне тегін киім-кешек таратуды ұсынды

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

ERNUR.KZ. Бүгін Құрылтай отырысында депутат, «Әділет» фракциясының мүшесі Дидарбек Ділдәбек жастар неге дроппер болады және олар неге ерте жастан есірткі қылмысы үшін сотталып жатыр деген мәселелердің тамырын басып көрді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Депутат бұл қылмыстардың салдарымен күресуден гөрі себебін анықтайтын және сол себебімен күресетін жағдайға жетті дейді. Яғни, Ділдәбек көп жастар ақшадан таршылық көрген соң жеңіл ақша үшін, сонымен қатар, заңды білмегендіктен қылмысқа барып жатыр дегенді алға тартты.

Осы мәселеге назар аудару үшін ол бүгін Бас прокурор, Ішкі істер министрі, Ғылым және жоғары білім министрі, Оқу-ағарту министрі мен Қаржылық мониторинг агенттігіне депутаттық сауал жолдады.

Депутат сұмдық статистиканы жария етті

Бас прокуратура Құқықтық статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, былтыр Қазақстанда 2025 жылы 8 280 есірткі қылмысы тіркеліп, 4 684 адам сотталған. Олардың арасында 67 жасөспірім бар еді.

Ал 2026 жылдың тоғыз айында 7 464 есірткі қылмысы тіркеліп, 3 282 адам қылмыстық жауаптылыққа тартылып, 59 жасөспірім сотталған. Яғни, депутаттың айтуынша, биыл тоғыз айда сотталған кәмелетке толмағандардың саны өткен жылдың толық көрсеткішінің 88 пайызына жетті.

«Бұл деректер профилактикалық жұмысты күшейтіп, балалар мен жасөспірімдерді есірткінің заңсыз айналымына тартудан қорғау қажеттігін көрсетеді», - деді негізгі ойын жария еткен депутат.

Жастар неге дроппер болады

Жастарды заңсыз әрекеттерге тартудың тағы бір өзекті бағыты – дропперлік туралы айта келе депутат тағы да статистикаға жүгінді.

«Құқықтық статистика деректеріне сәйкес, 2026 жылғы маусымның басына қарай дропперлікке қатысты өндірісі аяқталған істерде күдікті ретінде өткен 214 адамның 159-ы – 18 бен 29 жас аралығындағы азаматтар. Оның ішінде 140 адам құқық бұзушылық жасалған кезде жұмыссыз болған. Бұл қылмыстың алдын алу шараларын жастарды жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдаумен қатар жүргізу қажеттігін көрсетеді», - деді Ділдәбек.

Осылайша, депутат бұл статистика мәселені тек қылмыстық қудалаумен шешу мүмкін емес екенін көрсетеді дейді. Яғни, қаржылық бақылау, қылмысқа қарсы іс-қимыл және жастарды әлеуметтік қолдау шаралары өзара үйлесуі тиіс.

Өйткені, жаңа оқу жылы бастала сала, қалаға енді студент болып келген жастарға сыйақы беремін деп қызықтырып, банк карточкасын аштырып, оны пайдалануға беруге көндіретіндер көбейген.

«Жеңіл табысқа сеніп, шотын «жалға берген» жастар оның заңсыз қаржы айналымына пайдаланылу қаупін және өз жауапкершілігін жете түсіне бермейді. Оқу орындарындағы профилактикалық жұмыста да олқылықтар бар. Бірінші курс студенттерімен түсіндіру жұмыстары, құқық қорғау органдарының тәрбие ісіне жауапты қызметкерлермен және психологтармен байланысы жүйелі жолға қойылмаған. Ақпаратты жастарға түсінікті тілде жеткізу тәсілдерін жаңарту қажет. Есірткі мессенджерлер мен QR-кодтар арқылы таралып жатқанда, граффити өшіріп қана бұл қылмыспен күресу аздық етеді», - деді депутат.

Осыған байланысты «Әділет» партиясының фракциясы мынадай шараларды ұсынған:

Біріншіден, оқу жылының алғашқы 15 күнінде бірінші курс студенттеріне есірткі қылмыстары мен банк шоттарын өзге адамдарға берудің қаупін түсіндіруді жүйелі ұйымдастыру қажет. Құқық қорғау органдарының оқу орындары қызметкерлерімен және психологтарымен тұрақты бірлескен жұмысын жолға қойып, профилактикаға қатысатын мамандарды жастармен жұмыс істеуге арнайы даярлау керек.

Екіншіден, жастардың банк карталары мен шоттарын заңсыз пайдаланудан қорғауды күшейту қажет. 14 пен 22 жас аралығындағы азаматтардың 50 мың теңгеден асатын тұлғааралық аударымдарына қосымша биометриялық растау енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Студенттерді шоттарын сыйақыға беруге тарту мен күмәнді операцияларды ерте анықтау үшін банктер, құқық қорғау органдары және оқу орындары арасында жедел ақпарат алмасуды жолға қойып, тиісті міндеттерін орындамаған банктердің жауапкершілігін қарастыру керек.

Үшіншіден, «Отбасының цифрлық картасы» арқылы әлеуметтік осал жастардың қажеттіліктерін анықтап, атаулы көмек көрсету қажет. Оның ішінде мұқтаж колледж студенттерін тегін тамақпен және киімге арналған ваучерлермен қамтуды, коммуналдық кәсіпорындар базасында еңбек заңнамасына сай күнделікті ақы төленетін қысқа мерзімді жұмыс орындарын ұйымдастыруды қарастыру маңызды.

Төртіншіден, құқық қорғау органдары мен қаржы, цифрландыру, еңбек және білім салаларының тұрақты ведомствоаралық үйлестіру тетігін күшейту қажет. Әр органның міндеті, ақпарат алмасу тәртібі, орындау мерзімі және ортақ нәтиже көрсеткіштері белгіленуге тиіс. Бұл тетік қылмыстық схемаларды анықтауды, заңсыз қаржы ағынын тоқтатуды және тәуекел тобындағы жастарға көмек көрсетуді өзара байланыстыруы керек.

«Жастарға заңды табыс табуға мүмкіндік беру және уақтылы әлеуметтік қолдау көрсету — оларды қылмыстық ортадан қорғаудың маңызды шарты. Осы ұсыныстар бойынша қабылданатын нақты шаралар, жауапты органдар және орындау мерзімдері туралы заңда белгіленген мерзімде жауап беруді сұраймыз», - деді Ділдәбек.

Естеріңізге сала кетейік, «Әділет» партиясының бағдарламасында «Заң мен тәртіп» негізгі басымдық ретінде белгіленген. Осы ұстаным аясында фракциямыз жастардың есірткі қылмыстарына тартылуының алдын алуға ерекше назар аударады. Алайда жастарды синтетикалық есірткі тасымалына және банк шоттары арқылы заңсыз қаржы айналымына тарту қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіріп отыр.