Инфляцияның баяулауы халықтың табысына қысымды төмендетеді

0
188

Инфляцияны бәсеңдетудегі негізгі үлесті азық-түлік тауары бағасының өсу қарқынының төмендеуі жалғастыруда.


Инфляцияның баяулауы халықтың табысына қысымды төмендетеді

ERNUR.KZ. Қазақстандағы инфляция жүйелі түрде бәсеңдеуін жалғастыруда. 2026 жылғы қыркүйекте жылдық инфляция тамызбен салыстырғанда 0,5 пайыздық тармаққа төмендеп, 9,3%-ға дейін баяулады. Бір айдағы бағаның өсуі 0,6%, деп хабарлайды ҚР Ұлттық экономика министрлігі.

Инфляцияны бәсеңдетудегі негізгі үлесті азық-түлік тауары бағасының өсу қарқынының төмендеуі жалғастыруда. Қыркүйекте азық-түлік тауары бағасы бір айлық мәнде 0,1%-ға төмендеді. Дефляция екінші ай қатарынан байқалады. Нәтижесінде жылдық азық-түлік инфляциясы 8,5%-ға дейін бәсеңдеді (тамыздағы 9,5%-дан).

Азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтер бойынша баға жағдайы тұрақты болып қалады. Азық-түлік емес инфляция жылдық мәнде 11%-ға дейін бәсеңдеді. Ақылы қызмет бағасының өсуі 8,9% деңгейінде сақталды.

Инфляциялық процестердің баяулауы аясында 2026 жылғы екінші тоқсанда халықтың нақты ақшалай табысы 0,7%-ға өсті. Инфляцияның одан әрі төмендеуі бағаның өсуінің халық табысына әсерін азайтады.

Инфляцияны тежеу – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған Үкімет жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Бағаны тұрақтандырумен қатар, Жоспарда еңбекақыны арттыру, оның ішінде ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен көтеру, жаңа әрі сапалы жұмыс орындарын ашу, еңбек өнімділігін арттыру, кәсіпкерлікті қолдау және қосылған құны жоғары салаларды дамыту шаралары қарастырылған.