15 жастан асқан жасөспірімдер үшін де бірқатар шектеу енгізіледі.
фото: Pixabay.com
ERNUR.KZ. Түркияда 2026 жылдың 1 қарашасынан бастап 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салатын шешім күшіне енеді. Тиісті ереже 10 қазанда республиканың «Resmî Gazete» ресми газетінде жарияланды.
Әлеуметтік платформалар пайдаланушылардың жасын «e-Devlet» мемлекеттік порталы арқылы тексеруге міндеттеледі. Белгіленген жасқа толмаған балалардың аккаунт ашуына жол берілмейді.
15 жастан асқан жасөспірімдер үшін де бірқатар шектеу енгізіледі. Олардың парақшалары жабық болуы тиіс, ал хабарламаларды тек өз жазылушыларынан ғана қабылдай алады. Сондай-ақ жасөспірімдерге тікелей эфир жүргізуге, дербес жарнамалар мен өзге де аккаунт ұсыныстарын алуға, телефон кітапшасы мен басқа да сервистердегі контактілерді синхрондауға тыйым салынады.
Әлеуметтік желілер ата-аналар мен қамқоршыларға арналған бақылау құралдарын ұсынуы тиіс. Ересектер балалар профилінің баптауларын басқара алады, платформаларды пайдалану уақытына шектеу қояды және ақылы операцияларды растап отырады.


