Қазақстанда ЖИ мен дрондар энергия нысандарын тексеру уақытын қысқартуда

0
129

ҚР Энергетика министрлігі энергетика саласына жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу жұмыстарын кеңейтуде.


Қазақстанда ЖИ мен дрондар энергия нысандарын тексеру уақытын қысқартуда
ERNUR.KZ. Байланыссыз диагностика бойынша пилоттық жоба сәтті іске асырылды. Жоба шеңберінде дрондар мен жасанды интеллектіні қолдану арқылы электр беру желілерін ажыратпай-ақ бірнеше сағат ішінде 200-ден астам ЭБЖ тексерілді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Инновациялық шешімдерді жүйелі енгізу мақсатында Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетімен және Ұлттық экономика министрлігімен сүйемелдеу және электр энергетикасындағы практикалық кейстерді тираждау мәселелері бойынша кездесулер өткізілді.

Сонымен қатар жасанды интеллектке негізделген дефектоскопия технологиясы жетілдірілуде. Атап айтқанда, 110 кВ электр беру желілері үшін ақауларды жіктеу жүйелері әзірленіп, ультракүлгін камералар, лидарлар және жылу камераларын қолдану арқылы 35 кВ әуе желілеріне мониторинг кеңейтіледі.

Бұл жасырын ақауларды, қызып кетулерді, короналық разрядтарды және конструкциялық деформацияларды аса жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік беріп, электрмен жабдықтау сенімділігін едәуір арттырады. Электр беру желілерінің дефектоскопия жүйесі Отын-энергетика кешенін цифрлық трансформациялау картасына сәйкес EnergyTech ақпараттық жүйесі шеңберінде іске асырылады.

Цифрлық сервис бейне, фото, жылу камерасы және LiDAR деректерін талдау негізінде электр беру желілеріндегі ақауларды автоматты түрде анықтауға, анықталған ақауларды нақты техникалық орындарға байланыстыра отырып, нысандарды цифрлық паспортизациялауға, үйретілетін нейрондық желілерді пайдалану арқылы техникалық жағдайды талдауға (тану дәлдігі — 98%-ға дейін), жасанды интеллект модельдерін қайта үйретуге арналған эталондық деректер жинақтары бар визуалды ақпараттың салалық деректер орталығын қалыптастыруға, ақауларды техникалық қызмет көрсету және жөндеу (ТҚКЖ) жүйелеріне автоматты түрде бағыттау тетіктерін іске қосуға мүмкіндік береді.

Аталған жүйе электр энергиясын беру және тарату желілерінде проактивті диагностика жүргізуге, цифрлық техникалық қадағалауды қамтамасыз етуге және апаттылық деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.