СҚО-да сұйытылған газ талонмен сатылып жатыр

0
91

Солтүстік Қазақстан облысында сұйытылған газ жетіспеушілігі мәселесінің туындағанына бір аптадан асқан.


СҚО-да сұйытылған газ талонмен сатылып жатыр
Фото: Сауда комитеті
ERNUR.KZ. Кезінде арзан деп көлігіне газ қондырғысын қойдырғандар енді амалсыздан бензинмен жүруге мәжбүр, деп жазады kaz.inform.kz.

Тұрғындардың айтуынша, бұл жылда қайталанатын жағдай. Петропавлдағы кей газ құю станцияларында көгілдір отын жоқ, барында талонмен сатылып жатыр.

СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, өңірде сұйытылған газды сатумен 19 компания айналысады. Барлығы 122 газ құю станциясы болса, соның 41-і – Петропавлда, қалғандары аудандарда орналасқан.

“ Облысқа орта есеппен айына 6 мың тонна газ қажет. Ал қазанда тек оның шамамен 4 мың тоннасы ғана жеткізілді. Қараша айында 4896 тонна, желтоқсанда 5220 тонна әкелінбек. Қазіргі уақытта облыста газдың қоры – 917 тонна. Жолда 300 тонна келе жатыр “, - дейді басқарма басшысының орынбасары Қуандық Шақубаев.
Маманның айтуынша, 26 газ құю станциясында ғана сұйық отын талонмен сатылып жатыр.

“ Атырау мұнай өңдеу зауыты жоспарлы жөндеуге жабылды. Бұл уақытша, жағдай түзеледі. Жақында әкімдік ҚР Энергетика министрлігіне хат жолдап, қосымша 2 мың тонна сұйытылған газ бөлуді сұрады. Алайда, қосымша газ бөлінбей қалды “, - дейді Қуандық Шақубаев.
Бұл жағдай көпқабатты тұрғын үйлерде газ тұтынатын тұрғындарға әсер етпейтінін атап өткен жөн.