Жобаны «Зенченко и К» КС жүзеге асырып, оған 9 миллиард теңге инвестиция құюда.
ERNUR.KZ. СҚО-да 8 мың басқа арналған мегаферма ашылады, деп жазады baq.kz.
Жобаны «Зенченко и К» КС жүзеге асырып, оған 9 миллиард теңге инвестиция құюда. Іске қосылғаннан кейін бұл еліміз бен Орталық Азиядағы ең ірі сүт кешеніне айналады.
Жыл сайын 26 мың тонна сүт өндірілмек. Өңірде сүтті мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Биыл 11 жаңа ферма салынбақ, ал өткен жылы 17 сүт кешені іске қосылды. Қызыл ауданына жұмыс бабымен барған облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов кешеннің құрылысымен танысты.
Сондай-ақ, «Зенченко и К» алқабы мен Новоникольское ауылында Геннадий Зенченконың қолдауымен салынған көпфункционалды балалардың ойын және спорт алаңын қарады.
Оған қоса, өңір басшысы «Сервис Жарс» ЖШС-нің заманауи жаңбырлатып суару жүйесімен жабдықталған жоңышқа алқабындағы шөп шабу жұмыстарын бақылады. Шаруашылық жоңышқа өңдейтін зауыт салуды көздеп отыр.
Сонымен қатар, аудан диқандарымен кездесіп, көктемгі егіс жұмыстарын аяқтау мәселелері талқыланды.
Тағы бір маңызды жоба – өңір үшін көлік қатынасының маңызды дәлізі болып саналатын «Жезқазған–Петропавл» республикалық автожолының орташа жөндеуі. Жұмыстар жолдың әртүрлі учаскелерінде бірнеше мердігер ұйымдардың қатысуымен қатар жүргізілуде.
Екі жылда 135 км жол асфальтталды, биылға жоспар – 215 км. Жыл соңына дейін Покровка– Бескөл ауылдары және Сергеевкадан Ақмола облысының шекарасына дейінгі аралықта асфальт төсеу аяқталады.
Бұл – тұрғындарға ыңғайлы әрі қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ететін үлкен инфрақұрылымдық жобаның соңғы кезеңі болмақ, - деп атап өтті облыс әкімі.